Сегіз жылда жеткен сенім

0

«Әрбір істің бір қайыры бар» дейді дана қазақ. Расында да шүкірлік пен қанағат қазақты  қай дәуірде де қазақ еткен. Ұлтымыз осысымен де ұлық. Көршіміз байыса қуанып, өзгеге келгенде өзіміздікін өңештен  өткізбейміз. Барымызбен бөлісіп, болған адамға болысамыз.

Сәуірдегі ауыс-түйістер осынау қасиетімізді тағы бір танытты. Жерлестеріміз жүгендеген жүйрікке жұрт жамыла сүйіншіледі. Себебі әрқайсысы атқа емес, таққа қонуға лайықты тұлғалар. Енді міне, мамырда да облыс әкімі Асқар Мырзахметов маңызды шешім шығарды. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына басқа-басқаны емес, салаға сегіз жыл еңбегі сіңген сақа маман  Дауыл Бейсенқұловты әкелді. Жасырып қайтейік, бүгінде ел  Президентінің баспасөз қызметін басқарып отырған Берік Құрманғали жұмысын  ауыстырғаннан кейін бұл былғары орынтаққа білгіштер мен балгерлер кімді әкеліп отырғызбады. Біреулер басшы бас шаһардан  келе жатыр десе, көрші тұрған өңірге де көз салғандар  болды. Одан бөлек, есімі ел ішінде ерекше еленіп, ескерілген  жамбылдық жігіттер де  аз айтылмады. Алайда таңдау Дауыл Ынтықбайұлына түсті.

Негізі бұл маманды облыста білмейтін адам кемде-кем. Еңбек жолын  1998 жылы  Жамбыл  аудандық көші-қон және демография бөлімінің жетекші маманы ретінде бастаған ол, араға жыл салып  аудан  әкімі аппаратының  ұйымдастыру бөлімінің бас маманы болады. Жас маманның жалыны жергілікті билікке жақса керек, бес ай өтпей  аудан  әкімі аппаратының  жалқы емес жалпы бөлімнің бас маманы болып тағайындалады.  Ал 2000 жылы  Дауыл Ынтықбайұлы саланың самалын өзгертіп,  бауы мен байлауы көп   аудан  әкімдігінің ішкі саясат бөліміне  бас маман болып келеді. Осында үш жыл аянбай еңбек еткен оны 2003 жылы аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің меңгеруші етіп қояды. Одан әрі 2005 жылдың қаңтарында ол аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы болып, мемлекеттік қызметтегі сатылап өсу үдерісінің  үлгісін көрсетеді.

Облысқа Дауыл Бейсенқұлов 2011 жылы ат басын бұрды. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасын сол тұста басқарып тұрған Рахия Тұрмаханбетова ауданнан келген  кадрға көп сенім артса керек, бірден орынбасары ету туралы шешім шығарған. Міне, осы кезден бастап Дауыл Ынтықбайұлы  өңірдің ішкі саясатының  отымен  кіріп, күлімен шығуда. Сегіз жылда сенімге кірген кадр Рахия Сейбекқызынан бөлек, Ғалия Боранбаева және Берік Уәлимен де қоян-қолтық араласып жұмыс жасай білді. Басшылардың бірі келіп, бірі кеткенімен, Бейсенқұлов бәрін байыппен бағамдады. Әрбір істің қайырына қарады. Енді міне, ел тарихындағы ең айтулы оқиға  сайлау науқанының нар жүгі оның иығына артылып отыр. Бұл кезеңде де Дауыл Бейсенқұлов дес бермейді деп сенеміз. Себебі өңірдің  ішкі саясатындағы сегіз жылында артынан сөз де, алабөтен көз де ерген емес. Әйтеуір, Дауыл келгелі дау шығыпты дегенді естімеппіз.

Жалпы негізі мұндай мамандар мүмкіндікті мүлт жібермей, сенім жүгін жауырымен көтеретіні даусыз. Себебі сегіз жыл бір саланың жілігін шағып, майын ішу іштей өз-өзін басшылық қызметке дайындау деген сөз. Өмірінің он жылын табан ауыстырмай бір орында өткізіп  келе жатқан  мұндай орынбасарлар  басқармалар мен қала, аудан әкімдіктерінде оннан асып, жиырмаға жуықтап  жығылады. Әрине, «байдың асын байқұс қызғаныпты»  демеңіз.  Білікті кардрлар мемлекеттік қызметке ауадай қажет. Тек  бір айтпағымыз, «зам» емес «сам» болуды ойлап    жүрген жандардың жолын ашып жатқан  Асқар Исабекұлының  шешімі  сөзсіз сансыз сүзгіден өткізілген  сарабдал саясаттың көрінісі.

Мүмкіндік берген екен, енді сенімге селкеу түсірмеу өз қолдарыңызда. Ең бастысы арттарыңыздан   арыз емес, «аңыз»  ерсе    болғаны.

 

 

 

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.