ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

0

Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр Ұлы Дала, қасиетті қарашаңырақ – Қазақстан мемлекеті, мәртебелі Мәңгілік ел сақтан тақ, түркіден бақ, бабадан аманат болып жеткен ортақ Отанымыз, өмірімізден қымбат қазына. Бойтұмарға айналған байтақ даланың бір уыс топырағы үшін есте жоқ ескі заманадан бері күні бүгінге дейін қаншама ел перзенті жан беріп, жан алысты. Қасық қаны сарқылғанша ерлік жасап, теңіздей терін төгіп еңбек етті. Сол тектілік пен төзімнің, талап пен тегеурінді тіршілік сарынының арқасында бүгінгі бірлігі бекем, болашағы баянды, берекесі мол тәуелсіз еліміз тұғырға ту тігіп, әлемге танылды. Ендігі міндет – мінсіз еңбек етіп, маңдайымызға алтын әріппен жазылған мемлекетіміздің мерейін тасытып, абыройын асқақтату. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кемел келешекке көш бастап, керуен түзеген қазақстандықтарға арнаған кезекті Жолдауында Алаштың алғыр ұрпағын алға жетелейтін ауқымды міндеттерді межелеп, алты тезистен тұратын тапсырмалар берді. Біз сол Жолдауда айтылған нақты тапсырмалар мен міндеттердің негізгі басымдықтарын аса қадірлі оқырманмен бөлісіп отырмыз.

Мемлекет басшысы алдымен ел егемендігінің еншісіндегі ең ауқымды жетістіктерді, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолындағы конституциялық және саяси реформаларды айтып өтті. Өз сөзінде Елбасы мемлекетіміздің ТМД және Орталық Азия елдері арасында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған бірінші мемлекет болғанын, биыл 20 жыл толып отырған Астананы және бүгінде елімізде халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жеткендігін зор мақтанышпен тілге тиек етті. Елбасы атап өткендей, соңғы жиырма жылда елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылып, Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингісінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36 орынға көтерілген. Сыртқы сын-қатерлерді сақтықпен саралап, озық отыз елдің қатарынан орын алу басты мақсатымызға айналды. Осы бағытта жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар да нәтижесімен көңіл қуантуда.

І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ

Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы халық табысының өсіміне ерекше басымдық беріп отыр.
«Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын.
Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды.
Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі.
Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек.
Осыған орай, енді, ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады.
Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін.
Екіншіден, бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы көптің көкейіндегі мәселелерді дөп басты

Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі», деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Осы тарауда Елбасы 2010 жылы іске қосылған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту керектігін тапсырды. Және ол үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді міндеттеді. 3 жылда бұл іс 22 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік беретінін жеткізді Ұлт Көшбасшысы. Осы тезисте экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатында батыл шаралар қабылдануы тиіс екенін де басып айтты. Монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалау үшін Үкіметке 3 ай уақыт межеледі. Сондай-ақ, бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыру мақсатында 2019 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырды. Және өз сөзінде «Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс», деген Елбасы Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экс­портты қолдау мақсатымен алдағы 3 жыл­да қосымша 500 миллиард теңге бөлуді және басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді шегелеп тапсырды. Жолдауда асыраушы салаға да айтарлықтай назар аударылған.
«Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту.
Мемлекеттік қолдаудың барлық шара­ларын елімізге заманауи агротех­но­ло­гия­ларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет.
Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек.
Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн.
Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын», деді Елбасы бұл жөнінде. Ал инновациялық және сервистік секторларды дамытуда Үкіметке Назарбаев Университетімен бірлесіп, нақты жобаларды анықтай отырып, әрбір бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзірлеуді жүктеді. Және «Нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет», деп сөзін нақтылады. Осыдан кейін Елбасы сала-сала бойынша салмақты міндеттемелер жүктеді. Оның нақты айтылғандарына ғана Елбасының өз сөзімен тоқталсақ.

II. ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

«Үкімет әлеуметтік секторға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарауға тиіс».
«5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұм­са­латын қаражатты ішкі жалпы өнім­нің 10 пайызына дейін жеткізу қажет. Қаржы­лан­ды­ру­ды халыққа қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керек».
«Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек».
«Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда.
Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет.
Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керек».
« Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн».
«Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс».
«Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақ­шаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын.
Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын».
«Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын.
Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс».
«Жоғары білім беру ісінде оқу орын­дары­ның маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі».
«Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет. Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды.
Қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын».
«Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын».
«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс».
«Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек».
«Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет.
Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын.
Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет».
«Бүгінде халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ.
Үкіметке шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтіруді тапсырамын.
Келесі жылдан бастап Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастауға тиіс».
«Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс».

III. ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ

«Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын».
«Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет».
«Өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытқан жөн.
Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемі артты: жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейін, ауылдық жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді.
Әкімдер осы қаражаттың есебінен өңірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыруы керек.
Үкімет бұл міндетті жүйелі қолға алып, қосымша инфрақұрылымдық мәселелер тізімін жасап, жобаларды бағалап, оларды қаржыландыру көздерін іздеп табуы қажет.
Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысын елді мекендерді дамыту жоспарларымен ұштастыру қажет, сондай-ақ, бұл секторға жеке инвесторларды тарту үшін жағдай жасаған жөн.
Сонымен қатар, «инфрақұрылым адамдарға» моделінен «адамдар инфрақұрылымға» моделіне бірте-бірте көшу қажет».
«Экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердің, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет».
«Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс».
2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырамын.
Практикалық шараларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шараларды, жобаларды және қаржыландыру көлемін көрсете отырып, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын».
«Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет».
«Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын.
Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастауға тиіс».
«Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет.
Үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған жөн».
«Полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек».
«Халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн.
Полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет.
Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек.
Қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет.
Қазақстанның бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау керек.
Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс».
Сонымен қатар, құқық үстемдігі – біздің реформаларымыздың табысты болуының негізгі факторы.
«Сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастырған жөн».
«Сот жүйесінің сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етіп, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек».
«Әсіресе, бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесі керек, сондай-ақ, судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажет».
IV. АЗАМАТТАР СҰРАНЫСЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ

««Сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс.
Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс».
«Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қызметтерге тағайындау кезінде арнайы қайта даярлаудан өткізетін курстар әзірлеу қажет».
«Еңбекке төленетін қаржының өсімі бюджет шығысын, соның ішінде бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу есебінен өтелуін бақылауда ұстауды тапсырамын.
Бұл жерде аталған жобаның беделін түсірмес үшін формализм мен теңгермешілікке жол бермеу қажет».
«Осы күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керек».
«Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады».
«Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын».
«Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемле­кет­тік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс.
Сол үшін Мемлекеттік көрсетілетін қыз­мет­тер туралы заңды жедел жаңарту керек.
«Үкімет пен барлық мемлекеттік орган­дардың жұмысында формализм мен бюро­кра­тияны азайту қажет».
«Қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін реформалардың жүргізілуіне бақылау механизмдерін күшейту қажет.
Үкімет пен мемлекеттік органдар жыл соңына дейін дамудың аталған барлық мәселелерін қамти отырып, нақты индика­тор­лар мен «жол карталарын» әзірлеуге тиіс, сондай-ақ, реформаларды іске қосу үшін қажетті заң жобаларының бәрін Парламентке уақытылы енгізуі керек.
Өз кезегінде, Парламент оларды сапалы әрі жедел қарастырып, қабылдауға тиіс.
Реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құруды тапсырамын».

V. ТИІМДІ СЫРТҚЫ САЯСАТ

«Қазақстанның табысты жаңғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясатты одан әрі жүзеге асыру қажет».

VІ. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ҮДЕРІСТЕРІНЕ АТСАЛЫСУЫ

«Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс».
««Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді.
Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет».
«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс.
Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек.
Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын».
««Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек».

Leave A Reply

Your email address will not be published.