Татулық пен келісімнің киелі бесігі

0

Маржан Қожаева,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі

Еліміз егемендігін жариялап, тәуелсіздігіміз салтанат құрғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай Көшбасшысы бар халқымыз еңсесін көтеріп, болашаққа үлкен сеніммен қарады. Жанданған жаңа жобалар мен қабылданған заңдар өз жемісін беріп, татулығымыздың тұтқасы – Қазақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келді. Мұндай институт әлемнің ешбір мемлекетінің даму үдерісінде болған емес. Біржақты экономикалық бағыт ұстанып, тарихтың ұрымтал сәттеріндегі сын мен қатерлерге төтеп бере алмай жатқан елдердегі дағдарыс біздің даналықты қазық еткен дара дамуымызды айналып өткенін көзіміз көріп отыр.

Бұл қалай мүмкін болды? Тарих теперішімен Қазақстан азаматына айналған өзге ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бір отбасының мүшелеріндей ортақ мүддеге жұмылу арқылы сындарлы сәттен сүрінбей өтті. Олардың өз тілдері мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын дәріптеуге ешқандай кедергі болған жоқ. Керісінше, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, гранттар бөлу арқылы ұлтаралық татулықты насихаттайтын ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Осының барлығы – Елбасы саясатының көшбастар көрегендігі еді.
Ассамблея бүгінде бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағына айналды. Татулықты ту еткен халқымызды бір шаңырақ астына біріктіріп, ортақ мақсаттарымызға жол бастады. Өз тарихында Ассамблея консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. Ел Президентінің басшылығымен мемлекет өміріндегі өзекті мәселелерді талқылап, ел мүддесі үшін келелі шешімдер қабылдайтын «бірлік күшіне» айналды. Өзінің құрылған кезеңінен бастап, ел мұратына жетелейтін жалпыұлттық құжаттарды өмірге әкелетін «халықтық парламент» рөлін атқарып келеді. Қазақстанның ортақ құндылықтарын біріктірген «Ел бірлігі» доктринасы, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісінің Ассамблеяның сессияларында қабылдануы да үлкен маңызға ие.
«Ел бірлігі» доктринасы халық бірлігін нығайтуға, демократияны, мә­де­ниет пен өркениетті дамытуға бағыт­талған әлеуметтік-экономикалық, саяси шаралардың біртұтас жүйесін жасаудың негізі болды. Ал, «Мәңгілік Ел» актісі біз үшін ең қымбат құндылықтар – отбасымыздың амандығы, қонақ­­жай­лы­лық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдарын – тәуелсіз елдің жеті тұғырын біріктірді.
Елбасы бастамасымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланып, барлық өңірде оның төл туы көтерілді және осы тудың аясында халықтар достығын нығайтуға бағытталған ауқымды шаралар іске асырылды.
Бүгінде облыс халқының этникалық құрамын негізінен үлкен 12 этнос құрайды. Олар – қазақтар, орыстар, дүнгендер, түріктер, өзбектер, күрділер, әзірбайжандар, қырғыздар, кәрістер, татарлар, немістер, украиндар.
Еліміз егемендік алғаннан кейін облысымызда этносаралық қарым-қатынасты нығайту жұмыстары 1992 жылдан бастау алды. Сол жылдары облыста 9, атап айтқанда грек, өзбек, түрік, шешен-ингуш, кәріс, ұйғыр, неміс, украин және орыс этномәдени бірлестіктерінің өкілдіктері жұмыс атқарса, бүгінгі таңда өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңырағының астына 26 этномәдени бірлестіктер енді. Этномәдени бірлестіктер ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтау және насихаттаумен шектелмей, қоғамдық-саяси маңызы бар жұмыстарда қозғаушы күшке айналды. Аналар кеңесі, медиаторлар, қоғамдық келісім кеңестері, «ақжелкендіктер» қоғамымызға пайдалы істердің басы-қасынан табылып жүр.
Достық үйі – облыстағы этнос өкілдерін бір отбасына біріктірген киелі шаңырақ. Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдық тойы қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында жаңа Достық үйі пайдалануға берілгені белгілі. Сәулетіне дәулеті сай ғимаратты салуға мемлекет қазынасынан 1 миллиард 277 миллион теңге жұмсалды.
Жаңа ғимараттың салынуымен Ассамблея қызметін ұйытып отырған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай жабдықталды. 240 орындық мәжіліс залы, жүзбе-жүз отырып пікірлесуге арналған дөңгелек үстел алаңы, 100 адамға арналған конференц зал, ғылыми-әдістемелік бөлмелер, хореографиялық, этномәдени бірлестіктердің, медиаторлар кабинеттері Ассамблея құрылымдарының ортақ шаңырақ астында жұмыс жасауына жағдай туғызды.
Бүгінде облыс Ассамблеясының құрамында 175 қоғамдық келісім кеңестері, 27 аналар кеңесі, 12 медиация кабинеті, 12 ақсақалдар кеңесі, Ассамблея кафедрасы, ғылыми-сараптамалық топ, қолөнер шеберлерінің клубы, «Ақ желкен» жастар бірлестігі бар. Бұл құрылымдық ұйымдар Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне сәйкес өз бағыттарына қарай жемісті жұмыс жүргізуде. Этномәдени бірлестіктердің қатысуымен қоғамдық тұрақтылықты, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, этносара­лық келісімді нығайту жөніндегі мем­ле­кеттік саясатты ілгерілету және этнос­тар­дың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамыту мақсатында ауқымды істер атқарылып келеді.
Ассамблеяның ХХІV cессиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып, жаңа міндеттер белгілеген болатын. Солардың бірі – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының табысты іске асырылуы. Өткен жылдың өзінде төртінші бағыттың 85-қадамына сәйкес «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық актісін ілгерілетуге арналған 49 іс-шарамен облыстың барлық аудандарында мақсатты аудиториялар қамтылды. «Қазақстан – Ұлы Дала елі» фотокөрмесі, «Мәңгілік ел – Жасыл ел» жастардың сен­білік­тері, «Ел бірлігі – ынтымақта» тақыры­бы­мен өткен ғылыми-тәжірибелік кон­фе­рен­ция, «Азаматтық бірегейлік пен жаңа қазақстандық патриотизмді ілгері­летудегі интернет-ресурстардың мүмкін­діктері» атты семинар-практикум, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық диктанты қоғам тарапынан ерекше қолдау тапты.
Ұлт жоспарының 86-қадамы бойын­ша іске асырылған «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасы аясында облыс Ассамблеясы 110-нан астам іс-шара өткізді. Шалғай орналасқан және этностар тығыз тұратын елді мекендерде ұйымдастырылған іс-шараларға 55 мыңнан астам халық қамтылды.
Төртінші бағыттың 87-қадамына сәйкес «Менің Елім» ұлттық жобасы бойынша облыс Ассамблеясы жанындағы «Ақ желкен» жастар лигасы тарихи-мәдени орындарға бейнетурларға ұйытқы болды. Жазғы сауықтыру лагерлерінде толеранттылық сабақтары өткізіліп, «Өз өлкеңді таны» атты туристік сапарлар ұйымдастырылды. Бұл патриоттық шараларға 500-ден астам мектеп жасындағы балалар тартылды.
Елбасы ағымдағы жылдың 26 сәуі­рін­де өткен Қазақстан халқы Ас­сам­блея­сының ХХV сессиясында қайырым­дылықты дамыту, «дау-жанжалдардың профилактикасы мен оларды шешу бойынша медиаторлар желісін дамытуды жалғастыру», «қоғамдық келісім кеңестерінің діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жасауы бойынша 2017-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын дайындау» туралы тапсырма бергені белгілі.
Осыған орай «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында өткізілетін «От сердца к сердцу», «Добровольный донор», «Подари детям улыбку», «Мир глазами детей» сияқты шаралардан қайырымды жандар тыс қалмай, өткен жылы 13 миллион 350 мың теңге көлемінде аз қамтылған отбасыларына көмек көрсетілсе, биыл өңірлік Ассамблеяның ұйытқы болуымен 2000-нан астам отбасына және 6800 балаға 62 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмектер жасалды.
Қоғамдық келісім кеңестерінің діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жасауы бойынша облыстық Ассамблея тарапынан бүгінгі күнге 24 ірі іс-шара өткізілді. Былтыр тұрмыстық, әлеуметтік, отбасылық мәселелерге қатысты түскен 246 даулы өтініштердің 181-і медиаторлардың араласуымен бітімгершілікпен реттелсе, үстіміздегі жылы 570 азаматтық өтініш тіркеліп, облыстық Ассамблея медиаторлары, негізінен, еңбек, азаматтық және отбасылық 515 жанжал мен даудың алдын алды.
Мемлекеттік саясатты ілгерілетуге және жаңа реформаларды халыққа дұрыс жеткізуге арналған ақпараттық науқандарда облыстық Ассамблея мүшелері мен құрылымдары халық арасынан табылып, жүзден астам кездесулерге ұйытқы болды.
Соңғы екі жылда 4 республикалық конференция, семинар, ағымдағы жылдың ақпан айында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен республикалық қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген мәжілісі болып өтті.
Облыстық Ассамблеяның мүшелері мен құрылымдарының жетістіктері де мол. Өткен жылы Ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі Гульгина Гизатуллинаның ғылыми жұмысы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының арнайы сыйлығына ие болды. Ал, ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін жоғары оқу орындарында оқыту жобасына өткізілген байқауға облыстан ұсынылған 17 әдістемелік құралдардың ішінен 6 оқыту әдістемесі жоғары оқу орындарында қолдануға ұсынылды. «Ұлы дала тарихы» этноэкспедициясы әзірлеген бейнематериалдардың таныстырылымы Астана қаласында үздік болып бағаланды. Этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары, атап айтқанда «Гунча» ұйғырлар бишілер тобы, «Юнчи» дүнген этномәдени бірлестігінің домбырашылар үштігі, «Маречка» украин вокалдық тобы республикалық сахналарда көрермендердің ілтипатына ие болып жүр.
Елордамыз Астана қаласында өткізілген халықаралық мамандан­ды­рылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне Жамбыл жерінің жалынды сәлемін арқалаған «Көне Тараздан – Асқақ Астанаға» этнографиялық керуенінің құрамында мерейлі Меркі жеріндегі ежелгі «Меркі қамалы» мен «Меркі керуен сарайында» Ассамблея мүшелері үлкен ауызбіршілік білдіре отырып, облысты мекендейтін этностардың ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениеті көрініс табатын сый-кәделерін тарту етті.
Ұлт Көшбасшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында еліміз бәсекеге қабілетті әрі жауапкершілігі жоғары «Біртұтас Ұлт» болу үшін кезекті қадамдарымыздың жаңа бағыттарын белгіледі. Ұлттық сана туралы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген ойлары ұлтымызға жат нәрсеге еліктемей, айналаңа жалтақтамай, қанымызға сіңген болмысымызбен алға қарай ширақ қимылдаудың кезі келгенін меңзегендей. «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген сөздері өз халқының болашағы үшін алаңдаған, көрегендігін әлем мойындаған нағыз Көшбасшының бейнесін тағы да айқындай түсті. «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» туралы ойын іске асырудың маңыздылығын көкірегі ояу әрбір азамат жете түсінген болар. Туған жер, ұлт, мәдениет пен салт-дәстүр сынды құндылықтарды жаңғырта отырып, азаматтардың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігін арттырудың, әлемге мәдениетті ұлт ретінде танылудың жолы ұсынылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасына облыстық Ассамблея тарапынан 2 әлеуметтік жоба ұсынылды. Оның біріншісі – «Ұлы дала қазыналары», екіншісі – «Жамбыл облысындағы этностардың мәдениеті мен дәстүр­ле­рі­не арналған энциклопедия жина­ғын шығару және интерактивті карта әзірлеу». Жобаларды 2018-2022 жылдар аралығында жүзеге асыру көзделуде, олардың қорытындысы бойынша 800 дана энциклопедия шығару, деректі фильм түсіру, қылқалам және қолөнер шеберлерінің сирек материалдарын жарыққа шығару жоспарлануда. Сонымен қатар, «Қазақстанның қа­сиет­ті рухани құндылықтары» жоба­сын іске асыру мақсатында «Өз өл­кеңді таны» экспедициясы ұйым­дас­тырылды. Аталмыш экспе­ди­ция 400-ден астам түрлі этнос жастары арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін дәріптеуге бағытталды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық Ассамблея Қазақстан­ның, өңірдің дамуын, қоғам­дағы келісім, қазақстандық пат­рио­тизмді, Отанға деген сүйіспеншілікті, еңбек адамын суреттейтін 4 әлеуметтік бейнеролик әзірледі.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына кандидаттарды іріктеу облыстық Ассамблеяның тікелей атсалысуымен жүргізілді. Ұсынылған 253 кандидаттың құжаттарын жұмыс тобы қарастырып, 78 үміткер­дің есімдері республикалық комис­сия­ның қарауына жолданды. Сонымен қатар, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы «100esim.el.kz» порталы арқылы да жанданғанын айту керек. Алдыңғылардың қатарында жерлес­те­рі­міздің де есімдері аталып жатқаны қуантады.
Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйегінде облысқа жасаған сапары барысында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы орналасқан Достық үйінің жаңа ғимаратын аралап көріп, облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен әңгімелескен болатын.
Ассамблея төрағасы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, атап айтқанда жақын көрші мемлекеттермен тиімді ынтымақтасудың маңыздылығына, ақпараттық-цифрлық заманда бәсекеге қабілетті болу қажеттігіне, латын әліпбиіне көшу арқылы бірігу, бірегейлену үдерісінің мәніне назар аударған болатын.
Облыстық Аналар кеңесінің бастамасымен қазіргі уақытта жастардың, жас отбасылары мәселелерін (қалыңмал беру, қыздар арасында ерте тұрмыс құру, туыстар арасында некелесу, т.б.) реттеу бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастама өзбек, дүнген, ұйғыр, күрді этностары тарапынан қолдау таба бастады.
Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет». Халқымыздың терең тарихы мен тағдыры бірлік пен тұтастық идеясымен тығыз байланысты. Ғасырлардың талай асуынан өтіп, әлем төрінде егеменді елдің тігілген туы – халқымыздың бірлік туы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.