«Достық үйінің» қазығы қалай қағылды?

0

Дана қазақта «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ұлағатты сөз бар. Расында жаны жомарт, пейілі дархан халқымыз ынтымақтың ырысқа бастайтынын, бірлік барда биік белестерді бағындыруға болатынын пайымды пікірімен ғана емес, лайықты ісімен де дәлелдеп кеткен. Міне, бабалар салған толеранттықтың тура жолын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан салиқалы саясатымен жалғады.

Мемлекет басшысы ұзақ мерзімді даму Стратегиясында, жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында, өзінің авторлық еңбектерінде, өзге де құнды құжаттарында әркез ұлтаралық татулық пен рухани келісім мәселесіне баса назар аударып келеді. Президент 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз қазақ халқына, біздің мәдениетіміз бен тілімізге қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірдік. Этностық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық. Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін туған шаңырағына айналды. Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған. Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениеттер үндесуінің бірегей еуразиялық үлгісі болды. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығына айналды» деп атап көрсетуі бірлік пен біртұтастықтың баға жетпес байлық екенін тағы бір мәрте аңғартқандай.
«Өткен күнде белгі бар» демекші, Елбасы саясаты төңірегінде облысымызда этномәдени орталықтардың қалыптасуы, «Достық үйінің» ашылуы, Мемлекет басшысының ұлттар мен ұлыстар өкілдерімен өткізген жылы жүзді жүздесулері туралы естеліктермен бөліскенді жөн көріп отырмын.
1989-1990 жылдары Жамбыл жерінде құрамы аз адамнан тұрса да, этномәдени бірлестіктер дүниеге келе бастаған еді. Алғашқылардың қатарында грузин, кәріс, орыс, дүнген сынды ұлттардан тұратын орталықтар құрылып, жұмысын бастады. Ал, 1995 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы ұлттар мен ұлыстардың ұйыса түсуіне, этномәдени бірлестіктердің тынысын кеңейтуге ә дегеннен тың серпін берді. Сол жылы Ассамблеяның облыстық хатшылығының жұмысын жүйелеу маған сеніп тапсырылды. Жаңа қызметке кіріскен сәттен қазақ мәдени орталығын құру бастамасын көтердім. Жасыратыны жоқ, сол тұста бұл қадамға қарсы шығып, «Қазақстан Республикасында тұрып жатып, мұндай бірлестік құрудың қажеті қанша?» деген пікірлер аз айтылмады. Алайда, мен қазақ мәдени орталығын құру арқылы, әр жерде тарыдай шашылып жүрген барлық бірлестіктердің басын бір ортаға тоғыстыруға болатындығына сендім. Сөйтіп, облыстың сол кездегі әкімі Амалбек Тшановтың қолдауымен, қазақ деген сөзді қоспасақ та, «Әулиеата» ұлттық мәдени орталығын құрдық. Жаңа орталыққа 21 этномәдени бірлестік бірігіп, қатарымыз толыға түсті. Бірақ, санымыз артқан сайын бас қосатын орын таппай, іс-шараларымызды оқу орындарында, әртүрлі ғимарттарда қысыла-қымтырыла өткізіп жүрдік. Содан бір күні облыс әкімдігінен қазіргі «Руханият» орталығына этномәдени бірлестіктерді орналастыру туралы ұсыныс түсті. Ол кезде бұрын «Неке сарайы» болып, кейін қараусыз қалған ғимараттың тоз-тозы шығып тұрған болатын. Соған қарамастан жөндеу жұмыстарын дереу қолға алып, әр этномәдени бірлестікке бір-бір бөлмеден бөліп беріп, жұмыла жұмыс жасай бастадық.
Ал, облысты Бөрібай Жексембин басқарып тұрған тұста, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өңірге жұмыс сапары аясында «Достық үйіне» арнайы ат басын бұратындығы туралы хабар берілді. Шындығын айтсам, ол кезде «Достық үйінің» ғимараты әлі толық жөнделіп бітпеген еді. Десе де, күн-түн демей Президентті қарсы алуға үлкен дайындық жүргіздік. Әр ұлттың өкілдерін өз салт-дәстүріне қарай киіндіріп, ғимараттың алдына шоғырландырдық. Сондай-ақ, бірлестіктердің бөлмелерін әдет-ғұрыптарына сай безендіріп, ұлттық тағамдарын дастарқанға қойдық. Ұлт Көшбасшысының кілемге өрілген портретін төрге ілгіздік. Міне, осы туынды Елбасына ерекше әсер сыйлады. Мемлекет басшысының өзімен бірге ертіп келген лауазымды тұлғаларға суретті көрсетіп, бір марқайып қалғаны әлі есімізде. Ал, татар этномәдени бірлестігінің жұмысымен танысу барысында Елбасы сол тілде ән айтып, би билеп, көпті таңғалдырды. Сонымен қатар, Президент барша жұртшылық­пен емен-жарқын әңгімелесіп, пайымды пікірлерімен бөлісті. Қалың көпшіліктің ойларын тыңдады. Жұмыс сапары барысында Елбасы «Достық үйінің» жұмысына жоғары бағасын да берген еді.
Негізі, өңірдегі «Достық үйі» еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып ашылды. Мұндай нысан біздің алдымызда Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында жұмысын бастаған болатын. Бұл бастаманы өзімізде көтермес бұрын аталмыш өңірге арнайы барып, тәжірибе алмасып қайтқанымыз бар. Содан кемшін тұстарды толықтырып, өзгелерге ұқсамайтын орталық жасауға тырыстық. Елбасының Тараздағы «Достық үйіне» арнайы ат басын бұрғанынан кейін өзге облыстарда да осындай нысандар ашыла бастады.
Өз басым жалпы еңбек өтілімнің 12 жылын Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына арнадым. Осы жылдар ішінде татулық, теңдік, бірлік деген ұғымдар қаныма сіңіп, болмысыма біте қайнасты. Ел дамуы жолындағы еселі еңбегіміз елеусіз қалған жоқ. ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, өзге де наградалармен марапатталдым. Қазір де қоғамдық жұмыстан қол үзбей, мемлекет мерейінің үстем болуына, ағайын арасындағы ауызбіршіліктің артуына аянбай атсалысып келемін.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздік туралы толғаныстарының бірінде «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деген болатын. Сондай-ақ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да ұлттық код, сананың жаңғыруы, рухани құндылықтар жайлы көп айтты. Сындарлы жылдардағы сынақтардан сүрінбей, дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің алар асуы, бағындырар белесі мол болғай!

Күләш ӘБДІКЕШОВА,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.