«Әке аманатына адалдық танытып келемін»

0

Қазақстан – құшағы ыстық, құлашы кең,татулықты ту еткен байтақ өлке. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың егеменді елімізде ырыс пен ынтымақта өмір сүріп келе жатқаны бұл сөзіміздің анық айғағы. «Түрі басқа болса да, тілегі бір, тілі басқа болса да, жүрегі бір» деп білген қазекең қай дәуірде де өзгені өзекке теппеген, жатты жақыным деп білген. Бірлігіміз бен ауызбіршілігіміздің мызғымай тұрғаны бұл әрине, ең бірінші Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегенділігі мен сарабдал саясатының арқасы.
Облысымыздың өзінде бүгінде 30-ға жуық этномәдени бірлестіктер бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олардың басын бір арнаға тоғыстырып, ұлт пен ұлысқа бөлмей ұйыстырып отырған ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Осы орайда, татулықты ту еткен өзбек этномәдени бірлестігінің көшбасшысы, облыстық мәс­ли­хаттың депутаты, облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаровпен кездесіп, кейіпкеріміздің өмір жолы, медицина саласында болып жатқан түрлі жаңалықтар және өңірдегі ұлттар достығы төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

– Гулам Мұхтарұлы, еңбек өті­ліңіз бен өмір жолыңызға көз жүгірт­сек, медицина саласында тынбай жұмыс жасап келеді екенсіз. Ай­ты­ңыз­шы, не себепті осы ауыр да жауап­кершілігі мол саланы таң­да­ды­ңыз?
– Біздің отбасыны дәрігерлер ди­нас­тиясы десе болады. Әкем Мұхтар Умаров Жамбыл облысына таны­мал хирург болған. Ұл-қыздарым жолымды қуса деген арманмен мені 9-сыныпты бітіргеннен кейін же­дел жәрдем қызмет көрсету ме­ке­ме­сіне санитар маман ретінде жұмыс­қа тұрғызды. Осы жерде екі жыл жүріп, медицинаның ал­ғаш­қы әліппесін таныдым. 1992 жы­лы мектепті бітіргеннен соң Ақмола облысындағы Целиноград меди­ци­на­лық академиясына оқуға түс­тім. Аталмыш білім ордасын үздік тәмам­дап, 1998 жылы интернатураны Тараз қа­ла­сындағы қазіргі №1 ауру­ханадан өттім. Осы жылдары қо­сым­ша бір­неше емханаларда жә­не же­ке­мен­шік ауру­ханаларда да еңбек етіп, білік­­тілігімді шыңдай түстім. Уақыт өте 2004 жылы жолдас­та­рым­ның кеңесі бойынша «Ақ көгершін» қоғамдық бірлестігін құрдым. Шынымды айтайын, осы бірлестіктің жұмысымен жүріп тұңғыш рет Жамбыл облысындағы бүкіл ауылдарды аралап, шалғайдағы халықтың тыныс-тіршілігімен таныс­тым. Бір сөзбен айтқанда, бұқараның сол кездегі күйін көрдім. Және елді­ме­кендердегі жастардың жайын жіті ба­қылып, оларға қолұшын берейін деген ниетте жастар саясатына да ара­ласа бастадым. Белсенділігімнің арқасында көзге түсіп, Президент жа­нындағы жаңадан құрылған жас­тар кеңесіне облыс атынан мүшелікке сайландым. Және Тараз қалалық мәслихатына депутат болдым. Жалындаған жастық жігер­мен биік мінберлерде сөз сөйлеп, Жастар саясаты туралы заң жобасының қабылдануына өзіндік үнімді қостым. Осындай еңбегім ескеріліп, Тараз қалалық мәслихаты депуттаттығының екінші шақырылымына қалдым. 2009 жылы Тараз қалалық №2 аурухананың бас дәрігерінің орынбасары сынды қызметтерді атқара жүріп, облыстық мәслихаттың депутаттығына өттім. Өткен жылы облыстық қан орталығының директоры қызметіне тағайындалдым. Қазір әке арманын орындадым деп ойлаймын. Себебі, өзім бір мекеменің директоры болсам, әпкем педиатр, кіші қарындасым құлақ пен мұрын ауруларының дәрігері. Ағам қаржыгер болғанымен, оның жұбайы да медицина салысының маманы. Енді кейінгі буын немере іні-қарындастарымыз да медицина саласына бет бұрып, жоғары оқу орындарында білім алуда. Әке аманатына адалдық деген осы болар.
– Тараз қалалық мәслихатының екі шақырылымының депутаты болғаныңызды айттыңыз. Бүгін­де облыстық мәслихаттың депу­та­ты­сыз. Жалпы, халық қандай мәсе­ле­лер­мен көп қайырылады?
– Дәрігер депутат болсын, болмасын халыққа көмектесуге міндетті. Әкем әрдайым айтып отыратын «Егер сенен көмек сұрай келген адам болса, ешқашан бетін қақпа» деп. Бұл менің өмірлік қағидам.
Ал, халық қалаулысы бол­ған­нан кейін, тұрғындардың дені осы медицина саласындағы мәсе­лелер­мен келіп жатады. Оның ішінде жаңа реформаларды, заңдарды сұрай келетіндер, одан бөлек ауруханаға жату үшін түрлі құжаттарды түсінбей, көмегімізге жүгініп жататындар бар. Олардың бәріне мен арнайы уақыт бөліп, мұң-мұқтаждарын, өтініш-тілектерін тыңдап, қолымнан келгенше көмектесудемін. Сондай-ақ, газ, су, жол мәселелерімен де келетіндер аз емес. Билік пен бұ­қараның арасындағы көпір болғандықтан, олардың да сұраныс-тілектерін қанағатсыз қалдырмауға тырысамын.
– 2008 жылы АҚШ-тың Сол­түс­тік Королина штатында бі­лік­­ті­лі­гіңізді шыңдап, тәжірибе жи­нақ­­таған екен­сіз. Одан бө­лек, ең­бек жо­лы­ңыз­да түрлі ел­дер­дің медициналық әлеуетін көр­ген боларсыз? Олар­мен салыс­тыр­ғанда бүгінгі біздің медицинаға қандай баға берер едіңіз?
– Ел медицинасы дәл қазір дұрыс бағытта дамып келеді. Әсіресе, міндетті медициналық сақтандыру дер кезінде қабылданған бағ­дар­ла­ма деп білемін. Себебі, мен АҚШ-тың Солтүстік Королина штатында болған кезімде бір емхананың жылына 1 миллион науқасқа дейін қабылдайтынын көрдім. Емхананың бас дәрігерінен халықтың не себепті мұнша көп келетіндігін сұрағанымда ондағылар ең бастысы қызметтің сапасында екенін айтты. Яғни, онда өмірін сақтандырған адамдар емхананы және дәрігерді де өздері таңдайды. Сондықтан, емхана бәсекеге қабілетті болу үшін медициналық мекемені соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықтап, білікті мамандарды бір жерге шоғырландырып қойған. Осыны көріп отырған халық сол емхананы іздеп келіп, емделеді екен. Қазіргі таңда біз осы жүйеге бара жатырмыз. Бүгінде аурухана мен емханалардың бірқатары сенімгерлік басқаруға беріліп жатқандықтан олардың арасында да бәсекелестік туып жатыр. Әр сенімгерлік иесі өз медициналық мекемесіне науқастарды көптеп тартып, үкіметтен қаржы алу үшін барлық жағдайды жасауда. Ал, екінші ауруханалар өздерінен білікті мамандар кетіп қалмас үшін олар да әрекет етіп, науқастар мен дәрігерлеріне қолайлы жағдай туғызуда. Міне, бәсекелестік деген осы. Енді ертең міндетті медициналық сақтандыру бағдарламасы толықтай күшіне енсе, науқасты өз емханаларына шақырып, қаржыға қол жеткізу үшін сенімгерлік мекемесінің иесі барын салатын болады. Елбасының көреген саясатының көрінісі осында жатыр.
Бұдан бөлек, Мемлекет бас­шысы «Қағазсыз ауруханаға» көшу жобасын ұсынды. Бұл да өз жемісін беретін бастама. Біздің қан орталығы 2011 жылы құрылған бойда толықтай цифрлық жүйеге көшіп кетті. Мекемемізде қазір бірде-бір қағаз айналымы жоқ. Одан бөлек, биыл Қазақстан бойынша ортақ база құрылып жатыр. Бұл база арқылы біздің мамандар Жамбыл облысының азаматтары қай өңірде қан тапсырып немесе ем қабылдап жатқанын бақылай алады. Яғни, біз үшін әрбір тұрғынның өмірі мен денсаулығы маңызды.
2001 жылы Германия мемлекетіне барғанымда электронды жүйеге көшкен халыққа қызмет көрсету орталығын көріп таңғалғанмын. Уақыт өте ондай заманауи халыққа қызмет көрсету орталықтары біздің елде де ашылды. Сондай-ақ, «қағазсыз аурухана» жүйесіне барлық медициналық мекемелердің көшетін уақыты жетті. Егер осы бастаманы аяғына дейін жеткізе алсақ, ел медицинасы жаңа дәуірін бастайтыны анық.
Тағы бір айта кетерлігі Кеңес үкіметі тұсында «Давинчи» деген қондырғы болған. Ол құрылғы арқылы ғарышкерлерге қашықтықтан ота жасауға мүмкіндік туған-ды. Қазір сол қондырғымен Астана қаласындағы әріптестеріміз жұмыс жасауда. Яғни, «Давинчидің» ерекшелігі Қазақстандағы ауру­ха­нада жатқан науқасқа Израиль немесе Германияда жүрген хирург интернет және робот қол арқылы операция жасай береді. Қараңызшы, бүгінгі медицина қаншалықты дамып кеткен. Осындай қондырғылар біздің мемлекетке де жетіп жатқанда ел медицинасының ертеңі жарқын болары сөзсіз. Оның ішінде Жамбыл облысының да медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Бір ғана мысал, облыс орталығынан онко­ло­гия­лық ауруларға қарсы емдеу мекемесінің бой көтергелі жатқаны өңір медицинасын өрістетіп, жаңа биікке көтеретіні сөзсіз. Сондықтан, өркениет көші­нен бір елі қалмай ке­ле жатқан ел, облыс ме­ди­ци­на­сы­ның келешегі кемел бола­тын­ды­ғы­на бек сену қажет.
– Осы орайда, «қағазсыз аурухана» жүйесіне көшкен алғашқы медициналық мекеме ретінде облыстық қан орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып кетсеңіз…
– Ағымдағы жылдың басында Астана қаласында ІІІ Еуразиялық медициналық форум өтті. Онда әлемнің ең үздік ауруханалары мен емханаларының дәрігерлері бас қосып, өзара тәжірибе алмасты. Сол кезде шетелдік мамандар қауіпсіз қан шығару бойынша Қазақстан әлемдегі үздік үштікке кіреді деген баға берді. Және жапониялық хирург Қазақстанда өз еркімен қан беруге дайын тұратын адамдардың көптігіне таңғалып, ел медицинасына үлкен құрметін көрсетті. Шындығын айтқанда, қазір дүниежүзінде өз халқына қан жеткізе алмай отырған елдер жетерлік. Ал, бізде барлығы реттелген. Және қауіпсіз қан шығару бойынша алдыңғы қатарда келеміз. Біздің облыстық қан орталығында да қан қауіпсіздігі ең бірінші орында тұрады. Донорлардың қанын зерделеу үшін екі зертханамыз және түрлі сүзгілеріміз жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда, орталық өзге өңірлерде жоқ соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған.
Біздің тоңазытқыштарда қан 3 жылға дейін сақталады. Және мамандарымыз науқастардың дертіне қарай 30 түрлі қан құрамдарын шығаруда. Десе де, медицина дамыған сайын кейінгі жылдары қанға сұраныс азайып келеді. Оған себеп, қазір оталардың дені лазерлі сәулелер арқылы жүргізілетіндіктен ауруханалар қанды көп қажет етпеуде. Дегенмен, қан мүлде қажет емес деп айта алмаймыз. Кез келген жағдайға сақадай сай донорларымыз ортақ базада тіркеулі тұр және арнайы топ түрлі мекемелерге шығып, еріктілерден қан жинауда. Біздің ең басты мақсат – қандай жағдайға болмасын дайын болу.
– Жалпы, өңірде дәрігер тапшы екені жасырын емес. Бұл бірінші жыл айтылып жүрген жоқ. Өзіңіз айтқан қан орталығындағы соңғы үлгідегі технологиялардың тілін білетін мамандар жеткілікті ме?
– Осы таңға дейін маман­дарымызды шетелде оқытып келдік. Биылғы жылдың тоғыз айы­ның қоры­тын­дысы бойынша 45 мама­ны­мызды Мәскеу, Түркия сынды мем­лекеттер мен Астана, Алматы қалаларына жолдап, біліктіліктерін шыңдадық. Десе де, маман әлі де жетіспейтіні рас. Оған басты себеп, бізде ай­лық­тың аздығы. Сананы тұрмыс билеген бүгінгі таңда көп жас мамандар та­бы­сы көп өңірлерде қызмет еткенді қалайды.
Бірақ, бір айта кетерлігі жуырда Санк-Петербургте оқыған және Астана қаласында жұмыс жасаған жерлестеріміз біздің мекемеге жұмысқа келді. Оларды қуана қабыл­дадық. Өйткені туған жеріңе ту тігу әрбір азаматтың парызы. Кезінде өзімізде Астанада біліп алып, туған топыраққа оралдық қой. Сол сияқты қазіргі жас мамандардың да бойына туған өлкеге деген бір патриоттық сезім қажет сияқты.
– Бүгін сіз көтеріп отырған мәсе­лелердің дені күні кеше Елбасы халық­қа жолдаған «Қазақстан­дық­тар­дың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жан-жақты айтылып, шешілу жолдары да айқындалды. Айтыңызшы, өзіңіз биылғы Жолдау­дан қандай әсер алдыңыз?
– Дұрыс айтасыз, Жолдау бізге көп міндет жүктеді. Оған қоса, биылғы Жолдау арқылы Мемлекет басшысы көп нәрседен хабардар екенін көрсетті. Әсіресе, мен айтып өткен медицина саласының мамандарының айлық жалақысын өсіру, жас мамандарды баспанамен қамту сынды тапсырмалар көптің көңілінен шыққаны анық. Одан бөлек, Президент коммуналдық мәселені көтеріп еді, бүгін «Тараз-Су» мекемесінен төлем тарифінің төмендетілгені туралы хат келіп отыр. Таңғалдым. Ұлт көшбасшысы кеше ғана осы мәселені айтты, бүгін ол іске асырылуда.
Жолдаудың тағы бір ұнаған тұсы аграрлық саланы дамытып, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуы болды. Бұл ел ертеңі үшін жасалып жатқан дүние. Себебі, қалай алып қарасаң да Жамбыл облысы аргарлық өңір. Сондықтан, біздің асыраушы салаға басымдық бергеніміз жөн. Ал кәсіп ашуға ниетті азаматтардың қатары күн санап артып келеді. Міне, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы осындай тұлғаларға көп көмек болары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, Жолдаудың алты бағыты да біздің ертеңгі өмірімізді айқындап берді. Енді тек осы жолдан таймай, бағдарымыздан жаңылмауымыз керек.
Өздеріңіз байқап қараңыздаршы, күні кеше ғана Тараз қаласы мүлде басқа кескінде болған. Алайда, облысқа Асқар Мырзахметов әкім болып келгелі саябақтар мен скверлер жаңғырып, қала көркі ажарлана түсті. Дәл сондай, талай жыл бойы айтылып жүрген Жуалы ауданындағы тау шаңғысы спорты кешенінің де бойына қан жүгіріп, құрылысы небәрі бір жылдың ішінде біткелі тұр. Менің өзім жамбылдықтар қысқы спорт түрлеріне және туризмге арналған кешенді көреді дегенге сенбеген едім. Енді міне соған қол жеткелі тұр. Дәл сондай, Жолдауда айтылған әр бастамаға біз сенуіміз керек. Бүгін болмаса да, ертең оның жемісі боларына күмән келтірмегеніміз абзал. Сонда ғана баянды болашаққа бірге жете аламыз.
– Еліміз қай кезде де ынты­мақ пен татулықты ту еткен ауыз­бір­ші­лі­гімен көпке үлгі болып келеді. Бұл ең бірінші ұлт пен ұлысқа бөлінбеген хал­қымыздың біртұтастығының ар­қасы екені анық. Өңірдегі өз­бек этномәдени бірлестігінің көш­бас­шысы ретінде айтыңызшы, сіз үшін бірліктің бағасы қандай?
– Елбасы Қазақстан халқы Ассам­блея­сын құру арқылы төрткүл әлемге татулығымызды көрсетті. Соның арқасында елімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астына бірігіп, бір атаның баласындай болып кетті. Қазір көршілес бірде-бір мемлекетте біз сияқты көп ұлт тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жоқ. Біз осыны бағалай білуіміз керек.
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласында «Ұлттық код» туралы айтты. Бірақ, Президент «мынау сенің, ал мынау ананың ұлттық коды» деп бөлген жоқ. Біз ортақ Қазақстандықтар болғандықтан барлығымызға бірдей «Ұлттық кодты» ұмытпай, ұрпақ санасында оны жаңғыртуды тапсырды. Мен өз басым Қазақ хандығының туы тігілген Жамбыл жерінде тектен-тек ғұмыр кешіп жатырмын деп ойламаймын. Бұл менің пешенеме жазылған бақ. Басқа қонған осы бақты жанұяммен бағалап, әрбір таңыма шүкіршілік айтамын. Әйелімнің қазақ болғанына, екі қызымның бірі қазақ мектебінде екіншісі балабақшада тәрбиелініп жатқанына, түптеп келгенде күнделікті көретін жұмыстағы әріптестерім мен көршіме дейін қазақ екеніне қуанамын. Себебі, біз қандаспыз. Біздің бойымызда бір қан жүгіріп, Отанға деген ортақ сүйіспеншілік тұтанып тұр. Сондықтан, мен үшін бірлік пен татулықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ.
– Жалпы, бүгінгі қоғамда сізді не алаңдатады?
– Екі бала тәрбилеп отырғаннан кейін мені ең бірінші ұрпақтың ертеңі ойландырады. Рас, қазір жастар үшін барлық қолайлы жағдай жасалуда. Қолыңнан келе ме, мемлекеттік бағдарламаға қатыс та, кәсіп аш немесе тіл үйреніп, шетелде біліміңді шыңда. Ол аз десеңіз, келер жылды Елбасы «Жастар жылы» деп бекітті. Бұның барлығы ел ертеңі саналған жас буын үшін жасалып жатқан дүние. Бірақ, көптеген жасөспірімдерде түсінік таяз. Осынау жасалып жатқан жақсылық пен қолдауды қабылдамай, өзге таныммен өмір сүреді. Бейне бір Үкімет олардың қалтасына ақша салып беру керек сияқты. Міне, осы жаңсақ, теріс пікірден аулақ болғанымыз абзал. Сондықтан, мен өз балаларымды еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке, адал өмір сүруге тәрбиелеп келемін. Бұл әрбір әкенің бала алдындағы парызы болуы керек.
– Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз? Сүйікті хоббиіңіз бар ма?
– Көбіне кітап, журнал, мерзімді басылымдарды оқимын. Сүйікті хоббиім – кітап жинау. Жарнамаларды ақтарып жүріп көшіп бара жатқан адамдардың кітапханасында сақталған ескі кітаптарды сатып аламын. Одан бөлек, бала-шағаммен аптасына бір рет кітапханаға барып, кітап оқимыз. Бұл біздің отбасылық дәстүріміз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.