Шығыс Қазақстан облысында мектеп-интернаттың директоры жетім балаларға арналған 12 миллион теңгені қолды етті,-деп хабарлайды http://shanyraq.info Noks.kz сайтының хабарлауына сүйеніп…

Өскемен қаласының №2 соты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру және ысырап ету жолымен айыпталған Б.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Айыптаушы тараптың мәліметінше, облыстық жетім балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының директоры болып жұмыс істейтін Б. 2013-2019 жылдар аралығында 12 830 996 теңгені ұрлаған.

«Кінә жәбірленушінің өкілінің айғақтарымен, куәгерлердің айғақтарымен, есепке алу құжаттарымен, сондай-ақ ұрланған ақша сомасын растаған сараптама қорытындысымен расталды» деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметі.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Прокурор Б.-ны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Қылмыстық құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалуын, кәмелетке толмаған баланың болуын, ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып және келтірілген зиян өтелмеген деп есептеп, сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды» деді сот.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.