Таласқа түссе жан мен Ту Жан емес маған керегі….

0

Спорт – денсаулық кепілі, ел намысы. Сондықтан да, мемлекетіміз әрдайым спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Оған дәлел, жыл санап жаңа спорт кешендері бой көтеріп, шалғай ауылдардың өзінде шағын спорт алаңшалары елге есігін айқара ашуда. Есесіне, ел, өңір спортшылары әлемдік ареналарда атой салып, абыройымызды асқақтатуда. Олардың қатарында көк байрағымызды жеңіс тұғырында желбіретіп жүрген өзге ұлт өкілдері де аз емес. Міне, бүгін осы жамбылдық жампоздар жайында сөз қозғамақпыз.

Кеңестік кезеңнің өзінде Жамбыл спорты талай толағайларды тудырғаны белгілі. Олардың көшін футболдан Сеул Олимпиадасының чемпионы украиндық Евгений Яровенко бастап тұр. Талантты футболшы Жамбыл жерінде туылып, КСРО-ға еңбек сіңірген спортшы атанды. Алдыңғы жылдары туған топыраққа қайта оралған ол «Тараз» футбол клубын бір маусым жаттықтырып, жерлестерін жеңіске жетеледі.
Ал, өз алдымызға егемен ел атанған жылдары үлкен спорт сахнасында қарашай ұлтынан шыққан Ислам Байрамуков жасындай жарқылдады. 1993 жылдан бастап еркін күрестен халықаралық додаларда дара шапқан жерлесіміз, 2000 жылы Сидней Олимпиадасының күміс жүлдесін жеңіп алды. Бұл оның спорттық мансабындағы ең үлкен биігі болды. Бүгінде Байрамуков Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.
Мемлекет мақтанышы Зульфия Габидуллинаның ерлігі өз алдына бір төбе. Жүзу спортынан барлық деңгейдегі медальдар жиынтығын жеңіп алған татар қызы Зульфияның қазір қоржынында 156 медаль бар. Ол 12 әлем рекордына түзету енгізген. Елу жасында Рио Олимпиадасында бағын сынаған спортшымыз Қазақстаннан шыққан тұңғыш Паралимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ, ол былтыр Мексикада өткен әлем біріншілігінде де алтыннан алқа тағып, мерейімізді тағы үстем етті. Зульфия қазір әлемдік рейтингте үздік сегіз спортшының қатарында тұр. Және спорт саласына сіңірген еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған.
Таразда тәрбиеленген былғары қолғап шебері Фируза Шарипованың да есімі мен ерлігі бүгінде жер-жаһанға жайылды. Өзбек ұлтынан шыққан сұлу боксшы қызымыз IBO және WBC Silver белбеулерінің иегері. Жастайынан велоспортпен айналысқан ол 2010 жылы боксқа бет бұрып, шаршы алаңның шырайын кіргізді. Ә дегеннен жасындай жарқылдаған Фируза 2012 жылы Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алса, 2013 жылы республика жеңімпазы атанды. Ал, 2016 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, араға аз уақыт салып халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткен бокс кешінде болгар боксшысы Милена Колеваны ұрып жығып, әлем чемпионы атанды. Артынша бельгиялық Джемилла Гонторюкпен қолғап түйістірген Фируза екінші жартылай салмақта теңдессіз екенін дәлелдеді. Осылайша екі бірдей белбеуге қол жеткізген жерлесімізді атақты Майк Тайсонның бапкері Бадди Мак Гирттің өзі жаттықтыруға ұсыныс тастады. Алайда, Шарипова өзінің жеке бапкері Ерік Алғабекпен бірге бастаған жұмысын жалғастыра беруге бел буып отыр. Қазір Фирузаға Голливуд қызығушылық танытып, «Игра престолов» фильміне түсуге ұсыныс білдіруде. Сондықтан, батыр қызымызды алдағы уақытта шаршы алаңнан ғана емес, киноиндустрия саласынан да көріп қалуымыз бек мүмкін.
Тағы бір тараздық тарланымыз ұлты орыс Дмитрий Трубинді бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Ол армрестлингтен әлемнің үш дүркін чемпионы. Трубиннің спорттағы жұлдыздығы шағы атақты американдық Майкл Тоддпен болған жекпе-жектен кейін жанды десек болады. Батырымыз армрестлинг спортында «монстр» лақап атымен белгілі, жеті жыл бойы жеңіліп көрмеген Тоддты тізерлетті. Алыптар айқасы 4:2 есебімен аяқталып, Майктың дәуірі «мәңгілік» емес екенін жерлесіміз дәлелдеді. Қазір Дмитрий байрақты бәсекелерде бақ сынап ғана қоймай, жастарды армрестлинг спортына баптауда. Оның шәкірттерінің ішінде алтауы әлем чемпионы атанып үлгерді.
Әлемдік ареналарда байрағымызды сан жылдар бойы биіктеткен татар ұлтты жерлестеріміздің бірі – Гузалия Гафурова. Ол каратэ-до спортына 2004 жылы келіп, араға үш жыл салып алғашқы нәтижесін көрсетті. Сол жылы ел біріншілігін жеңіп алған Гузалия артынша ересектер арасында ел чемпионы атанды. Кейіннен бұл жетістігін тағы бір мәрте қайталап, екі дүркін чемпиондық атақты еншіледі. Ал, ең үлкен жеңісі – 2013 жылғы Азия кубогы мен әлем чемпионатының алтын медалі. Небәрі он жылдың бедерінде осындай табыстарға қол жеткізген аруымыз 2016 жылы Азия ойындарының да биігін бағындырды. Алдыңғы жылдары Гузалия шаңырақ көтеріп, ана бақытына кенеліп, спорттан қол үзіп қалған еді. Алайда, араға екі жыл салып, үлкен спортқа қайта оралған аруымыз биыл Индонезия жерінде жалауы желбіреген Азия ойындарында алтыннан алқа тағып, абыройымызды тағы асқақтатты.
Жүзу спортының жарық жұлдызы татар қызы Эльмира Айгалиеваның да ерліктері ел есінде. Жастайынан спортқа жаны құмар боп өскен жерлесіміз жасөспірім кезінде-ақ ұлттық құрама сапына алынып, Азия біріншілігінің жүлдегері атанды. Ал, ересектер арасында Айгалиева 2009 жылдары көріне бастап, жабық кешендегі Азия ойындарында үш қашықтықта алтын, күміс және қола медальді қатар жеңіп алды. Осы жылы Токиода өткен Азия біріншілігінде күміспен күптеліп, 2011 жылы Джакартада ұйымдастырылған Сары құрлық бәсекесінде алтыннан алқа тақты. Бұдан бөлек, Айгалиева 2013 жылы Инчхонда алауы тұтанған Азия ойындарында әлем рекордын орнатып, 2014 жылы Түркияда жалауы желбіреген ашық Азия біріншілігінде топ жарды. Алайда бұдан кейін екі жыл спорттан қол үзген Эьлмира 2016 жылы қайта оралып, Қазақстан кубогында алты алтын медальді кеудесінде жарқыратты. Бірақ, бұл нәтиже қызымызға құрлықтық бәсекелерге жол ашпады. Сол себепті, бүгінде Эльмира Алматы қаласында жаттықтырушылық қызметпен айналысуда.
Паэрлифтинг спортында да жамбылдық спортшылардың есімі құрметпен айтылады. Әсіресе, әлемнің екі дүркін чемпионы өзбек Руслан Греевті алпауыт елдердің мықтыларының өзі мойындайды. Спорттық жолын грек-рим күресінен бастаған Греев уақыт өте пауэрлифтингке бет бұрып, ең алғаш 2013 жылы ел біріншілігін жеңіп алады. Одан кейін, Екатеринбург қаласында түндігін түрген турнирде Еуразия құрлы­ғының абсолютті чемпионы атағына қол жеткізді. Араға жыл салып Португалия елінде жалауы желбіреген әлем чемпионатында 250 келіні бағындырып, әлемнің теңдессіз спортшысы атанды. Келер жылы бұл ерлігін қайта қайталап, әлемнің екі дүркін чемпионы белбеуін тақты. Қазір Руслан Тараз қаласында жас спортшыларды жаттықтыруда. Оның да шәкірттері әлемдік деңгейде танылып, бапкерінің жолын абыроймен жалғап келеді.
Бұдан бөлек, өткен жылы Сочиде самбо күресінен өткен әлем чемпионатында тағы бір талантты жасымыз болгар қызы Аида Карчаева қола жүлдемен жамбылдықтарды қуантты. Әлемнің 100-ден аса мемлекетінің спортшылары бақ сынаған бәсекеде қаршадай қызымыз 56 келіде қарсыластарын алып та, шалып та жығып, үздік үштіктен көрінді. Үлкен спортқа енді ғана қадам басып келе жатқан Аиданың жасөспірімдер арасындағы ел чемпионы, Универсиада жеңімпазы, Еуропа кубогының жүлдегері сынды жетістіктері бар. Сондай-ақ, ол дзюдо және самбо спортынан ұлттық құраманың мүшесі. Біз Аиданың болашағы алда екеніне бек сенімдіміз.
Жалпы, жоғарыда аталған спортшылардан бөлек, ел біріншіліктері мен халықаралық додаларда кір тасын көтеруден Махсун Камбаров, бокстан Станислав Цой, қол күресінен Екатерина Ляхова сынды жас таланттар танылуда. Одан бөлек, аға буынның ізін басып, өсіп келе жатқан жас жеткіншектер аз емес. Ең бастысы бұл спортшылардың барлығы «Таласқа түссе жан мен ту жан емес, маған керегі – көк тудың желбірегені…» деп ұрандап тұратыны айқын. Ұлт пен ұлысқа бөлінбеген халқымыздың бірлігінің бір көрінісі де осында.
Жарайсыңдар, жамбылдық жампоздар! Жасай бер, Жамбыл спорты!

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.