Туризмді дамытудың сан жолы бар…

0

Бүгінде облыста шешімін таппай тұрған ең күрделі мәселелердің бірі – туризмді дамыту, табиғатты тиімді пайдалану. Меніңше, туризм мен табиғат бөліп қарауға болмайтын егіз сала. Себебі, шетелдіктер ат терлетіп келіп, қаржы құятын қайталанбас орындар, тау-тас, жан-жануарлар дүниесі, өсімдіктер, өзен-көл, шөл, бәрі-бәрі осы қоршаған орта аясында екені анық. Сондықтан, өңірлік туризмді дамытуды жан-жақты қолдауымыз керек. Ал, бізде туризм сөз бола қалса, тек тарихи орындар төңірегінен аса алмай, тар шеңберде қалып жатамыз. Сөзім дәлелді болу үшін айтайын, әлемде әлдеқашан жолға қойылып, қыруар табыс тауып отырған, біздің облыста сонау жылдары өз бастамамызбен қолға алынып, орманшылардың қиын кезеңінде жан бағуына сеп болған, бүгінде тоқтап қалған «Шетелдіктердің аңшылық туризмі» дейтін үлкен табыс көзі қолға алынбай тұр.
1995-2000 жылдардағы экономикалық өтпелі кезеңде орманшы-қорықшыларға жалақы беруге де мүмкіндік болмай қалды. Сонда басшылар мен мамандар «Осынау байлықтың ішінде отырып неге дәрменсізбіз? Табиғатты тонатпай-ақ, табыс құяр жол қайсы?» деп түгел атқа мініп, шетелдік туристік фирмалармен байланыс жасап, насихатты көбейтіп, өз мүмкіндігімізді әлімізге қарай дұрыс пайдаланудың жолын іздеді.
1993-1994 жылы Қазақстандағы малдың 70 пайызы қырылып, талай совхоздар «таяғын» ұстап қалғанда, аң-құстар да көп шығын болды. Сол қатты «жұтта» жемтік жейтін жыртқыштар ғана қырылған жоқ. Әсіресе, Шу өзенінің теріскейі Бетпақдаладағы киіктердің соңынан жүретін қасқырлар еркінсіп ауылға дейін еніп, ауыр қыстан аман қалған аз ғана малға көп зиян әкелді. Сондықтан, біз осы қасқырға қарсы аңшылықты көбірек насихаттап, Алматыдағы «Азия Сафари» турис­тік фирмасы арқылы алғашқы жұмыс­ты бастап кеткен едік. Ісіміз материал­дық тұрғыдан «кем» боп тұрса да алға басып, әлемнің 20-ға жуық елінен – Германиядан Фритц Шмит бастаған топ, Франциядан Руисе Патрих, Швейцариядан Рает Вольф, Даниядан Нина Урсула сияқты 30-ға тарта туристік аңшыларды сонау Бетпақдалаға тарттық. Олар Алматы әуежайынан 700 шақырым қашықтықтағы Ұланбел маңындағы қарапайым ауылға қона жатып, әр қасқырды 200 АҚШ долларына бағалап атып, қызыққа кенелген.
Сөйтіп орман шаруашылығы мекемесін де жарылқап, алғашқы компьютерге, жүрдек көлікке қол жеткізіп, қажетімізді түгендегенбіз.
Одан бөлек, Шу-Іле тауларында кәрі құлжалар жиналар сай-шоқылардың бар екендігін анықтап, арқарлар да үй қойлары сияқты 13-ақ жыл өмір сүретіндігін, 12-ден асқан арқар құлжасының тістері түсіп, шөп жей алмай арықтап өлетіндігін, онымен қоймай ата құлжалар ешкілерге жас құлжаларды жолатпай «гарем» жасап, қысыр қалған жағдайлардың болатындығын ғылыми тұрғыда дәлелдедік. Ал, ол жануарлардың өсіп-өнуін тежеп, табиғатты байытуға залал келтіреді. Сол себепті, Үкімет басшысына арнайы сұраныс жасап, кәрі арқарларды атуға рұқсат беретін арнайы қаулы шығартып, шетелдік бай туристерге әр бас кәрі арқар құлжасын 15000 долларға бағалап, ел қажетіне жарар көп қаржы тауып, талайды таңғалдырған едік.
Бірақ, біздің елге пайдалы, табиғат­қа тиімді жұмысымызды кейбіреулер көре алмады ма, жергілікті басшылық мұндай шаруамен айналысуға тыйым салатын қаулы шығарып, жақсы тірлік уақытша тоқтаған еді…
Сол сияқты, Шу өзені қыста тасып, Мойынқұм ауданындағы «Андасай» мемлекеттік зоологиялық қаумалы территориясындағы 60 000 шаршы метр аумаққа су жайылғаны бар. Жазда су тартылғанда әр шұқырдағы көлшіктер қыруар балыққа толып, құтқаруға мүмкіндік болмай қалды. Босқа қырылатын балықтарды әуесқой қырғыз балықшыларға қармақпен аулауға рұқсат беріп, бір маусымда 800 000 теңгеге дейін мекемеге таза табыс құйдық. Бұл сома қазіргі 8 миллион теңгеге пара-пар еді. Сол қиын шақтарда облыс­тық орман шаруашылығы басқар­ма­сының аңшылық бөлімі осылайша орманшыларды «асыра­ған» болатын. Ара-арасында Франция, Ресейден келген турис­тер­ге бүркіт салдырып, тазы жүгіртіп, заңды түрде қаражат тауып отырғанбыз. Тіпті, шетелдіктерді қызықтырамыз деп Хан тауының етегіндегі ескі көлге су толтырып, өз табиғатымызды тонамай, Қырғыз Республикасынан 48 бас құндыз әкеліп жібердік. Келесі жылы өсімге қалдырғаннан бөлек 150 бас құндыз тышқандарын аулап, құлақшын тіктіріп, жалақысыз қалған орманшыларға жалақы орнына берген күндер де болған. Мұның бәрі өз ісіне берік қарапайым қорықшы-орманшылардың өз идеяларымен атқарылған жұмыстар еді.
Қазір облыстағы туризм сала­сында кімдер жүр? Бұл да басшы­ларды ойландыруы тиіс сұрақ. Кезін­де өңір келешегін ойлап М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да ашыл­ған туризм факультетін бітірген мамандардың кәсіби деңгейі мен білімін сарапқа салып, туризм саласына жұмылдырса, көп нәрсеге жол ашылары анық. Өйткені, бәрі кадрға байланысты.
2016 жылы мені Маңғыстауға шақырып, 5 адамды бүркітшілікке үйреттім. Олар қазір туризмді дамыту жолында сан түрлі көрініс қойып, қысқаметражды кино түсіруді қолға алды. Бұл да ойланарлық жайт. Кейде осы жолда азды-көпті еңбек еткендерді ұмытып, тіпті құсбегілік жарыстарды ұйымдастыруға жақындатпай, туризмді дамытуға көп көмегі тиер іске немкетті қарайтындар да бар. Ал, кезінде Әулиеата құсбегілерінің еңбегін әйгілі М.Дроздов бастаған топ Мәскеуден тікұшақпен арнайы ұшып келіп, «Андасай» зоологиялық қаумалының «102-Бөрілі» қорықшылар ауылында он күн бойы зор ізденіспен түсірген. Ол фильмдер әлемнің талай еліне тарағанына, жамбылдық құсбегілердің Кеңес өкіметі кезінде-ақ оза шауып, Орта Азияда алғаш рет «Қазақ құсбегілер клубын» құрғанына, «Тастүлек» фильмін түсіріп, Америка, Венгрия, Болгария сияқты шетелдерге арнайы шақырылғанына, шетелдік ғалымдармен бірлесе Жамбыл жерінің табиғатын, тарихын туристерге танытқанына ел куә.
Осының бәрін бүгінгі ұрпақ біліп, үлгі алуы тиіс. Бұл оқиғаларды туризмді тез дамытуға себі тиер шынайы тарих деп есептеймін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.