Жамбылдың балығы енді Есілді мекендейді

0

Гродекова ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығы балық өсіріп, табыстың тайқазанын тасытып отыр. Дильмурат Хусаин-Ахунов төрағалық ететін шаруашылыққа жылына екі рет республикадағы сұранысқа ие су айдындарына шабақ жөнелтеді. Бұл жолы мұндағы балықшылар еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзеніне 540 мың тұқы тұқымдас шабақты жіберді7

Негізі, сандельдіктер мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Олар өз істеріне әбден төселген. Яшар Бозагунов, Ахмат Бектас-оглы, Кара Осман Алшахметұлы және басқаларда тыным жоқ. Олардың бірі аяғына рәзіңке етік киіп, белуардан су кешіп арнайы құрылғымен шабақты қалқып алып, екінші балықшы ұстап тұрған шелекке салуда. Ал, ол оны жағалауда күтіп тұрған үшінші балықшыға берген. Осылайша кезектесіп әріректе тұрған суға толы цистернасы бар екі КамАЗ автокөлігіне тиеуде.

– Бүгін шабақтарымыз Елордаға жөнелтіледі. Шаруашылықта 18 адам жұмыс істейді. Айлық табыстары көңіл көншітерлік. Жылына мұнда 3 млн ға жуық шабақ өсіріліп, алдымен елімізге, содан соң облысымыздағы су айдындарына жеткіземіз, – деді шаруашылық жетекшісі Дильмурат Хусаин-Ахунов.

«Облыс аумағында балық өсірумен айналысатын 117 шаруашылық болса, Балқаш көлінде бізге тән 18 су қоймасы және 17 республикалық мәнге ие учаскеміз бар. Біз сандельдіктердің жұмысына дән ризамыз. Бір Гродеково ауылында 71 гектарды алып жатқан 8 шағын шаруашылық балық өсірумен айналысады. Шабақ­тардың дені Қапшағайға, Шардараға, Балқашқа, облыс аума­ғындағы Билікөл, Ақкөл, Теріс-Ащыбұлақ және басқа да су қоймаларына жіберіліп тұрады, — дейді Шу-Талас облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының орынбасары Қанатбек Зауырбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.