Арубаев әкім болғалы 130 көше асфальттанып, 6 ауылға ауыз су, 9 ауылға газ тартылды

0

«Жол қадірін жүрген білер демекші, Жамбыл ауданына 2019 жылдың желтоқсан айында әкім болып тағайындалған Сәкен Арубаев өңірдің әлеуметтік экономикалық көрсеткіштерін жоғарылату, халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды салу жұмыстарымен қатар жол жөндеу жұмыстарына айрықша екпін берген. Мысалға, 2020 жылы аудандағы 24 ауылдың 76 шақырым жолы, яғни 96 ауылішілік жолы тақтайдай тегістеліп асфальт төселсе, аудандық мәндегі 8,6 шақырымды құрайтын 2 автомобиль жолына жабынды төмелген. Бұл игіліктерге 1,1 млрд теңге қарастырылып, толықтай игерілген.

Жіктеп айтар болсақ, Өрнек-Тоғызтарау-Жаңаөткел жолы мен 12 ауылдың 28 ауылішілік жолдарына 206 млн теңге аудандық бюджеттен бөлініп, 22,9 шақырым жол орта жөндеуден өтсе, мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 12 ауылдың 61 көшесі мен 1 аудандық мәндегі жолды асфальттауға 702,9 млн теңге қаралып, 50,2 шақырым жол жаңарған. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 5 ауылдың 8 көшесіне 98,4 млн теңге қарастырылып, 5,5 шақырым жол орта жөндеуден өткен. Жалпы өңірде 415 шақырымды құрайтын 517 көше бар болса, бүгінде оның 176 шақырымы асфальт, 239 шақырымына шағалды төсем төселген.
Бұл жұмыстар ағымдағы жылы да қарқынын жоғалтпады. Жыл соңңына дейін аудандық мәндегі 5 жолды жөндеуге 125,2 млн теңгеге аударылды. Олар: Бесағаш-Юбилейный, Құмтиын-Өрнек-Ерназар, Ерназар-Қойгелді, Құмсуат ауылына кіреберіс, Шайдана-Сеңгірбай бағытындағы жолдар.

Сондай-ақ 10 ауылдың 26 ауылішілік жолдарын жөндеуге 309,7 млн теңге бөлінген. Оның ішінде «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 6 ауылдың 10 көшесі және аудандық бюджет есебінен 8 ауылдың 16 көшесі асфальттанады.
Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар туралы аудан әкімі Сәкен Қаланұлының пікірін білген едік.
– Алғаш жұмысқа кіріскен күннен бастап тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, ауылдарда көшпелі қоғамдық кездесулер ұйымдастырдық. Араға бірнеше ай салып жыл қорытындысы бойынша 17 ауылдық округте болып, жыл ішінде атқарылған жұмыстар бойынша есеп бердім. Есептік кездесуде тұрғындардың айтар ұсыныс-пікірлерін хаттамаға толтырып, барлығын жазып алдық.

Сол азаматтардың талап-тілегін саралай отырып, басым көпшілігі жол мәселесі екенін аңғардық. Кейіннен мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын, «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен аудандық бюджетті халық алдында берген уәделердің орындалуына жұмсадық. Жаңылмасам екі жылдың қорытындысы бойынша 130-ға жуық жол асфалттанады. Бұл біздің жоспар болатын. Бұдан бөлек осы екі жыл ішінде Ақбұлым, Жасөркен, Қызылқайнар, Бәйтерек, Шоқай, Қаратау елді мекендеріне сапалы ауыз су жүргізсек, Шайдана, Рахат, Ащыбұлақ, Тастөбе, Еңбек, Өрнек, Ерназар, Жұма, Қаракемер ауылдарына «көгілдір отын» жүйесін ауылішілік көшелеріне тарттық. Келер жылы аталған ауылдарды табиғи отынмен қамтылатын болады. Сондай-ақ Бесағаш пен Түрксіб елді мекеніне ауыз су тартуға 1,4 млрд қаражат қарадық. Жұмыстар басталуда, – дейді аудан басшысы С.Арубаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.