Туған ауыл, түзу шықсын түтінің

0

Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз «ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген екен. Бала күнімізде ауыл қарияларының тарихты қаузаған, шежіреден сыр шертетін, қазақ халқының бастан өткізген нәубет жылдарын баяндайтын әсерлі әңгімелерін естігенде ынтамен құлақ түре отырушы едік. Біздің де жасымыз бел ортадан асқан шақта ел ағасы дейтін атқа лайық болуға тырысып бағудамыз. Өткені мен бүгінін ой таразасына салып, саралап, салмақтап, кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетуге бекінген ағалардың алды әрқашанда ақ жайлау. Кімді де болса жатсынбай, жақынымдай қарсы алып, әңгіме тиегін ағытудан, ел жайлы, ертең жайлы айтудан жалыққан емеспін.

Қорағатының бір төбесі саналатын ат төбеліндей ғана ауылымызда ес білгелі жақсы істерге жол салуға бет бұрғанымды төңіректегі жұрт жақсы біледі. Еңбек ауылынан шыққан «қазақтың Ыбырайы» да атандық. Туған жерді түлетуге қарлығаш қанатымен су сепкендей болса да үлес қоссам, менен асқан бақытты жан жоқ деп түйсіндім. Еңбектен шыққан ердің еңбегінің еленгені болар, бұл күндері бүтіндей бір округтің ақсақалдарының өнегелі өсиетін өргізер көшін бастап, ауылдың берекесін сақтауға хал-қадірімізше атсалысып отырған жайым бар. «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» демекші, ауыл тарихынан аз-кем сыр шертсем.

Әйгілі Жетісудың бір тармағы саналатын Шу өзенінің өзі талай сырды бүгіп жатқандай. Осы Қорағаты өзенінің Шуға құяр сағасын жергілікті ел баяғыдан «Құйған» деп атаған. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегенді ескерген ата-бабаларымыз, осы екі өзеннің тоғысқан жеріне бұрыннан қоныс тепкен. Кезінде осы өзендердің жағалауында атты кісі кіріп кетсе, көрінбейтіндей ну қамыс болған деседі. Міне, осы екі өзеннің ортасын жергілікті халық «Аша» деп атаған. Егер осы жерге қарасаңыз, екі айрық «Ашаны» осы «Құйғаннан» көзге елестетесіз. Яғни, Ашаның басы осы жерден бастау алады. Басы айыр болып басталған Шу мен Қорағаты өзендері сүйірленіп жақындай келе қосылған жерін «Құйған» деп атайды. Кезінде «Аша» болысына бағынған 12 старшын елдің қатарында біздің де ата-бабаларымыз болған.

1962 жылы Мойынқұм колхозына Коммунизм колхозы қосылып, қайта «Коммунизм» совхозы болып құрылады. Орталығы Мойынқұм болып қалады. Ал, 1965 жылы «Коммунизм» совхозы «Коммунизм» және «Дружба « совхоздары болып екіге бөлінеді. Бұрынғы Қорағаты ауылдық округіне қарасты Мойынқұм колхозының орталығы Дружба совхозы болып аталады. «Дружба» аталуының себебі, сол кезде осы елді мекенде 17 ұлттың өкілдері, атап айтсақ, қазақ, орыс, неміс, әзірбайжан, талыш, шешен, украин, поляк, ұйғыр, қарашайлар еңбек етіп, мекен еткен. Қиын кездері бір үйдің баласындай болып, бір нанды бөліп жеген өзге ұлт өкілдері қонақжай өлкемізде тұрақтап қалған. Ауылымыз әлі де Шу ауданындағы бірлігі мызғымаған көпұлтты ауылдардың бірі.

Өз дәуренінде ауылымыздың тіршілік қазанында қайнап, ерлігі мен еңбегімен еленген нар тұлғалы азаматтарымызды жас толқынға үлгі етіп келемін. Бастырмалата айтар болсам, майданнан оралғаннан кейін «Дружба» совхозының еңсе тіктеуіне үлес қосқан Совет Одағының батыры, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған Сәду Шәкіров, Социалистік Еңбек Ері атағын алған Әбдірахман Дәуітовтың есімдері ел жадында сақтаулы, ұрпақ санасынан да өшпек емес.

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем берер» деген өсиеттің мәнін терең ұғынғандықтан болар, жас та болса бас болып жүрген әкім інімізге қолғабыс етуге дайын тұрамыз. Алдағы уақытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп діттеген межелерге абыроймен жетеміз деген ниет басым.

Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ,

Қорағаты ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.