Бірлігі бекем ауылдың тірлігі көркем

0

“Жас келсе, іске” демекші, жастық жігерімді ауылдың өркендеуіне жаратпаққа бекінген мен Қорағаты ауылдық округі әкімінің орнына жаңадан ғана жайғасып жатқан жайым бар. Десе де, бұл ауылдың тыныс-тіршілігі маған таныс. Олай дейтінім, бір кездері осы ауылдың шаруа қожалықтарымен қоян-қолтық қызмет атқарғам, ауылдың қыр-сырына қанықпын десем де болғандай. Қорағаты ауылдық округіне Мойынқұм, Жи-енбет, Еңбек сынды үш бірдей ауыл кіреді.

Тұрғындар ауылдың тірлігі үшін қажетті жол, су, көгілдір отын құбыры, әлеуметтік нысандар құрылысы сияқты негізгі мәселелердің ақырындап шешімін тауып жатқанына разы. Мойынқұм ауылындағы төрт көшеге Балуан Шолақ көшесі, Т.Рысқұлов, А.Валимамедов, Қажымұқан көшелеріне «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша көктем-жаз айларында асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, тағы төрт көшеге Т.Бокин, Қазақстанның 60-жылдығы, Д.Қонаев және А.Даутов көшелеріне асфальт төсеу үшін мердігер компаниямен келісімшарт жасалып, жұмыстарын бастауда. Жиенбет ауылындағы 5 көшенің біреуіне ғана асфальт төселген, қалған көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Еңбек ауылы да дәл солай, бір көше асфальтталған, ал екінші көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Мойынқұм ауылындағы саябаққа екі жағына жаяу жүргіншілер жолы төселіп, бір жақ бетіне орындықтар қойылып, спорт алаңы орнатылды. Еңбек ауылы Еңбек бастауыш мектебінің кіші футбол алаңына түнгі жарықтандыру орнатылып, Еңбек бастауыш мектебіне қоршау жұмыстары жүргізілді. Жиенбет ауылында орналасқан кіші футбол алаңына да түнгі жарықтандыру орнатылды. Мойынқұм ауылындағы 9 көшенің басына көше атауларының бұрыштама көрсеткіштері қойылды. Қорағаты ауылдық округінің кіреберісіне жаңа қақпа тұрғыздық. “Асарлатып үй салу” жобасы аясында 30 тамыз-Конституция күніне орай ауылдағы көпбалалы бір отбасыға баспана берілді.

Бірлігі бекем ауылымыздың тірлігі де көркем. Өріске қойын өргізіп, егістен дәнін тергізіп жүрген шаруаларымыз ата кәсіптің қыр-сырын үйренуден жалыққан емес. Ауылымызда ауыз толтыра мақтана айта аларлық алма бағымыз бен жүзім бағымыз да бар. Ырзығымыз ауылымызды ғана емес, ауданымызды да жарылқап отыр. Жеміс-жидектердің түрлі сорттарын құнарлы жерімізге егіп, әсіресе алманың 36 түрінен өнім алып, нәсіп болар кәсібінің ауқымын кеңейтуге жол салған «Зам Зам» шаруа қожалығының жетекшісі Мирислам Аллахверанов көпке үлгі болып отыр. Міне, мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасында тындырылып жатқан тірліктер. Алдағы күннің еншісіне қойылған жүйелі жоспарларымыз да ойдағыдай іске асады деп сенемін. “Төрде басы, төскейде малы қосылған” ауылымызда бірлігі жарасқан бірнеше ұлт өкілдері біте қайнасып күн кешуде. «Ынтымағы жарасқан елдің ырысы артады» демекші өскен, өнген өлкенің өресі биік, өрісі кең болсын!

Әділ ДИХАНБАЕВ,

Қорағаты ауылдық округінің әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.