Қасымқұловтар отбасы – байқау жеңімпазы

0

Жуырда Жамбыл облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы бақыт мекенім» атты облыстық байқау ZOOM платформасы арқылы өтті.

Отбасылық байқауға аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімнің белсенді оқырманы Болатхан Қасымқұлов өз отбасымен белсене қатысып, аудан намысын қорғады.

Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Яғни бірінші кезеңде отбасы мүшелері өздерін таныстырса, екінші кезеңде өз өнерлерін паш етті. Ал, үшінші кезеңде викториналық сұрақ – жауапқа өтіп, қойылған сұрақтарға тұщымды жауап берді. Сондай-ақ, төртінші шешуші кезеңде сегіз қырлы, бір сырлы отбасы мүшелері қолөнер бұйымдарын таныстырып, әділқазы  мүшелерін тәнті қылды. Тартысты өткен байқауда отбасы мүшелері Асхат Әсен «Әке ана» әнін тебірене орындаса, немересі Нұрәли ата мен әже жайлы өлеңді нақышына келтіре оқыды. Қасымқұловтар отбасы сайысқа асқан қырағылықпен, шынайы қызығушылықпен қатысқанының арқасында жүлделі ІІ орынды иеленіп, арнайы дипломмен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды.

Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре білген берекелі отбасының үлгі-өнегесі өз алдына бір бөлек әңгіме. Тәрбие тал бесіктен демекші, үлгілі отбасының ырым-тыйымға, салт-дәстүрге ерекше ден қойғанын жазбай аңғарасыз. Отан от басынан басталады деген сөздің астарын кім-кімде болса жете түсінеді. Мемлекетімізді құраушы отбасы дейтін кішігірім мемлекетіміздің іргесі берік, түтіні түзу болсын! Білім мен салауатты өмірді жанына серік еткен жанұялар көбейе берсін!

Айгүл ТӨЛЕГЕНОВА,
АОКЖ-нің зағип және нашар көретін жандарға арналған бөлімнің меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.