Сот саласының сардары

0

Мемлекетіміздің нық дамуының тегеурінді бір тұғыры – заң саласы, соның ішінде әділет пен заңдылықтың күзетінде тұрған сот жүйесі екені сөзсіз. Еліміздегі осы саланың түбегейлі қалыптасып, одан әрі дамуына атсалысқан атпал азаматтар да баршылық. Солардың бірегейі ретінде ауданымыздың тұрғыны, отставкадағы судья Орынбасар Әбуовты айтуға болады.

Ол кісінің жүріп өткен жолы – желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншек жастардан бастап, біраз өмір белестерінен өткен аға-буынға да үлгі-өнеге. О.Солтыұлы 1949 жылы Көктөбе ауылында дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын 1972 жылы сот орындаушысы болып бастаған білікті маман әр жылдары түрлі қызметтің баспалдағынан өтеді. Дәлірек айтқанда, 12 жыл бойы нотариус және адвокат болып жұмыс істеп, заң саласындағы тәжірибесін арттыра түседі. О.Әбуов бұнымен тоқтап қалмай, білімін жетілдіру мақсатында талаптың тұлпарына мініп, ҚазҰУ-нің заң факультетіне оқуға тапсырып, оны 1983 жылы тәмамдап шығады. Ол өзі таңдап алған мамандығының мәртебесін әрдайым биікке көтеріп, әлі күнге дейін адал қызмет етіп келеді. Қайшылығы мол саланың соқпағын қарапайым сот орындаушысынан бастап, өз дара жолын жасап, сот сияқты салмақты саланың биігіне шығып, әділеттің ақ туын желбірете білді. Осылайша, еліміз егемендікке қол жеткізген елең-алаң шақта Шу ауданының судьясы қызметіне кіріседі. Сол тұста соттың қоғам өміріндегі орнын анықтап берген маңызды өзгерістер мен шешуші оқиғалардың уақыты болатын. Сапалық жағынан жаңара түскен сотты құру жөніндегі стратегиялық міндеттер түбегейлі және нық шешімдерді, айқын мақсатқа бағытталған соны іс-қимылды талап етті. Ал О.Әбуов білікті басшы ретінде бұл міндетті де ойдағыдай алып шықты.

1996 жылы Шу қаласының судьясы болып еңбек ете бастағанда аудан мен қала соты бірігіп кетеді. Сол себепті де араға уақыт салып, көршілес жатқан Мойынқұм ауданының судьясы қызметіне кірісіп, мұнда табаны күректей 10 жыл жұмыс істейді. Реті келгенде айта кету керек, сол жылдары ауданда тұтас 10 жыл бойы судья болып жұмыс істеген адамның болмағанын ескерсек, Орынбасар Солтыұлының білімді маман, білікті басшы бола білгенін аңғаруға болады. Кейіннен туған жеріне қайта оралып, зейнет жасына дейін осындай еңбек етті. Міне, осылайша сот саласына қызмет ету – оның өмірінің мәніне айналып, бірқатар тамаша кәсіби мектептен өтіп барып, ерен тұлға ретінде қалыптасты. «Сот саласындағы тәжірибемізді зейнетке шыққаннан кейін де мүмкіндігінше пайдаланып, жастарға ақыл-кеңес беріп, сот жүйесіндегі бастамаларға үн қосып отыруды жөн санаймын» — дейді кейіпкеріміздің өзі.

Жасыратыны жоқ, басқа мамандық иелері қателессе, түзетуге болар, ал сот аяғын шалыс баса қалса, жазықсыз жанға, бүтін бір отбасына қасірет әкелері айдан анық. Бұндай жағымсыз жайттың тұтас сот жүйесінің беделіне нұқсан келтірері де сөзсіз. Сондықтан басқа-басқа судьяға қателесуге әсте болмайды. Орынбасар Солтыұлы осы үдеден шыға білген білікті маман ретінде әлі күнге дейін сыйлы азаматтардың алдыңғы қатарында жүр. Көп жылғы бейнетпен шыққан биігін тастап, жер ортасына келгенде өмір жолын өзгерту кімге де болсын оңай соқпасы анық. Алайда, О.Әбуов өзінің жолын жастарға беріп, зейнет жасына абыроймен шықты. Сондықтан болса керек, бүгінде еңбегі еленіп, түрлі марапаттардың иесі де атанып келеді. Туған өлкесінің Құрметті азаматы атағын да лайықты алды. Жетпістің желкеніне шыққан шағында, яғни биыл ғана Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының өкімімен «Сот жүйесі ардагері» медалімен марапатталды. Бұл да оның заң саласындағы еселі еңбегінің еленгені деп білеміз. Әділдікті ту етіп ұстаған О.Әбуовтың ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалмағаны бізді де қуантты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.