Жастарға жат ағымға жығылмаудың жолы түсіндірілді

0

Кешегі азаттық аңсаған Алаш қайраткерлерінің ең алдымен сауатын медреселерден ашып, дүйім жұртқа қызмет етуі көп дүниеден хабар береді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Түбіміз түркі, дініміз Ислам, кітабымыз қасиетті Құранды насихаттауымыз керек» деп келелі ой айтқанын баршамыз жақсы білеміз. Ал сол қасиетті Құранға үңілсек, жауыздыққа үндеу, кісіге қиянат жасау, бүлік көтеру, басбұзарлық жасауға шақыру туралы бірде-бір аят таппайсыз. Себебі Ислам сөзінің өзі бейбітшілік, амандық деген асыл ұғымды білдіріп, соған шақырады.

Алайда соңғы күндері дін атын жамылып, жұртты араздастырып, қолға қару алып, толеранттылыққа төзбеушілік танытып жүрген жат ағымдар көп. Әлеуметтік желідегі жарылып жатқан жерлер туралы жаңалықтар тура іргемізде орын алғанда қорқыныш ұялағаны да жасырын емес. Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін мұндай ағымдар ата-бабамыз ұстанған асыл дінге керағар, дәстүрімізге томпақ келетіні сөзсіз.

Арнайы мамандар мұның барлығына Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы діни кадрлардың тапшылығы, еркіндікті еркінсумен шатастырып, елдікке сызат түсірушілерді бақылаудың әлсіздігі кері әсерін тигізді дегенді айтады. Тәуелсіздіктің 30 жылында 2 жарым мың мешіт, көптеген медреселер, сауат ашу курстары ашылып, бүгінде осының барлығы өз жемісін бере бастады. Мұның барлығын мемлекеттің дін саласындағы саясатты дұрыс жүргізгенінің нәтижесінде қол жеткен жетістік ретінде бағалаймыз. Сол кезде шет елдерге жіберген шәкірттер бүгінде білікті маман болып елге оралып, халыққа қызмет етуде. Солардың алды білімді де білікті, ел сыйлайтын азаматтарға айналды. Бүгінгі таңда діни сауаты жоғары мамандар жастардың түзу жолдан тайып кетпеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Осы мақсатта күні кеше ауданымызға белгілі ғалым, есімі елге таныс Мұхитдин Исаұлы арнайы ат басын бұрды. Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университеті ректорының ғылыми кеңесшісі, PhD докторы, дінтанушы-психолог, ауданымыздың бас имамы Бахтияр Амантайұлымен бірге көптеген жасқа кәсіби білім беріп жүрген №10 Шу колледжі студенттеріне дәріс оқыды. Жат ағымның жетегіне ермеудің шарттарын айтып, Отанды сүю, ата-ананы құрметтеу туралы насихатын жеткізді. Өзінің «Тұлға болам десеңіз» атты авторлық кітабынан үзінділер келтіріп, өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесі жөнінде әңгіме өрбітті.

Келесі кездесу Шу қаласындағы «Тарлан» спорттық-сауықтыру кешенінде жалғасын тапты. Басқосу барысында ғалым жаттықтырушылар мен жас спортшылар алдында асыл діннің құндылығы, кісілік келбеттің сақталуы, адамгершілік қасиеттің лайланбауы туралы сөз қозғап, адасқан ағымды ажырата біліп, одан сақтанудың маңызына тоқталды. Бір айта кетерлігі, М.Исаұлы мінберде ғана дәріс оқымай, жас спортшыларға жақын келіп, оларды ортаға шақырып, сұрақ қойып, жауап бергендерді арқасынан қағып, ынталандырып отырды. Әлбетте, мұндай форматтың бала санасына оңынан әсер ету мүмкіндігі зор. Осындай келелі кездесу Шу қаласындағы «Жібек жолы» мектеп-лицейінің оқушыларымен онлайн жүздесу арқылы өтті. Онда білікті маман өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолдарын ұсынды. Оқушылардың сауалдарына сауатты жауап қайырды.

Дәл осы күні дінтанушы теміржол қызметкерлерімен жиын өткізіп, аға буынның жас ұрпақтың тәрбие ісіндегі орны туралы тілдесті. Күнделікті өмірден мысалдар келтіріп, танымдық тұрғыда әңгіме өрбітті. Өскелең ұрпақтың тұлға болып қалыптасудағы алғышарттарына да тоқталып, жат ағымдардан сақтану жолдарын түсіндірді. Сала мамандары спикерге сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды. Бұдан бөлек, мұндай жиын Д.Қонаев ауылы мен Қант зауыты мөлтек ауданында да ұйымдастырылды. Қаладағы «Әбу Бәкір Сыддық» мешітінің жамағаты ғалыммен жүздесіп, оның тағылымына құлақ салып, елдің тыныштығын бұзатын жат діни ағымдарға қарсы тізе қосып күресу керектігі айтылды.

Ал келесі күні ғалымның қатысуымен аудандық «Жәми» мешітіне қарасты қалалық және ауылдық мешіт имам-молдаларына семинар өткізілді. Мұнда да өткір мәселелер қозғалып, діни қызметкерлердің халықпен араласуында байланыс жасауда, жат ағымдарға қарсы жұмыс жасауында ескеретін дүниелермен бөлісті. Бұл жұмыста психология, яғни танымның беретін әсері мол екені айтылды. Сауатты семинарға, оның лекторына ауданның бас имамы Б.Әміреев алғысын жеткізіп, әріптестері атынан ризашылық білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.