Жылыту маусымына дайындық – жіті назарда

0

Жуырда ғана Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ғабидолла Оспанқұлов Шу ауданында болды.
Ол ең әуелі Шу қаласындағы Макарон цехында болып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұрнағы жылдары «Элнур Адил Групп» ЖШС бірегей жобаны қолға алған болатын. Алайда, елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты мұндағы құрылыс жұмыстары сәл саябырсып қалған еді. Десе де, ағымдағы жылы серіктестік макарон цехы, диірмен, элеватор және қойма нысандарының құрылысын бастап, бүгінде біршама жұмысты аяқтап үлгерген. Жобалық құны 3,5 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаға Шу қаласынан екі гектарға жуық жер бөлініп берілген. Жоспар бойынша мұндағы диірмен тәулігіне 120 тонна, макарон цехы 22 тонна өнім өндіріп, айына 7000 тонна бидай сатуы тиіс. Ал бүгінгі таңда макарон цехына қажетті құрал-жабдықтар орнатылуда. Нысанның электр жүйесін жүргізу жұмыстары 90 пайызға аяқталыпты. Сәтін салса, цех үстіміздегі жылдың соңына дейін іске қосылуы тиіс.
Сонымен қатар Ғ.Абдоллаұлы «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысын көзбен көріп, жылыту маусымына дайындықтарын байқады. Оған қоса, Шу қаласындағы С.Шәкіров көшесінде жаңартылып жатқан жылу жүйесі құбырларының құрылысын да назардан тыс қалдырмады. Жалпы тоғыз жолдың торабында орналасқан қаладағы энергетикалық инфрақұрылымды сөз қылғанда, ең әуелі «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны еске оралатыны сөзсіз. Оның үстіне, дәл осы орталықтан 300-ден аса нысанға жылу беріліп отыр. Мемлекеттік инспектор жылыту маусымына дайындықты пысықтап, кез келген жағдайға дайын болу керектігін ескертті. «Орталық қазандықта көгілдір отынмен бірге қатты отынды пайдалануға да мүмкіндік бар. Сол себепті, төтенше жағдай орын ала қалса, қатты отынмен жылытудан тосылып қалмау қажет» — деді Ғ.Оспанқұлов.
Бұдан әрі Ғабидолла Абдоллаұлы аудан орталығында бой көтеріп жатқан «Оқушылар сарайының» да құрылысымен танысты. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысанның құрылысы аяқталуға жақын қалған. Болашақ білім ошағының құрылысына оң бағасын берген мемлекеттік инспектор аудандық аурухананың жылыту маусымына дайындық жұмыстарын көріп, Жаңақоғам ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, жуырда ғана ауыл тұрғындары сайлаған үш ауылдың әкімімен кездесті.
– Біз жергілікті атқарушы органдардың дербестігін нығайтуға бағытталған сайлау процесінің бірінші және маңызды кезеңдерін табысты өткердік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтар айында Парламент палаталарының бірлескен отырысында ауыл әкімдерін сайлаудың жаңа жүйесін жария еткені белгілі. Мемлекет басшысы сол кезде азаматтардың шешім қабылдау процесіне ықпалын күшейту үшін осындай серпін берудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осыған байланысты жаңадан сайланған әкімдерге үлкен жауапкершілік жүктеледі, -деді өз сөзінде мемлекеттік инспектор.
Аудандағы жұмыс сапарының соңында Ғабидолла Оспанқұлов аудан орталығындағы бірқатар білім ошақтарының жылыту маусымы қарсаңындағы дайындықтарын көріп, Әл-Фараби атындағы мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Сонымен бірге, «Шу-Бурылбайтал» автожолының құрылыс жұмыстарына да өз бағасын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.