Шулық спортшы Дубайда қола жүлде жеңіп алды

0

Жуырда ғана Дубай қаласында бокстан Азия біріншілігі түндігін түрген болатын. Құрлықтық бәсекеге еліміздің жастар мен жасөспірімдерден құрылған құрама командалары да қатысты. Екі аптаға жалғасқан былғары қолғап шеберлерінің жарысы тартысқа толы болды деуге негіз бар. Өйткені ел намысын тек қана ұлдар емес, сайдың тасындай іріктелген бұрымдыларымыз да абыроймен қорғай білді.

Олардың қатарында жерлесіміз, Белбасар ауылының тумасы Бақыт Сейдіш те бар. Болашағынан үлкен үміт күттіретін боксшымыз бүгінде Алматы қаласы «Шаңырақ» шағын ауданындағы «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатында» білім алуда. Алғаш рет үшінші сыныпта бокс залына аяқ басқан Бақыт 7 жыл бойы дәл осы спортты жанына серік етіп келеді. Ең әуелі Белбасар ауылындағы бокс үйірмесіне жазылып, ондағы Қайрат Шоңқабаев есімді жаттықтырушының мектебінен өтеді. Бастапқыда ауданішілік турнирлерде топ жарып жүрген жерлесіміз, араға уақыт салып республикалық бәсекелерде бақ сынай бастаған. Нәтижесі де жаман емес. Атап айтар болсақ, Алматы қаласының біріншілігіне қатысып, жарыс жеңімпазы атанса, өткен жылы ел чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген. Ал үстіміздегі жылы ел біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, жасөспірімдер арасында чемпион атанды. Бұл жеңіс Бақыт Саматқызына Біріккен Араб әмірлігінде өтетін Азия біріншілігіне жол ашты деуге де болады.
Осылайша, 17 жасқа енді ғана аяқ басқан жерлесіміз тұңғыш рет Азия біріншілігіне қатысып, қола жүлдеге қол жеткізді. 70 келі салмақта өнер көрсеткен Бақыт бұл жарыста өзбек боксшысына ғана есе жібергенін айтады.
– Дубайда өткен жарыс менің спорттық мансабымдағы ең үлкен бәсеке болды. Азия біріншілігіне алғаш рет қатысып отырғаныммен үшінші орыннан көріндім. Жартылай финалда өзбек боксшысына есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұттым. Бұл жетістігім үшін ең әуелі алғашқы жаттықтырушым Қайрат Шоңқабаевқа алғысымды білдіргім келеді. Бұл спортта бақ пен бап қатар шаппаса, жетістікке жету қиынның қиыны екені белгілі. Сондықтан білім ошағындағы жаттығулардан қалмай, үнемі бабымда жүруге тырысамын. Тараз бен Талдықорған қалалары мен Меркі ауданында өтетін оқу-жаттығу жиындары да жоғары деңгейде өтті, — дейді бұрымды боксшы.
Қазіргі кезде Алматы қаласындағы мектеп-интернатта 10 сыныпта оқитын Бақыт Саматқызы аталған білім ошағын тәмамдаған соң оқуын спорт колледжде жалғастырмақ.Оған қоса, жерлесіміз бүгінде жасөспірімдер арасында өнер көрсетіп жүрсе, келесі жылы жастар құрамасына ауысады екен. Спорттық мансабындағы ірі жеңісіне қол жеткізген жерлесіміз, жарқын жеңісінен кейін туып-өскен жеріне оралды. Бақытты «Белбасар» спорт кешенінің директоры Айдос Расилов бастаған топ құрметпен күтіп алып, арнайы сый-сияпат көрсетті. Сонымен бірге спорт мектебінде оқитын балғын боксшылар Азия біріншілігінің жүлдегерімен естелік суретке түсті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.