Мектеп түлектеріне білім грантын тағайындады

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын зер сала оқып, бағыт-бағдарын бажайлап, тереңіне үңілген атқамінерлер мәні бар тұжырымдаманы негізге ала отырып, өз алдына жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жақсылыққа бастар жобалардың бір төбесі саналатын әрі Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен берекелі іске жол салған «Жомарт түлек» жобасы жомарттығымен жаршылауда.

Туған жерін түлетпекке, өз жетістігін жас ұрпаққа үлгі етпекке, жомарттықтың дәнін екпекке бекінген жерлесіміз Махмұт Қасымбеков ауданда өткен «Жомарт түлек» форумында атымтай азаматтығын танытар жағымды жаңалығымен бөліскен еді. Яғни, өзі білім алған Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мектептің 1969 жылы бітірген түлектерінің атынан он бір жыл бойы озат оқыған, жағдайы төмен отбасынан шыққан екі оқушыға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне өздері қалаған кез келген мамандықта білім алуға мүмкіндік беретін грант тағайындағанын жеткізген еді. «Жақсы сөз-жарым ырыс» демекші берілген уәде уақыты келгенде орындалып отыр.
Мақтан тұтар марғасқа Махмұт Базарқұлұлы да бір кездері бір мектептің мерейін асырған озат оқушылардың қатарынан табылған азамат. Яғни, шуақты Шу жерінде орын тепкен Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің 1969 жылғы түлегі. Дана халқымыздың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» деген сөзі текке айтылмаса керек-ті. Соның айқын дәлелі болса керек, жастайынан білімге жол салған қос түлек атымтай ағаларының жомарттығына ілікті. Білім грантына ие болған алғашқы озат оқушы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің биылғы түлегі Бақтыбек Әсел Саматқызы. «Әдептілігі мен әсемдігі жарасқан Әсел мектеп қабырғасында жүргенде шығармашылық қырынан көрініп, эссе жазу байқауларында дараланған шәкірттердің бірі. Біліммен қаруланғаны бір бөлек, бұған қоса спортты жанына серік еткен Әсел баскетболдан командамен талай додаларға түсіп, тіпті облыстық байқаулардан жүлделі оралған кездері де болды. Өзі көпбалалы отбасынан шыққан әрі бауырларына қамқор, ата-анасына қолғабыс бола жүретін» дейді мектеп директоры Жазира Шалбаева. Айта кетейік, Әсел Бақтыбек Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің экономика факультетінің студенті атанды.
«Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу — біздің қанымызда бар қасиет» деп Елбасы атап өткендей, беделді тұлғаның білімге құштар балғындарды басынан сипауы-болашақты бағамдауы деп білеміз. Білім грантына ие болған, бабына сай бағы келіскен екі түлектің бірі Мұхтар Әуезов атындағы мектептің биылғы бітірушісі Зерде Ералықызы. «Зерделі Зерде мектеп қабырғасында жүргенде зеректігімен дараланған, елгезектігімен ерекшеленген, тез тіл табысуға бейімділігімен көзге түскен, біліммен қаруланған шәкірттердің бірі. Мектеп қабырғасында жүргенде түрлі байқауларға қатысып, әсіресе шығарма, эссе жазу сынды жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, мектептің абыройын биіктеткен Зерде Ералықызы берілген білім грантына әбден лайық оқушы. Оны шығарма жазудың шыңынан көрінген шәкірт десек те шатаспаймыз. Неге десеңіз, 2019 жылы республикалық «Айқанат» олимпиадасында жартылай финалға дейін жетіп, жетістікке жетті. Ол жалғызбасты әкесіне қолғабыс әрі артынан ерген екі інісіне үлгі болып келеді. Елорданың төрінде тұғырлы тізгінді ұстаған Шу өңірінің тұғырлы тұлғасы Махмұт Қасымбеков ағасының шарапаты тиген шәкіртіміздің ел астанасының еңселі білім ордасы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің білімгері атануы-Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп ұжымы үшін үлкен мәртебе» деді өз сөзінде мектеп директоры Тұрар Дұрманов.
Сауапты іске самалдай есілген, тұлпардай көсілген Махмұт Қасымбековтың бұған дейін де талай шәкірттерге базарлық сый жасағанын жақсы білеміз. Және бұл баянды бастама соңы да емес деп сенеміз. Осындай арқасүйер ағалары барда ел жастары, яғни біздер егемендігімізді елеулі етіп, азаттықтың ақ таңын арда тұтып, тәуелсіздік таңында толағай табыстарға жетуге талпынайық!
«Жомарт түлек» жобасына жол салған жерлестеріміз жасасын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.