Жаңа жыр жинағы жарық көрді

0

“Біреудің бағы тілінде, біреудің бағы уысында” демекші, шабыттана, арқалана өлең-жыр шығару — екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын,
өлеңді өмірім деп білген, өмірін өлеңмен өрген, жүрегін жырмен жарыстырған қай  ақынның болмасын бағын ашқан жыр шумақтары жерде қалған емес.

Сондай сезімтал жандардың бірі, жүрегінен жарып шыққан жырларымен жұртын сусындатып, рухани бұлағынан нәр берген, табиғаттың өзі тартқан ерекше талант иесі саналатын жандар біздің ауданда да бар екендігін мақтанышпен айта аламыз. Ұйқас құру бір басқа, поэзияның нәзік шетін, табиғатын меңгеру бір басқа. Осы бір екі үндестіктің тізгінін тең ұстаған Ахметжан Қосақовтың таяу күндері алғашқы поэзия жинағы — “Сезім тамшылары” атты кітабы поэзиясүйер қауымға жол тартты. Біз бұны танымды тұлғаның тәуелсіздікке тартуы деп түйдік. Оқырман қауымға Ахметжан Ақбұқаұлын таныстырып жату артық болар…

Өткен аптаның берекелі жұмасында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде өткен Ахметжан Қосақовтың “Сезім тамшылары” кітабын дәріптеген әдеби кешке ақын Тампылбай Молдақұлов, аталған орталықтың директоры Бағдагүл Алжанбаева, аудандағы кітапханашылар, М.Әуезов және Е.Бекмаханов атындағы орта мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Әуелі кеш қатысушылары әсерлі кешке әр берген, Ахметжан Ақбұқаұлының өмірінің жарқын сәттерінен көрініс берер естелік суреттер қойылған фотогалереяны тамашалады. Мұнан соң көптен күткен сәт туып, Тампылбай Молдақұлов пен Бағдагүл Алжанбаева “Сезім тамшылары” кітабының қызыл лентасын қиып, кеш қонақтарына таратты.

Көбіне проза жанрында қалам тербеген журналист-қаламгер ара-тұра тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер өлеңдерін өзінше өрнектеп, көңілі түскен жандарға арнауын арнай жүретінін де жұрт жақсы біледі. Жетпістің желкенін керген ақынның жырларының жұлдызы жанғанына қарап, өлеңдерінің өлмес ғұмыры бастау алды десек те болғандай.

Дәл осы әдеби кеште ақынның жыр жинаққа енген өлеңдері асқақ сезіммен орындалды. Кітап иесінің туған немересі Қосақов Ескендірдің де осы кітаптың шығуына үлкен көмегі тигенін, шабытқа мінген атасының әр өлең шумақтарын қағазға түсіргенін тілге тиек ете кеткен жөн. Бұған қоса мерекелік кеште атасын арнайы құттықтай келген Ескендір Арманұлы «Ерке сылқым» өлеңін мәнеріне келтіре оқып шықты. Тиісінше кеш қонақтары қадамы қарымды, адымы алымды қаламгерге ізгі тілектерін жаудырды.

Биылғы жылдың тәу етер жыл екендігін жыл басынан бері жазып келеміз. Тәуелсіздіктің бағасын түйсініп, егемендігімізді елеген, азаттық жолында өзіндік сүрлеуі бар ардақтыларымызды арқалы жырларына қосқан Ахметжан Ақбұқаұлын ардың биігінен көріне білген азамат десек артық айтқандық болмас. Тағдырдың жазуы болар, “Басқа түссе баспақшыл” дейтін ұстанымда жүрген ақын ағамыз қос жанары көрмесе де, санасы сайрап тұр. Жырларын жүрекпен жазады. Көздің соқырлығынан, көкіректің соқыр болғаны сор дейді мұндайда.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында: ««Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш» деген сөздерінің түсінген жанға салмағы басым. Осы бір ой саларлық оралымды тіркестерді жанымен ұғынған атқамінер азаматтарымыз «Әкімі ақынын сыйлаған ел бақытты» деген сөздің үдесінен шығып, ақынға лайық марапатты көрсетер деп сенеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.