Ашықтық — жемқорлыққа қарсы әдіс

0

Адамдардың дүниеге, байлыққа құнығушылықтары арадағы адамгершілік қарыс-қатынастарды, сыйластықты жоқ қылып, бірін-бірі аярлықпен алдайтын алаяқтыққа, жемқорлыққа алып келетіні анық. Сыбайлас жемқорлық атты жең ұшынан жалғасқан кесел адамзат қоғамы қалыптасқан көне заманнан бері бар.
Жемқорлық дегеніміз — ол өзінің қызметтік лауазымын пайдалана отырып, оны жеке мүддесіне жарату. Қылмыстың бұл түріне қатаң қадағалау болмаса, ол ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіні белгілі. Әрбір азамат, әрбір мемлекеттік қызметші әрдайым ешқандай іс-әрекетке бармай, басқа да тұлғалармен байланыста болмай, өз әрекеттеріне сыни көзбен қарай білсе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тойтарыс берілуіне септігін тигізеді деп ойлаймын.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген. Алайда бұл кесел жасырын түрде жасалатындықтан, көп жағдайларда азаматтардың құзырлы органдарға хабарламауы салдарынан беймәлім қалып, жемқорлыққа тосқауыл қойылмай қалады. Сондықтан халықтың жемқорлыққа қарсы көзқарасын, ұстанымдарын өзгертіп, жемқорлықпен күресуді бүкіл халық болып қолға алған жағдайда ған жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады.
Елімізде барлық салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда. Осы орайда, соттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған жұмыстар жүргізуде. Заңды қалтқысыз орындау принципін қатаң қадағалау экономикалық өсімнің кепілі болса, қоғамдағы заңның мүлтіксіз орындалуында бірінші кезекте сот жүйесі негізгі рөл атқарады. Бүгінгі таңда елімізде сот жүйесінің өзіндік заңдық базасы қалыптасқан. Әділ сот жүйесінің жұмысы әлемдік стандарттарға сәйкестендіріп, соттың тәуелсіздігін кепілдендіретін құқықтық тетіктер енгізіліп, сот жүйесі реформаланып, халықтың әділ сотқа қолжетімділігі арта түсуде.
Жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуде тиімді тетіктердің бірі — автоматтандыру және электронды сервистерді көптеп іске қосу болып табылады. Соттарда барлық істер автоматты түрде судьяға бөлініп, іске қатысты әрбір әрекет электронды сервис, яғни, сот жүйесінің «Төрелік» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Ал, тараптар істің қозғалысын «Сот кабинеті» сервисі арқылы қадағалап отырады. Сонымен бірге, республиканың барлық сот залдары Жоғарғы Сот ғимаратындағы ахуалдық орталыққа жалғанған. Яғни, жергілікті соттарда өтіп жатқан кез келген істі Жоғарғы Сот қосылып, көріп, қадағалай алады. Соттардағы кіріс-шығыс құжаттары көбіне электронды түрде қабылданып, электронды түрде жолданады. Мұның барлығы халықтың уақытын, қаржысын үндемдеуіне себепші болып, бюрократиялық кедергілерді жоюға ықпалын тигізіп, сот жүйесінің ашықтығын қамтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізіп жатыр деген сөз.
Қорыта атқанда, сыбайлас жемқорлық мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетіп, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сондықтан әрбір азамат сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды және онымен күресуді міндетім әрі борышым деп білуі қажет.

Ғ.РАХМАНҚҰЛОВ,
аудандық соттың судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.