Сүріндірмес қара нарға артқан жүк

0

Биыл елеулі жыл, яғни өз алдымызға еңсе тіктеп, егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Отыз жылда ойға алған, орындалған оңды істеріміз қаншама?! Тәуелсіздік таңындағы жүріп өткен жолдарымыздың, жеткен жетістіктеріміздің басында әманда Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғандығы тайға таңба басқандай айқын. Талай тартыстарда тайсалмай, тәуелсіздігіміздің тұғырынан таймауына телегей тер төккен, туымызды төрімізде тербеткен, өзге елмен тереземізді тең еткен Елбасымыздың көрегендік танытып, ел тізгінін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстауын дүйім жұрт қос қолдап қуаттаған болатын. Міне, содан бергі екі жылдың өзінде тындырылған ілкімді істер жетерлік.
Өткенді бағамдап, ертеңгі күнге жүйелі жоспар құру қанымызға сіңген қасиет қой. Соның бір айғағы, күні кеше ғана қалың бұқараға жол тартқан мемлекет басшысының Жолдауы екендігі көпке мәлім. Ой сүзгісінен өткен, уақыт сұранысын өтейтін Жолдаудың әр жолына тереңінен үңіле, зер сала оқып шықтым. Парасатты Президентіміз «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің негізі» атты Жолдауында әр салада ақсап тұрған дүниелерді дөп басып, аяққа тұрғызудың дұрыс жолын даналықпен көрсеткен.
Мемлекет басшысының «Егемендік дегеніміз-жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы-әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы» деген сөзінен-ақ әлеуметтің әлеуетін арттыруды алғы шепке қойғанын маңызды құжатқа «ә» деп бас қойғаннан-ақ байқаған боларсыздар. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру шешімін қабылдап, бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болатынын айтты. Бұл-құп көрерлік, қуантарлық жаңалық. Неге десеңіз, бұл берекелі бағдарламалардың игілігін біздің аудан да көрген болатын. Шаруасы шалқыған шулықтар үшін Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына да басымдық берілгені көңілдерін күптеуде. Қызмет бабымен аудандағы әр ауылға барып, халықтың базынасын естігенде көбіне ағын судың тапшылығы, жайылымдық жердің жеткіліксіздігін естиміз. «Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс» делінген Жолдаудағы мына бір жол жоғарыдағы мәселелердің шешіміне айналар. Шын мәнінде ауыл шаруашылығы саласына негізделген жолдаудағы шешімдер агроөнеркәсіп секторына оң ықпал етеді деп ойлаймын.
Бәріңізге белгілі, екі жылдың айналасында әлемді дүрліктірген коронавирус індеті біздің елімізді де есеңгіретіп жіберді. Қазіргі таңда эпидахуал біршама тұрақталып келеді. Десе де, ел арасында дүрбелең әлі де басылмай тұр. Көпшілік арасында вакцина салдыруға келгенде керағар түсінік пайда болуда. Алайда адасқан жұрт вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті дертке тосқауыл қойылғанын мойындағысы келмейді. Президентіміз Жолдауында «Қазақстан-коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі» екендігін айтып, жаппай екпе салуға шақырды. «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау керектігін, медицинаға құйылатын қомақты қаржының маман даярлауға, инфрақұрылымға, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалу қажеттігін айтып өтті.
«Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздікі» демекші, өзімнің еңбек жолымды ұстаздықтан бастағаннан болар, әр жылда Жолдауды асыға күтіп, мұғалім мәртебесі сөз етіле ме деп елеңдейтіндердің бірі мен едім. Бұл жолы да сол қалпымнан танған жоқпын. Педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейетінін, ұстаздарды қолдау саясатының жалғаса беретінін оқып, бір серпіліп қалдым. Бұған қоса, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтерілетіні қуанышымды одан әрі еселеді. Байыппен жазылған, бірсыдырғы Жолдаудың басым бағыттарының бірсыпырасын ғана айттым. Әрбіріңізді ден қойып, оқып шығуға үгіттеймін! Өйткені, бәрімізге ортақ міндетке бірге жұмылмақ керек!
Тарих беттерінде қатталып қалар бұл маңызды құжаттың өн бойындағы межелі міндеттер мезетінен бұрын орындалса, мемлекетіміздің мерейі үстем болмақ. «Бірлігіміз-әралуандықта» деген басты қағидамыз өзгермей, ұлт болып ұйысып, ұлы істерге жол салайық! «Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады» деген Көшбасшымыздың ұранды сөзін әрбір атқамінер азаматтарымыз жанымен ұғынса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Жасұлан ӘБЕНОВ,
аудандық мәслихат хатшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.