Өзекті ойға өріс кең

0

Байтақ қазақ елінің тілі де бай ғой шіркін! Қазақ тілі — ғажап тіл, оның ерекшелігі — оның байлығында.
Мысалы, көркем сөз шеберлігі бізде ертеден қалыптасқаны сонша, көнерген, тарихи сөздеріміздің өзі бүгінгі күнге дейін ерекше дыбысталады. Тілдің қадірі кетіп, құты қашқандай болғанын қаламайтынымыз рас, бірақ сонда да арасында шет сөздерді қосып сөйлейтініміз де жасырын емес. Елдің елдігі оның тілінде, бірлігінде, дінінде деп білемін. Дәл осы бір тақырыпта көптеген жобалар жасалып, жарыстар ұйымдастырылып, тілдің өзектілігі қолға алынып жатқаны — өте қуантарлық жағдай. Ғабит Мүсірепов айтқандай:
«Өссе тілім менде бірге өсемін,
Өшсе тілім, менде бірге өшемін». Ұлтаралық достық, этносаралық татулық мәселесін айтқанда, тілді айналып өте алмаймыз. Өйткені, тіл – бір-бірімізді түсінісуімізге, тереңірек ұғынуымызға жол ашатын жалғыз құрал. Мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі елімізде барша азаматтар үшін ұлты мен нәсіліне қарамастан темірқазық тілге айналғанын шын көңілімізбен қалаймыз, бірақ басқаша болуы да мүмкін емес. Олай дейтін себебім, мәселен, өркениетті елдердің қай-қайсысына барсаңыз да, мемлекеттік тілдерінің үстем екенін байқайсыз. Сол елдің барлық азаматтары бір тілде сөйлеп, бір тілде тіршілік жасайды. Ал, ұлттар әртүрлі болуы мүмкін. Демек, мемлекеттік тілдің қоғамды топтастырып, елді біріктірудегі тигізер үлес-салмағы аз емес. Осы тұрғыдан келгенде мемлекеттік тілді ардақтап, құрметтеуді әрбір қоғам мүшесі саналы түрде үйренсе дейсің. Бәлкім, бұл жағдайда сананы өзгерту қажеттілігі туар…
Сананы өзгертудің бір ұшы мемлекеттік тілге деген оң көзқарас орнықтырып, соған сай әрекет ету керектігі де мәлім. Дегенмен де Тәуелсіздігіміздің тұғыры болып отырған мемлекеттік тілімізді әрдайым ардақтап, басқа ұлт өкілдерін дәріптеп, патриоттық сезіммен кеудемізді кернеп тұрып, өз тілімізді жан ұшыра қорғауға тиіспіз деп ойлаймын.

Ж.КАСЕНОВА,
Шоқпар ауылдық кітапханасының кітапханашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.