Қала тазалығы – өз қолымызда

0

Күздің алғашқы күнінен бастап өңірімізде көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстары басталғаны белгілі. Осы екі айлықта қала мен ауылдағы ағайын жұрт болып жұмылып, төңіректі қоқыстан тазартуға кірісетінін де жыл сайын көріп жүрміз. Ал бұл үрдіс үстіміздегі жылы ерекше қарқын алған сыңайлы.
Жасыратыны жоқ, Шу қаласының қай тұсына бас сұқсаңыз да қоқыстың неше түрі аткөпір болып жататын. Басқа жерді айтпағанның өзінде, қоғамдық жер саналатын теміржолшылар саябағына кіре қалсаңыз, қоқыстан аяқ алып жүре алмайтынбыз. Тіпті, саябақта қазылған шұңқырдың бұрыш-бұрышына төгілген күл-қоқыс өртеніп, одан шыққан қолаңса иіс төңірекке тегіс жайылған кездер де болды. Одан бөлек, қалалықтардың бірқатары күл-қоқысын үйінің іргесіне төгіп, айналасына шыбын үймелетіп отыра беретінін де көзбен көрдік. Сайып келгенде бұның бәрі тұрғындардың экологиялық сауатының төмендігі мен қала басшылығының салғырттығынан болғаны рас. Алайда, қалалық әкімдік биылғы жылы қаланы қоқыстан тазартудың тетігін тапқан сыңайлы. Өйткені, Шу қаласының бүгінгі келбетіне қарап, еріксіз осындай ойға шомасың. Теміржолшылар саябағы да баяғыдай емес, ондағы күл-қоқыстар әр күн сайын тазартылып, саябақтың сәні кіріп қалған. Қант зауыты мен батыс мөлтек ауданындағы тазалықты да бірден байқауға болады. Қаладағы Қ.Сәтпаев, С.Шәкіров, Сыпатай батыр, С.Сейфуллин, Д.Қонаев сынды басты көшелер мен орталық базардың маңы да ретке келіп қалған. Әлбетте, оның бәрі ең әуелі қалалық әкімдіктің жұмысты үйлестіре білуінде, екіншіден ертелі-кеш тынымсыз жүретін қоғамдық жұмысшылардың еселі еңбегі. Үстеріне қызыл-сары киім киіп, қолдарына сыпырғы ұстаған оларды жұрт көп елемейді. Таңмен таласа келіп, түртінектеп жүріп тірлігін бастайтын қоғамдық жұмысшылардың еңбегіне тек қана алғыс айтамыз.
Алайда, қоғамдық жұмысшылардың күні бойы істеген тірлігін бір адам бір сәтте ғана жоққа шығаруы мүмкін. Мәселен, қаланың басты көшелерін таңертең түгел тазалап шықса, түстен кейін әлдекім қоқыс тастап, оны көрген адамдар «қала лас екен, көшелерінің тазалығы жоқ» деп бірден баға бере салатыны анық. Сол себепті, қаланың тазалығына қоғамдық жұмысшылармен қатар, жергілікті тұрғындар да мүдделі болуы тиіс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.