«Кел, балалар, оқылық!»

0

Жуырда ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қыркүйектен бастап оқушылардың дәстүрлі форматта оқитынын айтқан болатын. Осыған байланысты биылғы Білім күнінде оқушылар араға бір жарым жыл салып, алтын ұя мектептерімен қайта қауышты. Барлық мектептерде алғашқы қоңырау үні естіліп, мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дәл осындай игі шарадан ауданымыздағы білім ошақтары да қалыс қалмай, Білім күнін ерекше атап өтті.

Жүздері бал-бұл жайнаған бүлдіршіндер құшақтарын гүлге толтырып, алтын ұя мектептеріне ағылып жатты. Себебі, бұл күн алғашқы сыныпқа аяқ басқан, сыныптан сыныпқа көшкен оқушылар үшін тебіреніс пен толқынысқа толы ерекше есте қаларлық сәттердің бірі екені анық. Мектеп атты кеменің ескегін есіп көрген кез келген жанды бей-жай қалдырмайтын бұл мереке аудандағы барлық білім ошақтарында аталып өтті. Осы ретте аудан әкімі Нұржан Календеров Шу қаласында орналасқан Т.Рысқұлов атындағы мектепте болып, «Кел, балалар, оқылық!» атты салтанатты жиынға қатысты. Мерекелік шара барысында аудан басшысы мектеп ұжымын Білім күнімен құттықтап, оқушыларға сәттілік тіледі.
–Адамзатты алға бастырып, кемелдендіретін дүниенің кілті ол – білім. Қараңғыны жарық, алысты анық ететін де осы білім. Ендеше баршаңызды күздің бірінші күнімен тұспас-тұс келген білім күнімен, жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі мен кемеңгерлігінің арқасында жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру мәселесі бүгінгі және ертеңгі уақыт талабына сай жетілдіріле түсуде. Бұл сындарлы саясат ата-бабамыздың «Білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген өнегелі өсиетінің өміршең екендігін айқындайды. Белгілі педагог К.Ушинский «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істердің бірі» деп оқу ісіне дәл бағасын берген.
Қай заманда болмасын білім әрдайым бірінші кезекте тұрады. Сондықтан Үкіметтің үлкен қолдауы ең әуелі білім саласына бағытталады. Кемел келешектің есігін қағар әрбір шәкіртке елдің қамын жеуді, сауатты азамат болуды, ұлттық құндылықты игеріп өзгеге насихаттауды айтқым келеді. Ұстазын ұлықтаған, өткенін ұмытпаған ұғымды ұл-қыздар болуларыңызды тілеймін. Баршаңызды тағы да алғашқы қоңырау мерекесімен, білім күнімен шын ықыласпен құттықтаймын! Жаңа оқу жылы жемісті, жеңісті жыл болсын,-деді Нұржан Сәбитұлы.
Санитарлық талаптарға сай өткен кең көлемді шараға ұстаздар, ата аналар және оқушылар қатысты. Шара барысында ата-аналардың атынан сөз сөйлеген Юля Искаилова өзінің ақжарма тілегін білдіріп, оқушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Айта кету керек, биылғы оқу жылының ерекшеліктерінің бірі – Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппенің» қайта оралуы болды. Осыған орай, аудан әкімі Н.Календеров пен аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы М.Жинақбаева мектеп табалдырығын жаңадан аттағалы тұрған бүлдіршіндерге «Әліппені» салтанатты түрде табыс етті. Мерекелік шараның соңында оқушылар әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі.
***
Сырлы күздің алғашқы күнінде еліміздің түкпір-түкпірінде алғашқы қоңырау сыңғырлап, сәмбі талдай сән түзеген оқушылар сағына, сарыла күткен мектептеріне қарай сабылды. Неге десеңіз, әлемді әлекке салған індеттің салдарынан екі жылдың айналасында сан мыңдаған оқушы қашықтан оқуға мәжбүр болып, алтын ұясымен қауышар күнді тағатсыздана күткен еді. Міне, таяу күндері эпидахуал біршама тұрақталып, қазақстандық білім ошақтары шәкірттеріне есігін айқара ашты. Қазақтың маңдайы жарқыраған тұлғасы Мұхтар Әуезовтың атымен аталатын, аудандық мәслихаттың депутаты Дұрманов Тұрар басшылық ететін ауданымыздағы маңдайалды мектепте де Білім күні аталып өтті.
-Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, қазақтың ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы аталып өтілуде. Осындай атаулы жылы мектеп табалдырығын аттағалы отырған 1 сынып оқушылары үшін тарихи сәт. Себебі, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың көрегендігінің арқасында қазақ халқының ұлы ағартушы ұстазының бірі Ахмет Байтұрсыновтың тіл құралы ретінде шыққан “Әліппе” мен “Букварь” пәндері араға жылдар салып қайтып оралды. Президент тапсырмасына сәйкес педагог мәртебесі жылдан жылға артып келеді. Бұл-ұстаздар қауымы үшін үлкен мәртебе деп білемін. 2021-2022 оқу жылында мектебімізге 1 сыныпқа 62 бүлдіршін қабылданып, қара шаңырақтан білім алмақ. Жаңа заманның ұрпағын біліммен қаруландыруға ұстаздарымыз бар күш-жігерін сарп етеді деп сенемін,-деді мектеп директоры Тұрар Мұханбетханұлы. Мұнан кейін мектептің қадірлі қонағы, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Шолпан Рысалиева сөз алып, ұстаздар қауымына, шәкірттерге ізгі тілегін жеткізді.
Ашық аспан астында өткізілген салтанатты шарада ұлтымыздың ұлы ұстаздары Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтың образын сомдаған қос азамат тұғырлы тұлғалар атынан жас өрендерге өсиетін айтып, жаңа “Әліппенің” тұсауын кесіп, 1 сынып оқушыларына тарту етті. Мерейлі мерекеде мектеп оқушылары әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, көпшіліктің көңіліндегі кірбіңді сейілтті. Бұған қоса, М.Әуезов атындағы мектептің 11 сыныбынан төрт түлек, 1 сыныпқа қадам басқан төрт жеткіншек мектеп қоңырауын сыңғырлата соғып, білім ордасын сағынғандардың құлақ құрышын қандырды.
Әу баста биылғы жылдың тегін жыл еместігін құлаққа сіңісті еттік. Төрімізге “Әліппеміз” жайғасып, әрімізді кіргізбек. Отыз ойлы озық елдің қатарында оза шабуға бекінген еліміз осы отыз жылдықта етек-жеңін жиып, біліммен бұрынғыдан да бек қаруланады деп сенеміз! Шуақты Шу өңірінен білімімен тас жарып, шыңға шығар шәкірттер тәрбиелене берсін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.