Оқ пен оттың ортасында

0

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлім­дегі жарылыс қаймана қазақтың қабырғасын қайыс­тыр­ды. Ай мен күннің аманында 15 сарбаз көз жұмды. Арыс оқиғасынан сабақ алмағанымыз ба? Тараз маңындағы жарылыс осыны дәлелдеп тұрғандай.

Десе де, апаттың аты – апат. Оқыс оқиғаға қатысты бір жетіден бері нақты байламнан гөрі түрлі болжам айтылып жатыр. Құзырлы органдар тек ресми ақпаратқа се­нуге шақырса да, әртүрлі қауесет­тер тұрғындардың үрейін алғанын да жасыра алмаймыз.

Жарылыстан қауесет қорқынышты болды

Сонымен, жарылыс болған күн­нің ертесіне өңірге жедел жет­кен еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ең алғашқы ресми ақпаратты жариялады. Ха­барламасын министр жарылыс сал­дарынан қаза тапқан төрт әс­кери қызметкерге көңіл айтудан бастады. Сондай-ақ Нұрлан Бай­ұзақұлы оқиға желісін тарқатып айтып, жарылыс қоймадан шық­қан өрттен болды деген болжамын жеткізді. «Халыққа қазір келер еш қауіп жоқ» деп барынша басу ай­туға тырысқан министр сол күні отставкаға кететінін де мәлімдеді.

Ал облыс әкімі Бердібек Са­парбаев жарылыс кезінде жақын маңдағы ауыл үйлерінің тек тере­зесі мен есіктері сынғанын айтып, дегенмен оларға мемлекет тара­пынан барлық қолдау болатынын жеткізді.

Расында оқиға болған күні облыстық штаб құрылып, әскери бөлімге жақын орналасқан үш ауылдан 718 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олар 10 мектеп пен 5 колледждің жатақханасына ор­наластырылды. Эвакуацияланған тұрғындардың барлығы қажетті дәрі-дәрмек және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Жарылыс салдарымен күресу үшін 1 000-нан астам адам, 120 техника және 30 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды. 88 адам түрлі дене жарақатымен Тараз қа­ласы мен Байзақ ауданындағы ауруханаға жеткізілді. Олардың 60-ы жеңіл жарақат алуына бай­ланысты алғашқы медициналық көмектен кейін үйлеріне қайта­рылса, 28 адам ауруханаға жат­қы­зылған. 6 адамның жағдайы ауыр болды.

Теміржол қозғалысы толықтай тоқтап, Алматы бағытына бағыт­талған тасжол да тарс жабылды. Осылайша, бейбіт күнде соғыс өртін бастан кешірген бұқара қан­дай ақпаратқа сенерін білмей қал­ды. Өйткені әлеуметтік желі­лерде түрлі қауесет желдей есті. Оның бірі жарылыс салдарынан «Киров» су қоймасы жарылып, «Тараз қа­ласы су астында қалады» деген үрейлі ақпар еді. Осындай қауе­сет­ке сенген халық Тараз қаласынан Жуалы ауданын бетке алып, үдере қашты. Осыдан кейін Тараз–Шым­кент тасжолының бойында ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болып, жанар-жағармай бекет­терінде де ұшы-қиыры жоқ кезек қалыптасты. Бұл бұқараның үрейін тағы еселеп, көлігі жоқ халық көше кезіп кетті. Осы сәтте әлеуметтік же­лідегі тағы бір топта «Байзақ ауда­нындағы жарылыстан жұрт жаппай қырылып жатыр» деген қауесет тарап, жақындары елді ме­кенде қалған халық ауылдарға тұра ұмтылды. Бірақ дер кезінде Авто­бекет маңында орнатылған өткізу бекеті бұқараға басу айтып, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Шы­нында, қауесет таратқан тұр­ғын кейіннен ұсталып, өз ісіне өкінсе, әскерилер мен ауыл тұр­ғындары арасында ұйымдас­ты­рылған еріктілер жарылыс маңына жақын орналасқан ауыл халқын тұтастай қауіпсіз жерге көшірді. «Корив» су қоймасында биыл су деңгейі мүлде төмен екені көрсе­тілген суреттер жарияланғаннан кейін Жуалы ауданын бетке алған ағайын да ат ізін Таразға қайта бұрды. Алайда бұл күні жарылыс үні түнгі сағат 00.00-ге дейін ба­сылмады.

Үш күнде 10 үйдің үміті үзілді

27 тамыз күні бұқара 4 қаза тап­қан әскерилердің жақындарына көңіл айтып, қайғысына ортақта­сып жатқанда түс ауа тағы суық хабар жетті. Жарылыс орнынан Өрт сөндіру командасының басты­ғы Еркін Нәдірбековтің денесі та­былды. Ол оқ-дәрі қоймасындағы өртті сөндіру жұмыстарын тікелей басқарған екен. Осы күні өз әскери борышын өтеуге аттанған жақын­дарының тілеуін тілеп отырған тағы жеті үйдің үміті үзілді. Оқыс оқиғадан ажал құшқандардың саны 12-ге жетті.

28 тамыздың таңы тағы қиын басталды. Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан әскерилер тағы бір адамның денесін тапты.

Бұл тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сыр­масымен облысқа жеткен Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Байзақ ауданында құрылған штабпен тексеріс жұ­мыс­­тарын бастап кетті. Олар қира­ған нысандарды зерделеп, өрт ке­зінде зардап шеккен тұрғындар мен жараланған әскерилермен кездесті.

29 тамыз. Түскі сағат 12.20 ша­масында Байзақ ауданы маңынан жарылыс үні естіліп, көпшіліктен тағы маза қашты. Алайда құзырлы органдар жарылыстың болғанын растағанымен одан ешкім жарақат алмағанын хабарлады. Осы күні Байзақ ауданында болған оқиғаға байланысты құрылған облыстық жедел штаб мүшелері ғылыми-зерттеу қызметкерлерімен әскери бөлімге жақын орналасқан 3 ауыл­дың тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарын түгелдей зерттеді. Жөн­деуді қажет ететін 118 жылжы­майтын мүлік анықталса, оның 106-сы тұрғын үй, 12-сі ком­мер­ция­­­лық нысан. Анықталған 106 тұр­­ғын үйдің 35-сі күрделі жөн­деуден өтетін болса, қалған 71-і жеңіл зақымдалған. Алайда олар да қалпына келтіріледі. Құрылыс жұ­мыстарына Үкімет пен жер­гі­лік бюджеттен және демеушілер тара­пынан берілетін қаражат жұмсалмақ.

жарылыс

– Бүгін бір үйдің күрделі жөн­деу жұмыстары басталса, қалған үйлер бойынша құрылысшылар ертеңнен бастап іске кіріседі. Екі айдың ішінде барлық үйді қалпына келтіреміз деп өзімізге міндеттеме алып отырмыз. Оған біздің мүм­кіндігіміз де, құрылысшылар күші де жеткілікті.

Әлеуметтік нысандарға келсек, 3 мектепке зақым келген. Әсіресе, қатты зардап шеккені – Жібек Жолы ауылындағы білім ордасы. 118 бала оқитын білім мекемесінің іргесі 1956 жылы қаланған. Ескі мектептің орнына жаңа ғимарат салуға шешім қабылданды. Жеңіл зақымдалған Үшбұлақ пен Ба­зарбай ауылдарындағы мектептер демеушілер есебінен қалпына ­кел­тіріліп жатыр. Олар бірінші қыр­күйекке дейін дайын болады.
Дәл сондай бір медициналық пункт те бір апта ішінде толығымен жөн­­деледі, – деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Осылайша аймақ басшысы жүйелі жоспармен бөліскенімен, кешкілік оқиға орнынан тағы бір адамның денесі табылды. Қаза тапқандардың саны 14-ке жетті.

Жаралы әскерилер жалған сөйледі ме?

30 тамыз да жағымды жаңалы­ғын әкелмеді. Із-түзсіз жоғалып кеткендерді іздеу барысында об­лыстық Полиция департаментінің кинолог маманы Нұрбол Төребек «Мона» есімді итімен 15-ші әске­ридің денесін анықтады.

Бұл күні жанға жылу бергені Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың Жарлығымен Бай­зақ ауданында болған өрт пен жарылыстан қаза тапқан әске­рилерге тағайындалған мемле­кет­тік наградалар жақындарына табыс етілді. Облыс әкімі Жамбыл облыс­тық Төтенше жағдайлар де­парта­менті өрт сөндіру және ава­риялық-құтқару жұмыстары қыз­меті бас­тығының орынбасары Мейіржан Аймановтың туыстарын қабылдап, «Халық қаһарманы» ата­ғының айрықша белгісі – «Ал­тын жұлдыз» бен «Отан» орденін марқұмның ұлына табыс етті. Сон­дай-ақ өңір басшысы «Халық қаһарманы» Ме­йіржан Амановтың құрметіне ескерткіш қойылатынын жеткізді.

Сонымен қатар бұл күні тө­тенше жағдай кезінде қаза тапқан №28349 әскери бөлімінің ведом­стволық күзет командасының ат­қышы Оразбек Дәлібаевтың жары мен ұлына III дәрежелі «Айбын» ордені берілді.

Ал ауруханада жаралы жатқан өрт сөндірушілер Асыл Мұхам­бетжанов пен Алмаз Тұрсыновтың өрт болып жатқан қоймада жа­рылғыш заттардың бар екенін еш­кім айтпағаны және оқиға ке­зінде әскерилердің көмектеспей қашып кеткеніне байланысты жасаған мәлімдемелерін Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин жоққа шығарды. Министр кез келген жағдайда өрт сөндіру­ші­лердің басты міндеті апаттың сал­дарына жою екенін атап өтті. Сондай-ақ құзырлы органдар Байзақ ауданындағы кәсіпкерлік нысанның артында үйіліп жатқан снарядтарды екі жыл бұрынғы Арыс қаласында болған жарылыс­тан кейін «Бақтияр-Group» ЖШС темір ретінде сатып алғанын ха­барлады. Қазір бұл снарядтардың адам өміріне келтірер еш қаупі жоқ көрінеді.

Зардап шеккендерге өтемақы қашан төленеді?

Негізі, Нұрлан Ермекбаев зар­дап шеккен тұрғындардың бар­лығына тиісті өтемақылар мен жәр­демақыларды төлеу тез ұйым­дастырылатынын айтқан. Сондай-ақ қаза тапқан әскерилердің ба­лалары Қорғаныс министрлігінің білім беру орындарына оқуға қа­былданатынын да жеткізген. Алай­да кеше Президент Қорғаныс ми­нистрінің отставкасын қабылдап, оны жұмыстан босатты. Сондық­тан қазір әзірге зардап шеккен үйлер мен ғимараттарды Үкімет тарапынан қайта қалпына келтіру мәселесі ғана айтылып жатыр.

Бұдан бөлек, күні кешеге дейін жеке басы анықталмай жатқан үш адамның кім екенін Қорғаныс министрлігі ресми түрде хабар­лады. Олар ҚӨСБ қызметкері-жүргізушісі аға сержант Ғафан Қуатбек, ӨСБ өрт сөндіруші-құт­қарушысы сержант Әділет Әділбек және ағасын іздеп, зар жылаған қарындасының видеосы жұртшы­лықтың жүрегін ауыртқан ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы қатар­дағы жауынгер Әліби Кеңес.

Жалпы, бүгінгі таңға белгілісі – медициналық көмекке жүгінген түрлі деңгейде жарақат алған 98 адамның ішінде қарапайым тұр­ғындар жоқ. Барлығы әскерилер мен төтенше жағдай саласының қызметкерлері.

Қазір хабарсыз кеткендерді іздестіру жалғасып жатыр. Іздеу жұмыстарына әскерилер, ТЖД мамандары, кинологтар, қызметтік иттер мен атты сарбаздар жұмыл­дырылған. Арнайы дрон құрылғы­сының мүмкіндігі де барынша пайдаланылып жатыр. Бүгін 180 адам мен 40 шақты техника іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Із-түзсіз жоғалып кеткендердің қатарында ресми түрде 1 азамат қалып отыр.

Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.