Жамбылдағы жарылыс кезінде жоғалып кеткен өрт сөндіруші бес күннен бері табылмай жатыр

0

Жамбыл облысындағы жарылыс кезінде жоғалып кеткен Бауыржан Дәуітбаевты туыстары бес күннен бері таппай жатыр. Айтуларынша, ауыл боп атқа қонған ағайын, дос, бауырлары Ақыртөбе мен Ақбұлым аралығын толық кезіп шыққан. Бірақ бауырлары ұшты-күйлі жоқ. Олар бес күн ішінде іздеуге атсалысқан бірде-бір полицейді не төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерін көрмедік деп ашулы. Сондықтан қосымша күш жұмылдырып, дрондар мен тік ұшақтар берсін деп талап қойды.

Жамбыл облысындағы жойқын жарылыс кезінде 15 азамат қаза тапқан. Ал тағы бір өрт сөндіруші табылмай жатыр. Бауыржан Дәуітбаевтың туыстарының айтуынша, 28349 әскери бөлімшесінде Бауыржан өрт сөндіруші болып жұмыс істеген. Жарылыс болған күннен бері ұшты-күйлі жоқ. Туған-туыстары ауыл боп атқа қонып, осы әскери бөлімшенің айналасын, тау-тасты толық кезіп шыққан. Бірақ таппаған. Айтуларынша, не полицейлер не төтеншеліктер іздеу жұмыстарына атсалыспапты. Сондықтан олар қосымша көмек беруді, яғни арнайы дрондар мен ұшақ жұмылдырылуды талап етіп отыр.

“Көліктермен келіп жатыр. Тауға шығып жатырмыз. Таудың бәрін қарап шықтық. Жарақатпен контузия алды ма деп. Сол үшін іздеу салып жатырмыз. Жан-жақтың бәрін іздеп жатырмыз. Таппадық. Әскерилер жүр. Бұлардың бәрі іздеуде. Бүгін бесінші күн болды”, – дейді Бауыржан Дәуітбаевтың ағасы Ербол Байтақов.

Облыстық ПД мәліметінше, қазір жоғарғы жақта, яғни осы жарылыс болған жерде кинологтар және саперлар жұмыс істеп жатыр. Саперлар қауіпсіздік жағын қараса, кинологтар жоғалған жігіттерді іздеп жатыр екен.

Қазір жарылыс кезінде жарақат алған 28 азамат қалалық ауруханада ем алып жатыр. Ал жағдайы ауыр делінген бес науқастың төртеуі палатаға ауыстырылыпты. 1 сырқаттың жағдайы өте ауыр дейді дәрігерлер. Ал тағы бір азаматтың жеке басы анықталып жатыр.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.