Бердібек Сапарбаев: Жағдай дұрысталса, эвакуацияланғандарды бүгін үйіне қайтарамыз

0

Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі жарылыстан кейін эвакуацияланған ауыл тұрғындары бүгін үйіне қайтарылады. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.

 

“Жарылыс болған жерге жақын орналасқан 3 елді мекен бар. Оның ең жақыны Қайнар ауылы 1 шақырым жерде. Ал қалған екеуінің қашықтығы 5 шақырымды құрайды. Осы үш елді мекенде 718 адам тұрады. Кеше ол кісілердің барлығы басқа жерлерге, яғни біз дайындаған 10 мектепке және 5 колледждің жатақханаларына орналастырылды. Соңында олардан 227 адам қалды. Ал қалғандары ағайын-туысқандарына кетті», – деді облыс басшысы Жамбыл өңірлік көммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.



Сонымен қатар ол бүгін таңертең эвакуацияланған адамдарға барып, жағдайларын білгенін айтты.

«Олар тиісті көмекпен, яғни тамақ, сусынмен қамтамасыз етілген. Енді жалпы жағдайға қарап, барлығы дұрыс деп шешілсе, онда бүгін олардың барлығын үйлеріне қайтарамыз», – деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, кеше сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болды. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланды. Жарылыс салдарынан 88 адам зардап шегіп, 4 әскери қаза тапты. 6 адамның жағдайы ауыр деп бағалануда.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.