Балқашта тойды тоқтату үшін полиция терезеден кірген – видео

0

Балқаш қаласының мобильдік топ мүшелері той болып жатқан «Айлин» мейрамханасының ішіне кіру үшін өрт сөндірушілерді шақыруға мәжбүр болды.

Мейрамханада ондаған адам жиналған тойдың өтіп жатқанын Балқаш қаласының коронавирусқа қарсы күрес үйлестіру орталығына тұрғындардың бірі хабарлаған. Хабарлама келіп түскен соң, мобильдік топ мүшелері мейрамханаға бірнеше минутта жеткен.

Алайда мейрамхана ішіне кіру оларға оңай соқпады. Ғимарат әкімшілігі есікті ішінен іліп алып, тексерушілерді кіргізбеген. Сол кезде мобильдік топ мүшелері өрт сөндірушілерге хабарласып, тойхана ішіне терезеден кірмек болады.

Терезені ашу сәтін Балқаш қаласы әкімдігінің қызметкерлері видеоға түсіріп, желіге жүктеген.

«Бүгін сағат 15.30 шамасында жақында ашылған «Айлин» мейрамханасында мобильдік топ той үстінен түсті. Мекеме әкімшілігі қонақтарын іштен жауып, рейд мүшелерін кіргізбеген. Арнайы күштер шақыртылып, ішке терезе арқылы түсуге тура келді», – деп жазды әкімдіктегілер.

Ондағы ақпаратқа сүйенсек, осы фактіге қатысты хаттама толтырылып, Балқаш қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына жіберілді. Бұл жолы мейрамхана иесі мен ұйымдастырушысынан бөлек, қонақтар да әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

Видеоның астындағы пікірлерде тұрғындар мобильдік топтың неге тойларға таңдап баратыны туралы жазылған. Олардың пікірінше, бір той полиция назарына ілігеді, бірі назарсыз қалады, алайда отбасылық отырыстар ұдайы өтіп жатыр.

Ал қалада коронавирусты жұқтырушылар артып келеді, күн сайын мұнда жүзеген науқас тіркеледі. Өткен айда шағын қаланың отыз тұрғыны індеттен көз жұмды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.