«Бір күнде 865 баллон тиедік»: Ақтөбеде науқастарға оттегі жетіспей жатыр

0

Ақтөбеде пневмония мен ковид жұқтырған науқастардың көбейгені сонша, қазір ауруханаларға жеткізіліп жатқан оттегі баллондарының саны рекордтық көрсеткішке жетті.

Ақтөбеде коронавирусқа шалдыққан науқастардың саны артқанына байланысты өңірде жағдай күрделене түскен. Қаладағы ауруханаларды оттегі баллондарымен күндіз-түні, тоқтаусыз қамтамасыз етіп отырған жалғыз ферроқорытпа зауыты баллондарды жеткізуден рекорд орнатқандарын айтады. Олар бұған дейін тәулігіне ең көп дегенде үш жүздей оттегі баллонын жіберсе, қазір бір күнде 800-ден астам оттегі баллондарын тасымалдап жатыр.

“Жағдай өте нашар. Өйткені осы алдыңғы жетіде рекорд жасадық. Бір күннің ішінде 865 баллонды тиедік. Мұндай екі жылда болған жоқ. Қазір күніне 700 -ден 800-ге дейін, әртүрлі болады. Үш аурухананы қамтамасыз етіп отырмыз”, – дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабеков.

Ал облыстық денсаулық басқармасындағылар індет жұқтырған науқастар емделіп жатқан қаладағы үш аурухана күніне мыңнан аса оттегі баллондарын қолданатынын және оттегін тек ферроқорытпа зауытынан алатындарын айтады.

“Қазіргі таңда теміржол ауруханасы күніне 150 баллон қолданады, облыстық клиникалық-инфекциялық ауруханасында 200 баллон, Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығында күніне мыңнан астам баллон қолданылады. Волонтерлар қазір кислород тасымайды. Тек біздің өзіміздің қызметкерлер”, – дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Әсия Тржанова.

Сондай-ақ Маңғыстау облысында да қажеттілік маусым айына қарағанда екі есеге ұлғайған. Өңірде науқастардың көбеюіне байланысты оттегі жетіспей жатыр. Сондықтан КВИ мен пневмонияға шалдыққандарды емдеп жатқан ауруханадағылар қосымша оттегі баллондарын сатып алып отыр.

Ал Ақтаудағы модульдік аурухана инженерінің айтуынша, науқастарға бір минутта 2500 литр оттегі қолданылады екен.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.