Жамбыл ауданында 6 мектеп күрделі жөндеуден өтуде

0

Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралаудан бастады. Алдымен облыс әкімінің орынбасары Шәкен Ниязбеков ауылында күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан 640 орынды Әзімбек Ысмайылұлы атындағы орта мектептің құрылыс жұмыстарының барысын көрді.
Аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараевтың айтуынша, биыл ауданда 6 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Олардың құрылыс жұмысына 590 миллион теңге бөлінген. Оның 4-еуіне Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 309 млн теңге, 2-еуіне облыстық бюджеттен 281 млн теңге қарастырылған. Бұдан бөлек 12 мектепке ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 113 млн 438 мың теңге аударылған.
Осыдан отыз жыл бұрын салынған Ә.Ысмайылұлы орта мектебінің кезінде үш корпусының жұмысы аяқталып, екі корпусы аяқсыз қалған.
Тиянақсыз қалған спорт және акт залдары мен асхананың құрылысын қайта жаңғыртып, мектепті толық күрделі жөндеуден өткізу үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 138 млн 702 мың теңге қаралған. Оның құрылысын «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Облыс әкімдігінің Жамбыл аудандық білім бөлімінің инженер-құрылысшысы Бақытжан Шабанбаевтың айтуынша, бүгінде ғимараттың шатыры жаңарып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, еденін ауыстыру, жылу, кәріз жүйелері мен электр желісі жаңғыртылуда.
Сонымен бірге ауласын абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Жалпы мердігер өкілінің сөзіне сүйенсек, құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған, нысанды 20 тамызда тапсырады.
Мектептің құрылысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары сапаға айрықша көңіл бөлу керектігін, мерзімінде қажетілікке беруді ескертті.

Сондай-ақ Аса ауылындағы спорт кешенінің мүмкіншілігімен танысып, аудан жұртшылығымен жүздесті.

Кездесуде ұсыныс-тілектер назарға алынды.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.