Сотталғандарды жұмыспен қамту жүйелі жалғасын табуда

0

Бүгінгі таңда бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтейтін адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мақсатта түзеу мекемелерінде өндіріс орындарын ашу үшін кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуде.

Өңірлік ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесіндегі жұмыс орындарының көпшілігі Ішкі істер министрлігі жанынан құрылған «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жатады. Бұдан бөлек мекемеде өз кәсібін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкерліктер де жетерлік.

Солардың бірі – Сатынбеков жеке кәсіпкерлігі. Ағымдағы жылдың 19 қаңтарынан бастап жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлікте бүгінде 17 жазасын өтеуші ақылы жұмыспен қамтылып отыр. Жазасын өтеушілер мұнда күнделікті тұрмысқа қажетті түрлі ағаш бұйымдарын жасайды.

Мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бастығы Маржан Сағындықованың айтуынша, жаза басып, жаңылғандарды қоғамға бейімдеп, еңбекке баулу түзету мекемелерінде мықтап қолға алынған. Әділет майоры бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретінін тілге тиек етті.

— Адамды адам ететін – еңбек. Қатаң режимдегі еңбекке жарамды жазасын өтеушілер бұл күн де «екі қолға бір күрек» тауып отыр. Қолынан іс келетін бас бостандығынан айырылғандар осындағы жеке кәсіпкерліктерге ақылы жұмысқа орналасқан. Сотталғандар мұнда тек астау ғана емес, арнайы киімдер мен қатар таза былғарыдан аяқ киімдерді де тігеді, -деді М.Сағындықова.

Сабыр БОЛАТ,
Журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.