Арубаев айтқанында тұрды

0

Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың Қарасу ауылдық округі тұрғындарының алдында 2020 жылдың қорытындысы бойынша өткізген есептік кездесуінде Шайдана ауылының ақсақалы Тұрғынбек қажы Оңғарбаев ауылға «көгілдір отын» қажеттігін және Абай, Көпбергенов көшелеріне жарық шамдары орнатылса деген сұрағын қойған болатын.

Сол жиында сөз алған Сәкен Қаланұлы екі көшенің мәселесін хаттамаға еңгізгенін, ауылға осы жылы газ құбыры кіргізілетінін ашып айтқан болатын.

Енді сол уәделердің орындалуы қалай? Ауылда қандай өзгерістер бар? Міне, осы сауалға жауап іздеу үшін атқарлып жатқан жұмыстардың барысын көріп қайттық.

Расымен, әкім берген уәделер орындалуда. Екі көше түгелдей жарықтандырылса, ауылішілік көшелер қазылып, газ жүйесінің жұмыстары қызу жүруде.

— Бүгін ауылымызда үлкен шаруа атқарылып жатыр. Ең бастысы — кезінде халықтың алдында берілген уәделердің орындалуы. Елдің үкілі үмітін аманат деп қабылдаған аудан басшысына алғысымыз шексіз. Кеше көшемізге техникалар еніп, газ құбырларын орналастырып жатқанда бас киімімізді аспанға лақтырып, қуандық. Қаншама жылдар қатты отынның әуресіне түскен мына біздер үшін бұл үлкен жаңалық, — дейді ауыл тұрғыны Қанат Рәшімбайұлы.

Ал халық үшін мұндай игіліктің сапалы жүргізілуін, барлық талапқа сай жасалуын Қарасу ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаев қолға алса керек.
«Сөзден-іске», демекші әрі қарай сөзімізді мына суреттер салмақтай түссін.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.