Тұрғын үйді басқарудың жаңа формасы қалай жұмыс істейді?

0

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (әрі қарай Заң) (26.12.2019) 42-бабына сәйкес

  1. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару, оны күтіп-ұстауды қаржыландыру және кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кондоминиум объектісін басқарудың мынадай нысандарының бірін таңдауға міндетті:

      1) мүліктің меншік иелері бірлестігі;

      2) көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі (жай серіктестік).

  1. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері осы баптың 1-тармағында айқындалған, кондоминиум объектісін басқару нысандарын таңдауда және ауыстыруда ерікті болады.

  Қазіргі таңда, Тараз қаласы бойынша 87 — МИБ; 5 — ЖС құрылды. Сонымен қатар, өз кезегінде МИБ құру көрсеткіші бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан кейін үшінші орынға шықтық.

Басқару органдарының жаңа формаларына өту бойынша тұрғындармен жалпы 215 жиын өткізілді, 87 үйдің тұрғындарына жиналыс хаттамалары мен МИБ жарғысы және «Бірлескен қызмет туралы шарт» берілді.

Басқару органдарын құру бойынша жұмыс жүргізу барысында тұрғындар меншік иелерінің бірлестігін құруға ниет білдірмеуде. Себебі меншік иелері бірлестігі заңды тұлға болып табылады және банктерде ағымдағы және жинақ шоттарын ашуды талап етеді басқада функцияларды атқарады. Тұрғындар арасынан жауапкершілікті ешкім алғысы келмейді.

Тараз қаласындағы 34 басқару органы, атап айтқанда 29 ПИК-тері, 4 үй басқарушы (управдом), 1 сервистік компания техникалық қызмет көрсететін 409 үйлерде жаңа басқару органдарын қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы күрделі жөндеуден өтетін көпқабатты тұрғын үйлерде мүліктің меншік иелері бірлестіктерін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда, жаңа басқару органдарына көшу жол картасы, жиын өткізу кестесі және медиа жоспар бекітілді. Әлеуметтік желілерде және газеттерде мақалалар мен инфографикалық материалдар жариялануда, жергілікті телеарналарға бейнероликтер әзірленуде.

Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы 1 жыл мерзімге бірлестік мүшелерінен сайланады. Төраға мүліктің меншік иелері бірлестігін әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді, екінші деңгейдегі банктерде ағымдағы және жинақ шоттарын ашуды, сервистік қызмет субъектілерімен қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуды және оларды орындауды, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған ақшаны енгізуін мониторингтеуді, кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға байланысты өзге де функцияларды орындауды жүзеге асырады.

Көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі (жай серіктестік).

Кондоминиум объектісін басқару, оны күтіп-ұстауды қаржыландыру және кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін бір көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері жай серіктестік құрады, ол Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалатын бірлескен қызмет туралы шарт негізінде әрекет етеді.

Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері осы Заңда көзделген шешімдерді бірлесіп қабылдау және міндеттерді орындау жөніндегі барлық міндеттемені өзіне қабылдайды.

Бір іргетаста орналасқан немесе үйге ортақ бірыңғай инженерлік жүйелері бар көппәтерлі тұрғын үйлерде пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері әрбір көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелерінің үштен екісінен астамы келіскен кезде бір жай серіктестік құруға құқылы.

Бірлескен қызмет туралы шарт бойынша (жай серіктестік) пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау мақсатында бірлесіп әрекет етуге міндеттенеді.

Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері өз құрамынан бірлескен қызметке басшылық жасау үшін сенім білдірілген адамды айқындай алады, ол пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иесі берген қарапайым жазбаша сенімхат негізінде әрекет етеді.

Осыған байланысты Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары Заңға еңгізілген өзгерістер бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерде жай серіктестік құру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері 95 көппәтерлі тұрғын үйде тұрғындармен жиындар өткізіліп 5 жай серіктестік құрылды. Сонымен қатар жай серіктестік құруға ниеттенген 25 үйдің тұрғындарына «Бірлескен қызмет туралы шарт» берілді. Заңға сәйкес тұрғындардың 2/3 шартқа келісім беруі қажет.

Ғ.Ералиев,

Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.