Абай күніне орай шығармашылық кеш өтті

0

Бүгін – Абай күні. 2020 жылдың 4 тамызында Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі «Абай күні – 10 тамыз» деген тармақпен толықтырылған болатын. Нәтижесінде, былтырдан бері 10 тамыз «Абай күні» деген атпен мерекелік дата ретінде аталып өтіп жүр.

Осыған орай бүгін еліміздің көлемінде түрлі жиындар, қоғамдық, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінде өтті.

Хакім Абайдың күніне орай мекеменің жас қызметкері, әділет аға лейтенанты Ернұр Сұлтанбеков шығармашылық жиын өткізіп, оған жазасын өтеушілер қатысты. Басқосу барысында Ернұр Бақытжанұлы сотталғандарға қазақтың бас ақынының өлеңдері мен қара сөздері жайында тағылымды, танымды түсінік беріп, ұрпаққа қалдырған бай мұрасымен таныстырды.

Абай ұлтымыздың жазба әдебиетін қалыптастырушы, қазақтың бас ақыны ғана емес, бас ұстазы да. Әр ұрпақ өз дүниетанымын Абай жырынан, Абай ілімінен табады. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген ақын аманаты әр адамның жүрегіне ой салып келеді. Өмір жолында шалыс басып, бүгінде түзеу мекемесінде жазасын өткеп жатқан азаматтардың да Хакім Абайдың шығармашылығынан алары көп. Сотталғандар оның қара сөздерінен саналарына тоқылып қалар ой түйіп, ұлағатын сезінеді. Өлеңдерінен өмірлік ұстанымын тауып, жаңаша көзқарасын қалыптастырады.

Ақынның мұрасымен танысу барысында мол мағлұмат алған жазасын өтеушілер артына өшпес із қалдырған ғұламаның шығармаларын күнделікті оқыса да артықтық етпейтінін айтты. Ал сотталған Мәжит Бүрлібеав өз өлеңін оқып, хакім рухына тағзым етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.