Жаңадан сайланған ауыл әкімдері сенім үдесін шығуда

0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерін тікелей халық сайлайтыны туралы реформасы Жамбыл облысында тиімділігін көрсетуде.

Қызылшарық, Бәйтерек, Бектөбе елді мекені тұрғындарының ауыл әкімдерін сайлау науқанындағы таңдауы дөп түскенін анық аңғартты.

Ауыл жұртшылығы өңірдің гүлденуі үшін өз таңдауларын жасап, осы ауылдың тұрғыны Ғамзат Сағымбековқа дауыс берген еді.
Дүйім жұрттың үкілі үмітін арқалаған Ғамзат Мейрамбекұлы уақытын кабинетте емес, сыртта, ауыл азаматтарымен бірге өткізетінін жұмысқа кіріскен күні байқатты.

Өткен аптаның демалыс күнін ауылдағы күл-қоқысты тазалау жұмыстарына арнаса, бұл жолы әлеуметтік мәселенің оң шешілуіне ықпал еткен екен.

Қызылшарық пен Бектөбе ауылының жол торабында ескі су құбыры осы күнге дейін жұртшылықты мезі еткен. Қар, жауын-шашын суы жоғарыдан төменге қарай ағысын күшейтіп, тар құбырға келіп тірелетін. Бағыты жоқ көшпе су сол маңдағы күре жолға жайылып, қысты күні мұзға айналып, жол көлік оқиғасының көптеп тіркелуіне әкеп соққан.

Міне осы құбырды ауыстыру жұмыстарын қолға алған ауыл әкімі
«Тараз-2004» ЖШС және «Бином» ЖШС құрылыс мекемелерімен келісіп, қажетті құрылыс заттары мен ұңғымасы үлкен су құбырын ауыл тұрғындарымен бірге орнатты. Күрделі жұмыс аяқсыз қалмасы үшін асфальты сүрілген 100 шаршы метрге жаңадан жол жабындысын төселіп, жолдың еніде кеңейтілді. Осылайша, ауыл азаматтарының алғысына бөленген Ғ.Сағымбеков алда бірлесіп атқарар көп шаруа бар екенін, көрсетілген қолдауды ақтайтынын, ауыл азаматтарына қолайлы орта қалыптастыру үшін аянып қалмайтынын жеткізді.

Ақжігіт Жетпісбай
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.