Той-томалақ тоқтамаса, ауруханаларда орын қалмайды

0

Тараз қаласының әкімі Е.Жылқыбаевтың төрағалығымен қаладағы эпидемиологиялық жағдай және коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша қалалық штаб отырысы өтті.

Жалпы жыл басынан қалада індет жұқтырудың 6585 жағдайы тіркелген. Өткен тәуліктің өзінде 139 адам инфекция жұқтырған. 4954 азамат сауығып шықса, 68 өлім оқиғасы тіркелді.

Бүгінде облыстық көп бейінді балалар ауруханасының инфекциялық стационарында 355 науқас емделуде. Аурухана 98,6%-ға толған. Ал 250 орынды облыстық фтизиопульмонология орталығында 264 науқас, 200 орындық қалалық көп бейінді аурухананың инфекциялық бөлімінде 205 науқас емделуде. Ауруханалардағы барлық науқастардың 84-і жансақтау бөлімінде жатыр. Оның 57-сі — жүкті әйелдер.

КВИ-дің күрт өршуіне тиылмай тұрған тойлар, адамдар көп шоғырланатын іс-шаралар және санитарлық режимнің сақталмауы себеп болуда. Қоғамдық көліктерде тұрғындардың маскалық режимді сақтамау фактілері жиі кездеседі. Үй карантине алынғандардың өзін-өзі оқшаулау тәртібін сақтамауы да індетті жұқтыру санын арттыруда.

Бүгінгі таңда тұрғындардың 41,3 %-ы вакцина қабылдаған.

Қалалық әкімдік жанынан құрылған мониторингтік топ жүргізген рейдтік шаралар барысында жыл басынан заң талаптарын бұзған мекемелерге 328 хаттама толтырылса, 21 жеке кәсіпкерлік нысанын жабу туралы сот шешімі шығарылған. Алайда сот шешімінде «ғимарат жұмысын тоқтату» тармағы көрсетілмегендіктен кәсіпкерлер жұмыстарын жалғастыруда.

Штаб отырысын қорытындылаған Е.Жылқыбаев орынбасары А.Садубаевқа індет жұқтырғандар санының күрт көтеріліп кетуіне байланысты шұғыл шаралар қабылдауды, тиылмай тұрған тойларды, іс-шараларды тоқтату және халыққа екпенің тиімділігін түсіндіру бойынша насихат жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, тұрғындардың масқалық режимді сақтамау дерегінің көбейіп кеткендігін сынға алып, бұл бағытта тексеру жұмыстарын қайта жандандыруды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.