Жұмысқа кіріскен күні ауыл жастарының тілегін орындады

0

Аса ауылдық округі әкімінің сайлауында халықтың басым көпшілігінің дауысын жинаған Бауыржан Қалшымбетов қайта сайланғалы елдің үкілі үмітін ақтау үшін жұмысқа білек сыбана кіріскен секілді.

Ауылдық округті бес саусағындай білетін азамат жастардың Ш.Қалдаяқов көшесіндегі ашық футбол алаңының жасанды төсенішін жаңартып берсе деген тілегін назарға алып, жергілікті бюджеттен 3,5 млн теңге бөліп, сапалы жабындыны төсеп берген.

Құрылыс жұмыстарын жүргізген «Аса-Құрылысшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қалыңдығы 3,5 см құрайтын төсенішті жапсырып, ел игілігіне пайдалануға берген.

Аса ауылдық округі әкімі Бауыржан Құттыбайұлының айтуынша, жастарға, ауыл азаматтарына қолайлы орта қалыптастыру күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.


– Көше тұрғындары, әсіресе жастар осы жайтты бұрынырақ жеткізген. Әрине, желімдері ажырап, жабындысы жұқарған алаңда ойын өрнегін көрсету қиынырақ. Оның үстіне кешеннің сыртқы келбеті де күнге күйіп, бастапқы күйін жоғалтқан.

Бұдан қалса, теңбіл доп бағытсыз ұшса сол маңдағы тұрғындардың ауласына жиі түсіп, әбден үй иесін мезі қылған.
Біз бұл жағдайды да ескердік. Спорт кешенінің жоғарғы қаңқасына жанама тор дәнекерлеп, сырлап бердік.

Бүдан бөлек спорт кешенінің маңындағы «strеetworkout» алаңшасында 150-ге жуық жастар өз уақытынн тиімді пайдаланады. Жарық шамдары да орнатылған, – дейді ол.

Расымен солай. Кешенде балалар түн баласы асыр салып ойнап жүр. Жастардың сауалына назар аударған ауыл әкіміне де олардың айтар алғысы бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.