Жамбыл ауданында жемшөп жәрмеңкесін ұйымдастыру қалыпқа айналған

0

«Қыстың қамын жаз ойла» деген халқымыз әуелі қорасындағы төрт түлігінің азығын дайындауға кіріседі. Алайда, биылғы жаз шаруалар үшін оңай болмай тұр. Еліміздің батыс, Қызылорда өңір­ле­ріндегі қуаңшылық қазақ­тың ата кәсібіне орасан зиян келтіруде.

Ауданымызда қуаңшылықтың алдын алу мақсатында ілкімді жұмыстар атқарылуда. Жемшөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың 10 шілдесінен бастап ГРЭС бұрылысы және Аса ауылындағы Қаратау қаласы бұрылысы маңында өткізіліп жатқан «Жемшөп сату» жәрмеңкесі жоғарыдағы сөзімізді айғақтайды. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Самат Жарасбаев, бөлім статисі Еркін Тоқберген және аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы Аманалы Құрбанов жәрмеңкеге арнайы барып, шөп сатушылармен тілдесті. Қазіргі таңда жәрмеңкедегі шөптің бағасы нарық бағасынан 10-15%-ға төмен сатылуда.

Атап айтар болсақ, жоңышқаның 1 келісі 50-70, 1 түгі 1000-1400 теңгеден, табиғи шөптің келісі 28-40, 1 түгі 550-800 теңгеден және сабанның келісі 25-35, түгі 500-700 теңгеден сатылуда.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің дерегіне сүйенсек, биыл шөп дайындау жоспары 159300 тоннаны құрайды. Оның ішінде пішендеме 11 мың тонна, сабан 44,2 мың тонна болса, ауданда барлығы 33478 гектар жер шөп шабуға белгіленген, оның ішінде көпжылдық шөп 25093 гектар. Бүгінгі күні 41699 гектар алқап шөпке шабылып, 134908 тонна шөп жиналған.

Сонымен қатар, 11000 тонна пішендеме, 11160 тонна сабан, 5710 тонна жем дайындалды. Шөп ору науқанында 48 комбайн, 60 шөп тайлағыш және 130 тасымалдайтын авткөлік жұмыс істеуде. Тағы бір айта кетерлігі, аудан аумағындағы 8385 га шабындықтан бөлек мал азығын дайындауға сай-сала және каналдар жағалауларындағы шөп шабуға жарамды 429,9 гектар жер бар. Өңірде былтырдан қалған 7000 тонна шөп қоры сақталған және аудандағы орман жер қорындағы 655 гектар шабындықты «Жамбыл ЕТ МS» ЖШС, «Пионер» ӨК және «ММ» ШҚ бригадалары орып жинауда.

Құрбанәлі Шахабай,

«Шұғыла».

Leave A Reply

Your email address will not be published.