Ың-шыңсыз өткен әкімдер сайлауы: Бұл қай науқан?

0

Әкімдер сайлауы ың-шыңсыз өтті де кетті. Былайғы жұрт осы сайлаудың өтетінінен де, өткенінен де бейхабар. Себебі, әкім сайлауының уақыты да өліара шаққа белгіленді. Мынандай аптап ыстықта ел-жұрттың көбі демалысқа шығып, су жағасында жүр.

«Сайлау туралы» заңнамаға енгізілген өзгеріске сәйкес, бұдан былай ауыл, кент, аудандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар сайлай­тын болды. Олардың саны елі­міз бойынша – 2 345. Бұл күні 730 әкім сайлануы тиіс-тін. Қазақ­станда халықтың 40%-дан астамы ауылдық жерде тұратынын ескер­сек, бұл сайлаудың орны ерекше болуы керек еді. Өкінішке қарай, көп учаскеде дауыс беру жәшігі бос қалған. Бір қызығы, кешелі бері «Саяси науқан барысында әзірге өрескел кемшіліктер мен құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ» деген ақпаратты көз шалды. Дауыс берушілер сайлау учаскесінің есігін ашпаса, заң бұзу әрекеті қайдан тіркелсін?

Фото: ғаламтордан

Мемлекеттік ақпарат құралдары «Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек» десе де, әкімдер сайлауы туралы мардымды ақпарат таратқан жоқ. Тек «Азаттық радиосының» журналистері Алматы қаласы маңындағы бірқатар сайлау учаскесіне бас сұққан.

Тілшінің айтуынша, сайлаушылардың белсендігілі өте төмен болыпты. Мәселен, №878 учаскеде тіркелген 2 мыңға жуық адамның түске дейін 50-і ғана дауыс берген. Тіпті, бақылаушылардың өзі сайлаушылардың неліктен аз келгеніне жауап бере алмаған. Ал «Nur Otan» партиясынан келген өкілдің өзі: «Адам аз. Өте аз. Президент сайлауына келмейтіндер ауыл әкімінің сайлауына мынандай ыстықта келеді дегенге кім сенеді? Оларда «бұдан не өзгереді?» деген ой бар десе, ауыл тұрғындары «Біздің дауыс ештеңені өзгертпейді. Жүйені өзгерту керек. Халық сенбейді» деген пікірде.

Сонымен, сайлау өтті. Бірақ Орталық сайлау комиссиясы неге үнсіз? Толық мәлімет неге жарияланбайды? Тіпті, 25 шілде күні де әкімдер сайлауы туралы ақпарат болмады. Соңғы ақпарат 14 шілдеде жарық көрген. Әншейінде президент, парламент мәжілісі сайлауы кезінде сол күні-ақ алдын ала қорытынды шығушы еді ғой. Сонда бұл сайлауға тек электорат қана емес, Орталық сайлау комиссиясының өзі немкетті қараған ба?
Тек сарапшы Талғат қалиев қана былай депті: «Кандидаттардың 3/2-сі өзін-өзі ұсынған. 100-ден астам өзін-өзі ұсынған үміткер жеңіске жетті» деген тілімдей мәліметті көз шалды. «Саяси партиялардың бұл процеске қатысуы әкімдерге қосымша ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік берер еді. Партияның саяси, әкімшілік, тіпті кей жерде медиа көмегін қосымша ресурс ретінде пайдалана алушы еді. Яғни, әкім өз округінде жалғыз болмай, партиялар жанындағы талдау орталықтарының интелектуалдық қуатын пайдаланып, ауылда бизнесті дамытып, түрлі мәселелерді шешудің жан-жақты жолдарын көрсете алатын. Бірақ «Ауыл» және «Nur Otan» партияларынан басқасы осы мүмкіндікті жіберіп алды деуге болады. Басқа партиялар аса бір белсенді қатысқан жоқ».

Е.Қарин.

Алайда, Ұлттық кеңес хатшысы, Прездент кеңесшісі Ерлан Қарин: «Әкімдер сайлауы Президент ұсынған саяси модернизация курсының түбегейлі жүзеге асып жатқанын көрсетті» дей келе, «Өздеріңіз білесіздер, екі жылдың ішінде Президенттің бастамасымен саяси реформалар бағытында 10 заң қабылданған болатын. Кеше ғана өткен әкімдердің тікелей сайлауы да сол жаңа заңнамалық нормалардың қабылдануы арқасында жүзеге асып отыр. Және бұл бір бір жылға жетпейтін уақытта іске асты. Кешегі өткен сайлау Президенттің жариялаған саяси реформаларының, саяси модернизация курсының түбегейлі жүзеге асуының айқын бір көрінісі болып отыр», – депті.

Бұл сайлау бойынша, біріншіден, әкімдерді сай­лау­ кезең-кезеңмен өтуі тиіс. Әуелгі кезекте өкілеттілігі аяқталатын әкім­дер сайланады. Содан кейін біртіндеп өкілеттіліктері аяқта­луына байланысты келер жыл­дарда қалғандарын халық таңдайды.

Екіншіден, бұрын үміткерлерді аудан әкімі ұсынатын. Талаптарға сәйкес келетін үміткерлер өзін өзі немесе оларды партия ұсынды. Өзін өзі ұсынатындар қолдаушылар алдын ала қол жинады.

Тоғжан Қожалиева, ХАК жетекшісі:

Ауыл әкімдеріне атын беріп, затын берген жоқ

– Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына бардық. Сайлаушылар 19 пайыздан 50 пайызға дейін келді. Кейбір учаскеде 57 пайызға дейін дауыс берушілер болды. Басқа ауылдарда да солай. Шымкентте, Бестөбеде болдым. Сөйлескен адамның бәрі қатысатынын айтқан. Негізі ауылдарда сайлау науқаны тәуір-ақ өтті. Біздің ауылда 3 кандидат болды. Бұған ақпарат құралдары мән берген жоқ. Шын мәнінде, Мәжіліс сайлауына қарағанда келушілер саны көп болды. Халық учаскеге түстен кейін барды. Күн ыстық қой. Бірақ біздің бақылаушылар заңсыздықты анықтады. Бір адам үйіндегі отбасы мүшелерінің жеке куәлігін алып келіп, дауыс бермек болған.

Меніңше, ауыл әкімін сайлаған дұрыс. 30 жылдың ішіндегі жақсы қадам. Бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытады. Бірақ бұл әкімдерде басқару құралдары жоқ. Заңда өзін-өзі басқарудың концепциясы жазылған. Бірақ ол бойынша бюджетте басқару құралдары болмай тұр. Әкімдер сайланса да, қолында түк билік жоқ. Әкімдерді сайлау – облыс әкімдерінің жобасы.
Өйткені, алыстағы ауылдарға билігі жетпейді. «Халық өзі сайлады. Әкімдер өздері жұмыс істей алмай жатыр» деп өздеріне жаба салады. Сондықтан нақты инструмент берген жоқ. Атын беріп, затын берген жоқ.

Nege.kz тілшісі Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметіне хабарласып, сайтта ешқандай ақпараттың жоқтығын айтып, қандай да бір мәлімет беруін сұрады.

«Облыстар әлі қорытындылап жатыр ғой деймін. Олар нәтижесін шығарғаннан кейін, біздің сайттан көресіздер», – деп жауап берді. Ал «Әкімдер сайлауына қанша азамат үміткер ретінде тіркелді, олардың жас шамасы қандай?» деген сауалға: «Мұндай мәліметті тек облыстардан ғана аласыз», – деп қысқа қайырды.

Дос Көшім, саясаттанушы:

Бұл сайлау – баланың ойыншығы сияқты

– Біріншіден, әкімдер сайлауы республикалық деңгейде өткен жоқ. Ол облыстардың кейбір аудандарындағы ауылдарда өтті. Әрине, халықтың көпшілігі білмеуі мүмкін.

Бізге керегі – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі болатын. Бұл Конституцияның 89-бабында бар еді. Бірақ билік соған қарамастан халыққа өзін-өзі басқару жүйесін бергісі келмеді. Заң жобасы алты рет талқыланды. Ақыры 2007 жылы сол бапты өзгертті. Содан кейін Қазақстанда өзін-өзі басқару жоқ. Сондықтан әкімді сайла, не тағайында одан ештеңе өзгермейді. Себебі, бізде жергілікті өзін-өзі басқару жоқ. Әуелі халық өзін-өзі басқару деген не? Әкімдерді сайлау деген не, соны білуі керек.

Әкімдер – жергілікті мемлекеттік басқарудың өкілі. Халық сайласын, сайламасын, әңгіме онда емес. Себебі, олардың жұмысына баға беретін, оларды орнынан алып тастайтын аудан әкімі отыр. Сонда сайлау – баланың ойыншығы сияқты болып тұр ғой. Сайлаған әкімді халықтың өзі алып тастай алмайды. Ондай заңда қарастырылмаған. Бізде Конституцияда республикалық референдум деген бар, ал жергілікті референдум жоқ. Сондықтан халық өзі сайлаған алақандай ауылдың әкімін өздері сайлап, бірақ алып тастай алмаса, ондай сайлаудың қандай қажеті бар?

Тікелей сайлау деген жақсы. Халық оянады. Аз ғана ауылдарда тікелей сайлауды баяғыда өткізу керек еді. 30 жылдың ішінде алғаш рет тікелей сайлау өткіздік! Не деген масқара! «30 жыл демократиялы елде тұрамыз» деп Конституцияда жазып қойғанбыз. Сол 30 жылда енді ғана тікелей сайлау өткізіп жатырмыз. Мұны ешкімге айтпау керек еді. Ал біз жар салып жатырмыз. Бұл қуанатын нәрсе емес.
Және бұл тікелей сайлаудың беретін ештеңесі жоқ. Себебі, бізде жоғарыдан төмен қарай вертикалды басқару жүйесі. Президент әкімдерді, әкімдер аудан әкімдерін тағайындайды. Ал ауылдарда халықтың өзіне билік берсе, онда бұл вертикалды басқару жүйесіне қарсы шығар еді. Екеуі бір қазанға сыймайды. Өйткені, төмендегі жергілікті өзін-өзі басқару – демократияның белгісі, ал вертикалды басқару жүйесі – автократияның белгісі. Бұл екеуі ешқашан бітіспейді. Бізде екеуін біріктірмекші. Шын мәнінде, бұл жүзеге аспайтын мәселе. Билік білмей жасап жатыр ма, әлде әдейі жасап жатыр ма? Меніңше, әдейі. Билік еш уақытта халыққа билік бергісі келмейді. Себебі, ол уақытта сайлау жәшігінен айрылып қалады. Барлық бәле осында жатыр. Билік сайлау жәшігінен айрылса, отырған орнынан айрылады. Сондықтан билік ешқашан демократиялық жолмен халыққа ондай мүмкіндікті бергісі келмейді.

 

Nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.