«Темірлерін сатып жіберген»: Семейде белгісіз біреулер зиратты тонап кетті

0

Семей қаласында зиратты бұзып, темірлерін сатып жіберетіндер пайда болды. Полиция қабір қазғандарды іздестіріп жатыр.

Бейітке келіп, шошығандардың ішінде Бибігүл Кеңесқызы бар. Ол мұндай әрекет жасағандарды жазалау керегін айтты.

«Жүрегімізді ұстап, не деген сондай адамдар бар деп ойладық. Әжеміз болғасын қоршауы жаңадан қоямыз. Тек қана сұрайтынымыз осы адамдарға шара қолданса», – дейді қала тұрғыны Бибігүл Кеңесқызы.

Жақын маңдағы темір қабылдау пунктіндегі қызметкерлері бейіттің темірлерін алып келген ешкім болмағанын айтады.

«Біз зираттан әкелінген заттарды қабылдамаймыз. Ол үлкен күнә екенін білемін. Өзімнің туыстарымның да бейітін осылай тонап кеткен болатын», – дейді темір қабылдау пунктінің қызметкері Виктор Нуридинов.

Қалалық полиция іске қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Олардың сөзінше, қабірді тонағандар ұсталса, абақтыға қамалады.

«Бұл қылмыстың жазасы – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Қазіргі таңда осы қылмысты ашуға бағытталған барлық жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Семей қалалық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Елубек Оспанов.

Тұрғындар зираттың қоршауын қолды қылуға Семейдегі жұмыссыздық пен жоқшылық себеп деп топшылайды. Ал марқұмдардың жақындары қорымды өздері қайтадан қалпына келтірмек.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.