Біртанов: Ешқандай қиянат жасамағанымды дәлелдеу үшін басты сот ісін асыға күтемін

0

Сот бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты үй қамауынан босату туралы өтінішті қабылдамады

«Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2021 жылғы 14 шілдедегі қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдікті Біртановтың үйқамақта болу мерзімін екі айға санкциялау туралы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Адвокаттардың жеке шағымдары қанағаттандырылмайды. Қаулы түпкілікті, шағымдануға жатпайды», – деді судья Элеонора Оңғарсынова.

14 шілдеде Елжан Біртановтың үйқамақтағы мерзімі 14 қыркүйекке дейін ұзартылған болатын.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрінің өзі дүйсенбіде үй қамауына қарсы шықты.

«Өткен жылдың қазан айында мен “ұрлық жасады” деген күдікке іліндім. Он айдан кейін іс “билікті асыра пайдалану” бабына ауысты. Мен айтпасам да баптың әртүрлі екені, жазаның әртүрлі екені түсінікті»

«Бүкіл жұртшылық менің бюджет қаражатын ұрлауға қатысы бар деп есептеді. Ұзақ уақыт өткеннен соң, тергеуден кейін ұрлық пен ақшаны оңды-солды шашудың жоқ екені белгілі болды. Бірақ лауазымдық міндеттерін теріс пайдаланды деген күдік бар. Мен бұл күдікпен келіспеймін және ешқандай қиянат жасамағанымды дәлелдеу үшін басты сот ісін асыға күтемін», – деді Біртанов

Айта кетсек, қаржылық мониторинг агенттігі бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен вице-министр Олжас Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын мәлімдеген. Біртанов пен Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жарамсыз ақпараттандыру Платформасын қабылдау және пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдіктелуде.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.