Сәкен Бибосынов қарсыластан басым түсті

0

Токио Олимпиадасында бокстан 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сәкен Бибосынов қарсыластан басым түсті. 

Сәкен Түркістан облысының тумасы, 1997 жылы туған. Мырзағали Айтжановтың төл шәкірті.

Ол 2019 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған.

Токиодағы шаршы алаңда алғашқы раунд өте тартысты өтті. Пуэрто-Риколық боксшы Янкьель Ривера Фигероа оңай қарсылас емес екенін көрдік. Раунд аяқталғанда 5 төрешінің үшеуі есепті Сәкеннің пайдасына шешті.

Екінші раундта қарсылас бірінші нөмірде өнер көрсетіп, жылдам соққы жасауға тырысып бақты. Бірақ, Сәкен оған ешқандай мүмкіндік берген жоқ.

Үшінші раундқа дейінгі үзілісте Мырзағали Айтжанов «Бұдан да жақсы өнер көрсету керек» деп Сәкенді қамшылап алды. 

Шешуші раундта боксшымыз техникалық, физикалық мүмкіндіктерін көрсетіп бақты. Раундтың орта тұсына келгенде қарсылас аздап шаршап, шегініп өнер көрсеткенін байқадық. Осылайша отандасымыз Пуэрто-Рико боксшысын жолда қалдырды.

Айта кетелік, бүгінге дейін Серік Теміржанов (57 келі) пен Зәкір Сафиуллин (63 келі) Токио ойындарындағы алғашқы жеңісін еншіледі.

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.