«Күніне 20-35 шағым келіп түседі»: Қазақстанда учаскелік полицейлер қалай жұмыс істейді

0

Отбасылық жанжалды шешу, көше бұзақыларын жазалау, үйге түскен ұрыны жауапқа тарту, суицидті алдын алу – осы және басқа да мәселелермен учаскелік полиция қызметкерлері айналысады. Қазақстанда соңғы статистикаға сүйенсек, 6173 учаскелік полиция қызметкері қызмет етеді. Жақында ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев олардың саны 1,5 есе көбейеді деген болатын. Учаскелік инспектордың негізгі міндеті неде, азаматтар қандай жағдайда учаскелік полицияға арызданады?

Бүгінгі таңда Қазақстанда 2800 учаскелік полиция пункті бар. Бұған қоса тағы 390 бөлімше салыну жоспарлануда. Сондай-ақ, қазақстандық учаскелік инспекторлардың жалақысын 2022 жылы 30 пайызға арттырады деп күтілуде.

Сондай-ақ, аға учаскелік инспектордың мәртебесін арттыру көзделуде. Мұндағы мақсат –  әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша жедел шаралар қабылдау. Осы бағытта инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейту жоспарлануда.

Сонымен қатар, әкімдіктер жаңа учаскелік пункттердің құрылысын, учаскелік инспекторларға арналған тұрғын үймен біріктірілген пункттерді, жақсарту жұмыстарын жүргізуде.

Учаскелік инспекторға тәртіп бұзушыларға тыйым салу мен шектеулерді өз бетімен белгілеу құқығы беріледі. Соның ішінде құқық бұзушылық жасау қауіпі болса, үйінен шығара алады.

Учаскелік инспектор міндетттері қандай?

Министрдің жарлығы бойынша, учаскелік инспектор өз аумағындағы азаматтардың қандай да бір сұрақтары бойынша арыз, шағым қабылдайды, толыққанды қызметтер атқарады, дейді Ерік Арыстанбаев.

“Учаскелік инспектордың қызметі осы уақытқа дейін де оңай болған жоқ. Қай бағытта заңдық нұсқаулықтар беру керектігін анықтаймыз. Заң аясында атқаратын қызметіміз толыққанды жүргізілу бойынша нұсқаулықтар берілді. Бөлімшемізде бес қызметкер жұмыс істейді.

Инспектор міндеттерінің бірі – полицияның қолжетімдігі болса, жаңа толықтырулар бойынша азаматтарға барынша жақын орналастыру бағыттары жүргізіліп отыр. Полиция азаматтарға барынша ашық түрде қызмет етуге, қолжетімді болуға тырысуда, яғни азаматтардың жылдам жетуіне ыңғайландыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде”, – дейді ол.

Қандай жағдайда азамат учаскелік полицияға арыздана алады? 

Учаскелік полиция инспекторына азаматтар барлық мәселелер бойынша жүгіне алады. Мұнда азаматтардың шағымдарынан бастап, қылмыстық істерге дейін қарастырылады.

“Қылмыс болған жағдайда ізін суытпай бірден істі ашу, азаматтардың келіп түскен шағымдарын шешу, шетел азаматтары мен қала қонақтары тарапынан түскен мәселелер қарастырылады”, – дейді Ерік Арыстанбаев.

Азаматтар көбіне қандай шағымдармен жүгінеді?

Азаматтардың көбі өзара түсініспеушілік салдарынан учаскелік полицияға шағымданады, дейді Ерік Арыстанбаев.

“Көршілер, жалдамалы пәтерде тұратындар арасында, балалар алаңқайы үшін ата-аналар арасында кикілжіңдер орнап жатады.

Азаматтардың немқұрайлығы салдарынан ұсақ ұрлықтар болып отырады. Көбіне шағымдардың барлығы отбасы арасындағы жанжал. Әйел адамның құқығы қарастырылды. Бүгінде ол бойынша жеке инспекция құрылды”, – дейді ол.

Шағым қалай түседі және қанша уақыт қарастырылады?

Учаскелік полиция бөлімшесіне шағым 102 пульті арқылы түседі. Әдетте бір күнде шамамен 20-25 шағым келеді.

“Таңғы сағат 8-де басқармаға келеміз, таңғы саптық тексерістен соң әкімшілік аумақтарымыз бойынша нұсқаулықтар түседі. Түні бойы түскен шағымдар бойынша жұмыс істейміз.

Негізінен біз азаматтарды бір-бірімен татуластыру мақсатында жұмыс жүргіземіз. Арыз бір күн ішінде, келіп түскен уақыттан 24 сағат өткенге дейін қарастырылып, шешімі шығады.

Шамамен түнгі уақытта он бес шамасында арыз түседі, сондай-ақ, әкімшілік аумақтағы жергілікті шақыртулар бар. Жалпы алғанда 20-25-тей шақырту түседі”, – дейді учаскелік инспектор.

Азаматтар жеке телефонымызға хабарласа алады

Учаскелік полиция қызметкерінің айтуынша, 102 пультінен бөлек, тіклей бөлімшеге келетін азаматтарда көп.

“Мәселені толыққанды шешіп беруге тырысамыз. Шағымдарын айтып, мәселелерін бөліседі. Дәлізде ақпарат парақша ілулі тұр. Онда әрқайсымыздың жеке басымыз, суретіміз, ұялы телефон нөміріміз тұрады. Бір күнге де ұялы телефонымыз сөнбейді. Азаматтар жеке байланыс телефонымызды жазып алып, тікелей хабарласа алады. Ондай жағдайда бұл жергілікті шақырту деп есептеледі”, – дейді ол.

Азаматтар учаскелік инспекторға шабуыл жасаса.. 

Полиция қызметкерінің негізгі міндеті – азаматтармен тіл табыса білуі. Маманның айтуынша, күнделікті жұмыс барысында психолог болуға тура келеді.

“Былай қарасақ, психолог болуымыз керек. Келген шақыртуды қабылдаған кезде қай жағынан қарастыру керек, атмосфераны, ортаны мән-жайды біліп, ата-анасы, балалары қандай, шағымданған азамат қандай күйде отыр, осыны байқаймыз. Бас салып кірісіп кетпейміз, азаматтың өзіне келуін, тыныштануын күтеміз. Бұл да шыдамдылықты талап етеді. Осындайда өзіміздің бар жиған тәжірибеміз көрінеді.

Егер қалыпқа келмей, қарсылық көрсеткен жағдайда бөлімшеге жеткізіп, сабасына түскен соң түсіндіру, алдын алу шараларын жүргіземіз. Полиция қызметкеріне шабуыл жасаған жағдайда арнайы күрес техникалары қолданылады. Азаматтарды сабаға түсіру мақсатында осындай тәсілдерді қолдануға тура келеді.

Азаматтардан жоғары емес, төмен тұрамыз. Ол кісілердің бар шағымын ішіндегі негізгі мәселені біліп, оны шешудің оңтайлы жолын іздейміз”, – дейді маман.

Жұмыстың қиындығы – уақыт тапшылығы

“Бір мәселе жарты сағатта шешілмейді. Кейде оған бр күн қажет болады. Адамдарды іздестіру, табу мақсатында басқа әкімшілік бөлімшелерге хабарласуға тура келеді. Жеке уақытымызды да бөлеміз.

Түрлі отбасылармен жұмыс істегендіктен әртүрлі жағдайлар болады. Қынжылтатыны, азаматтардың егде тартқан әке-шешелеріне күш қолдануы немесе қарамауы. Кейде зиянды әдеттерге салынған адамдарды сауықтыру орталықтарына, ауруханаға апарудың өзі көмектеспейді. Осындайда тепсе темір үзеті азаматтар, оның ішінде әйелдер болуы мүмкін, өздерін тастап жібереді”, – дейді Ерік Арыстанбаев.

Азаматтардың учаскелік полиция қызметіне көңілі тола ма?

“Қазір әлеуметтік желі, БАҚ дамыған заман. Кейбір азаматтар шығарған шешімге риза болады, кейбірі көңілі толмай жатады. Мұның барлығы шағымның заңмен қарастырылуына тікелей байланысты. Біз заңнан аттап кете алмаймыз. Басты назарға Конституцияны аламыз. Оның негізінде әкімшілік және қылмыстық істер бойынша қарастырған кезде кейбір азаматтардың ісі заңмен сәйкес келмесе көңілі толмай жатады.

Ерік Арыстанбаетың айтуынша, заң орындаушысы болғандықтан кейде азаматтарға салық салуға тура келетін жағдайлар болады. Осындайда адамдар ренжіп жатады, дейді полиция қызметкері.

“Қоғамда полиция қызметкерлерінің жұмысы жайлы түрлі пікірлер айтылады. Салық салсақ, ренжіп жатады. Сонда “Кешіре салсаңыздаршы” деп жатады. Сондағы менің айтатыным: Заң сіздерді кешірсе, біз де кешіреміз. Біз заң орындаушымыз.

Салық салынған азаматтарға “бір рет айыппұл төлеген соң, екінші рет заң бұзушылық әрекетке бармайсыз” деп түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Кейде заң орындау барысында қадағалаушы емес, жазалаушы рөлінде көрініп қаламыз”, – дейді ол.

Көбіне азаматтардың бірсыпырасы ризашылығын білдіреді. Себебі олардың шағымын бір күнде қарастыруға тырысып, шешімді смс хабарлама, электронды түрде шығарып, арыз иесіне жібереміз”, – дейді маман.

Учаскелік инспектор қандай болуы тиіс?

Учаскелік инспектор қажырлы болу керек. Бұл іс уақытпен санаспайтын адамның ғана қолынан келеді, дейді маман.

“Жұмыс таңғы сағат 8-ден түнгі 22:00-ге дейін жалғасады. Азаматтардың мәселесін орнықты әрі толыққанды шешуге күш жұмсаймыз. Учаскелік полиция қызметкері шыдамды, өзіне ұстамды, тұрақты болуы қажет. Бұл салаға нағыз ердің ер азаматы келіп істейді деп айтар еді. Өзімді емес, жанымдағы әріптестерімді атап өткім келеді. Олардың отбасы бар. Бала-шағасы, Отан алдындағы анты, иығына тағылған әскери шені бар, міндеттерін басты назарда ұстап, “елім”, “жерім” деп еңбек етіп жатыр деп айта аламын. Бұл салада әйел адамдар да қызмет етіп, бізбен сапта тең тұрады.

Жеке басым істеп жатқан жұмысым өзіме ұнайды, себебі тікелей азаматтармен жұмыс істеймін. Біз шығарған шешім бойынша әр азаматтың біз жайлы өзіндік пікірі қалыптасады”, – дейді ол.

Күніне екі-үш тұрмыстық зорлық тіркеледі

“Қорғау нұсқамасы аясында, әйелге көрсетілген дене жарақаттары орташа немесе ауырлығына байланысты іс сотқа жіберіледі. Мұны сот медициналық сараптамасы шешеді. Күніне екі-үш тұрмыстық зорлық бойынша мәселелер тіркеледі. Азаматтық некеге байланысты тұрғыдар арасында келіспеушіліктер болады. Екі тараптың да жағдайын қарастырамыз. Алайда отбасылық мәселеде әйел адамды қорғауға басымдық береміз.

Халық саны көбейген сайын түрлі проблемалар да көбейеді. Ажырасқан азаматтар арасында әйелдер ер адамнан кек алу мақсатында балаларын көрсетпей қоятын жағдайлар болады. Дүние мүлікке талас болады, – дейді маман.

Ағаштағы мысықтан бастап, адам өмірін құтқаруға дейін: Учаскелік инспектор тәжірибесіндегі оқиғалар

Учаскелік полиция қызметкері тәжірибесінде болған оқиғаларымен бөлісті. Айтуынша, жұмысында өлімді де, мұңды да, қуанышты да көреді. Адам өмірін сақтап қалатын, кейде азаматтарды аман алып қала алмайтын жағдайлар болады екен.

“Полиция қызметкерінің өмірі кино сияқты. Бір жолы азаматша хабарласып, анасының екі күн бойы хабарға шықпағанын жеткізіп, бізден көмек сұрайды. Қызы анасын қалдырып астанаға кетіп қалған екен. Әріптестерімізбен әлгі үйге жетіп барамыз. Есікті тоқылдатамыз, ешкім ашпайды. Қызына хабарлассақ, анасы үйде екенін айтады. Сонымен не керек, есік бұздыратын төтенше жағдай қызметін шақырамыз. Есікті бұзып, кіріп келсек, анасы ваннада құлап қалған екен. Қызы кеткен күні суға түсем деп құлаған, содан бері үш күн өткен. Егде тартқа 70-тен асқан әйел. Оның алдында инсульт алған. Қол-аяғы суға түскенде қозғалмай қалған. Жалаңаш әйелдің үстін орап, көтеріп алып шықтық. Дәрігерлердің айтуынша, енді кешіксек өліп кететін еді. Соңында қызына қайтадан қалаға келіңіз деп хабар бердік.

Тағы бір жолы, 21 жастағы бала өз-өзіне қол салғаны жайлы хабар келіп түседі. Он бірінші қабаттан секіріп кеткен екен. Оқиға орнына барып, аумақты қоршап, мән-жайды білдік. Көршілерінен сұрастырып, қасақана жасалған қылмыс емес па екен деп тексердік. Дәрігерлер, жігіттің “адам болмайтынын” айтады. Көршісі секіргенін көріп, хабар берген. Жасөспірімдердің өтпелі кезеңі болса керек. Әкесі қайтыс болған толық емес отбасыдан екен. Бала тұңғиыққа батып кеткен, артынан хат жазып қалдырған. “Істеген ісіме ешқайсыңыз разы емессіздер” деп жазған екен. Жалғызбасты адамдар өліп қалатын жағдайлар болады. Қайтыс болғандардан түрлі иіс шығады. Мұндай жағдайда біз бірінші барып тексереміз, есікті бұздыратын да біз. Кейбіреулер ит, мысық ұстайды. Оларды жеп қойған тұрғындар да кездескен. Марқұмдардың кейбірі ісініп, көз қаратпайтындай болады. Сотталып кеткендерді қадағалаймыз. Оларды аптасына бір рет тексереміз. Психикалық ауытқулары бар кісілер бар, оларды да тексереміз. Наркологиялық есепте тұрған, ішімдікке салынғандарға профилактикалық шаралар жүргізіледі”, – дейді ол.

Тұрғындар арасындағы жиі кезедсетін шағым ұрлыққа байланысты. Кейде ұрлық жасайтындар азаматтардың туыстары болып жатады, дейді маман.

“Тағы бірде ұрлық бойынша дабыл түседі. Осы аумақты қоршайық деп полиция қызметкерлері айналып тұрдық. Күдікті деген азаматтарды жібермей ұстап тұрмыз. Терезен қарасақ темір тор бұзылған. Үйдің ішіне кірген ізі бар, ұрының сыртқа шыққаны байқалмайды. Үйдің есігін ашу үшін иесі әйел адамды шақырамыз. Кірсек, үйде адам жоқ. Бөлмелерді ары қарап, үйдің иесін ертіп жүрміз. Бір мезетте ұзын шкафқа көзіміз түседі, ішіне кіріп кеткен шығар деген болжам жасалады. Қолда қаруы болуы мүмкін деген сақтықпен, үй иесін шетке ысырып, шкафты ашпақ болдық. Ашып қалсақ, біз іздеген ұры қолын көтеріп тұр. Жап-жас бала екен, үй иесінің туысы болып шығады. Әйел базарда алтын сатады екен. Жігіт жеңіл табыс табамын деп туысқанының үйіне кірген”, – деп есіне алды оқиғасын Ерік Арыстанбаев.

Учаскелік полиця жанжал жиі болатын отбасыларды есепке алады. Оларға қорғау нұсқамаларын беріп, бір айға қадағалауға алады. Күнделікті тексеріп, отбасы мүшелерімен сұхбаттасады. Негізгі мақсат – азаматтарды татуластыру.

“Велосипедке бола араздасып қалғандары татуластыруға шақыртуға бардық. Көршілері үлкен кісілердің ұрысып жатқанын естіп полиция шақырған болып шығады. Сөйтсек егде тартқан ерлі-зайыптылар немересіне велосипедтің қызыл түсі мен қара түсін алуға келісе алмай ұрысып қалған екен. Дауыстары қатты шығып кетсек керек.

Кейде ағаштың, үйдің төбесіне мысығым шығып кетті деп көмек сұрайтындар бар. Оны да түсіріп береміз. Үйде қамалып қалатын, есігі жабылып ашылмай қалатын жағдайларға шығамыз. Мұндай жағдай көбіне азаматтардың немқұрайлығынан болады”, – дейді ол.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.