«Ардагерлер аллеясы» ашылды

0

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Елорда күнінде Түймекент ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылында «Ардагерлер аллеясы» салтанатты жағдайда ашылды.
Аллеяның ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов көпшілікті Елорда күнімен құттықтап, ізгілікті іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Ел игілігіне берілген демалыс орны жастардың өткен тарихты танып-біліп өсуіне үлкен ықпал ететіндігін атап өтті. Аллеяның құрылысына атсалысқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Бұдан соң аллеяның лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев пен осы игі істің бастамашысы болған, ауданның Құрметті азаматы Тәуірбек Әшімов қиып, туған жердің абыройын биіктеткен тұғырлы тұлғалардың есімдерін жас ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында жасалған тірлік екендігін баса айтты.

Ақ жаулықты аналар шашу шашқан соң, жиналғандар «Ардагерлер аллеясында» орнатылған ескерткіш-тақтаны аралап көрді.
Түймекент ауылдық округі аппараты (2020 жылы төртінші деңгейлі ауылдық округ бюджетінен 3,5 млн. теңге бөлінгендігін айта кеткен жөн секілді), ауыл тұрғындары және  жомарт азаматтардың  демеушілігімен  бой көтерген «Ардагерлер аллеясында 1941-1945 жыл деп қашалып жазылған ескерткіш тақта 4 бөлімнен тұрады.  Атап айтқанда, «Боздақтар» бөлімінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың есімдері, «Ардагерлер» бөлімінде  соғыстан оралып,  туған жердің әл-ауқатын көтеруге атсалысқан еңбек ардагерлердің тізімдері,  «Ақжар ауылының батырлары және тарихи тұлғалары» бөлімінде осы өңірден шыққан біртуар даңқты тұлғалардың есімдері, «Тыл еңбеккерлері» бөлімінде тылда еңбек еткен қариялар мен әйелдер және бұғанасы қатпаған ұл-қыздардың есімдері қашалып жазылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.