Татулық пен бірліктен асқан байлық жоқ

0

Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының жақсаруы халықтың бірлігі мен этносаралық келісім мен конфессияаралық татулыққа  тікелей байланысты. Ел ішіндегі ауызбірлік, тағаттылық, тыныштық пен бейбітшілік бақытты қоғам құруға жол ашады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының басты міндеті — Қазақстан халқының ортақ құндылықтар мен мақсат-мүдделерін қалыптастыруға басымдық беріп, қазақ жерінде тіршілік етіп жатқан барлық этностар мен конфессиялардың тең құқықтарының сақталуына, қоғамдық тұрақтылықты, этносаралық келісімді нығайтуға, қазақстандық біртұтастық пен жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру болып табылады.
Тәуелсіздік жылдары Елбасының сындарлы саясатының арқасында қазақ елі экономикасы өркендеген, халықаралық деңгейде беделі зор мемлекетке айналды. Жаңа ғасырдағы бәсекеге қабілетті ел ретінде әлемге танылды. Әнұранымыз  әлем көгінде әуелеп, аспан түстес көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреді. Төл теңгеміз дүниеге келді, Ата Заңымызды қабылдап, Қарулы Күштерімізді құрып, шекарамыз мемлекеттік деңгейде бекітілді. Мемлекеттік тіліміз әлемнің ең биік мінберінен сөйледі.
Тәуелсіздік  перзенті Нұр-Сұлтан қаласы — Отанымыздың жүрегіне, қазақстанның халықаралық  үнқатысу алаңына айналды. Осылайша Қазақстан Республикасы алпауыт мемлекеттермен иық тірестірді.
2010 жылы ЕҚЫҰ-ға Қазақстан төрағалық етіп, елордада Астана саммиті табысты өтті. 2011-2012 жылдары еліміз Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасады. Бірлікті ту еткен  еліміз 2012 жылы әлемдегі бәсекеге қабілетті ең дамыған 50 елдің қатарына енді.Қазақстан ТМД-да алғашқы болып дүниежүзілік “ЭКСПО-2017” «Болашақтың энергиясы» көрмесін елордада жоғары деңгейде өткізді.
Тәуелсіздік жылдары әлемге тарыдай шашылған 1 миллионнан астам қандастарымыз тарихи отанына оралды.Еліміздегі экономикалық табыстар, әлеуметтік жетістіктер, рухани жаңғырулар мемлекетімізді биікке көтерді. Осылайша 30 жыл ішінде қазақ елі біртұтас, жарқын болашақ — “Мәңгілік Елге” ұмтылған үлкен отбасына айналды.
Тараз қаласымен қанаттас Байзақ ауданы да ел тәуелсіздігіне өзіндік үлес қосып келеді. Ауданда 44 елді мекен, 18 ауылдық округтерде 1991 жылы халық саны 54 мың 928 адам болса, бүгінгі таңда тұрғындар саны 110 мыңға жетті. 30-дан астам этнос өкілдері бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай татулықпен өмір сүруде.
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, өткен ғасырдың 20-30-40 жылдары еліміздің түкпір-түкпіріне, соның ішінде, Байзақ өңіріне Ресей,  Украина, Молдавия, Қиыр Шығыстан, Кавказдан түрлі этнос өкілдері еріксіз қоныс аударған-ды. Ауданымызға қарасты барлық ауылдық округтерге, соның ішінде Сарыкемер, Түймекент, Қостөбе, Қызыл жұлдыз, Бурыл, Жетібай, Дихан, Темірбек, Үлгілі, Байзақ сынды елді мекендерінде орыс, шешен, балкар, неміс, түрік, молдаван, күрд, кәріс, тағы басқа ұлт өкілдері отбасымен қоныстанып, жергілікті қазақтардың қамқорлығының арқасында өсіп-өнді. Мәселен, аудандағы 5 этномәдени орталықтардың: орыс (жетекшісі Л.Горр), түрік (жетекшісі М.Раджамов), кәріс (жетекшісі Н.Шин), неміс (жетекшісі В.Найденова), күрд (жетекшісі И.Алиев) жетекшілері этносаралық бітім мен келісімді нығайтуға сүбелі үлестерін қосуда.
Тəуелсіздік – өте қасиетті ұғым. Азаттықтың, еркіндіктің қадірін бодандықта болған адам  ғана біледі. Бізге керегі- бірлік. Қоғамдағы ұлтаралық  келісім мен саяси тұрақтылық — ең әуелі Отанымыздың  дамуы мен ел тыныштығының кепілі. Мемлекет басшысы: «Біздің халқымызға ең басты керегі – бірлік, ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылық», — деп атап көрсеткеніндей, халықтың тұтастығы, өзара сыйластық, басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынас орната алуы, экономиканың дамуы, жоғары мəдениеттілікке қол жеткізуі – осының бəрі де тек қана халықтың ауызбірлігі арқылы жүзеге асырылады. Тəуелсіздік ынтымақтың қадірін білген елде ғана баянды болады. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» — деген сөздің астарында терең мағына жатыр.Сондықтан халқымызды бірлігінен, татулығынан айырмасын. Ынтымағы бар елдің ырысы мен берекесі мол болатындығын уақыттың өзі дәлелдеді.
Тәуелсіздік үлкен мен кішіге үлкен міндеттер жүктеп отыр. Ең бастысы — елге, ұлтқа адал қызмет ету.

Төленқұл ПАПИЕВ,
ауданның Құрметті азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.