Көшпелі қоғамдық қабылдау өтті

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, азаматтардың проблемаларын шешуге, заңдылық пен құқық тәртібін сақтауға бағдар бере отырып, халықпен тікелей диалогты орнату мақсатында  аудан әкімі Бақыт Қазанбасов Үлгілі ауылында болып, тұрғындармен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдады.
Қабылдауға келген ауыл тұрғындары өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтты. Еңбек ардагері Нағима Даусариева ауылдың орталық көшесінің соңында орналасқан 20-30 үйдің иелері арықтың жоқтығынан  ағын суды пайдалана алмай отырғандығын айтса, “Сарыөзек” СПК-ның басшысы Шаяхмет Ибраимов 1986 жылы салынған Медеу каналына жөндеу жұмыстарын жүргізуге және 4-бұрылыс Исмаилов көшесінің жолын жөндеуге көмек сұрады. Ағыбай Нұрбеков  каналдар бойындағы шлюздерді тазалауға көмек беруін өтінді. Ауыл қариясы Сембек Әлімбек үйінің жанынан өтетін көшеге Қостөбе ауылының тұрғындары блок қойғандығын, сондықтан автокөлік өте алмайтындығын айтып шағымданды. Ауыл тұрғындары Алмагүл Имарова мен Аманкүл Туғанбаева өздері тұратын 4-бұрылыс Исмаилов көшесінде электр жарығының тым әлсіздігіне, сымдардың бір-біріне айқасып қалатындығына алаңдаушылық білдірді. “Тазалық”  жеке кәсіпкердің қоқыстарды уақытында шығармайтындығын да жасырмады. Еңбек ардагері Әділхан Садуақасов аудан басшылығына ашық аспан астында қабылдау өткізіп отырған игілікті ісіне алғысын білдірді.
Қабылдауда ауыл халқының сұраныстары ғана қабылданып қоймай, өз кәсібін бастаймын деген азаматтарға да кеңестер берілді.
Аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы бұқара тарапынан айтылған мәселелердің бірін сол жерде шешіп, тиісті азаматтарға нақты тапсырма берді. Кейбір түйінді мәселелер назарға алынып, ол бойынша алдағы күндері жұмыс жүргізілетіндігін айтты. Мұнымен қатар, аудан әкімі «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын ұлғайту» пилоттық жобасына енген Үлгілі ауылының тұрғындарына аталған жобаның тиімділігін айтып, қажетті құжаттарды заңдастыру қажеттігін түсіндірді.

Гүлшахар Әбдіқұлова

Leave A Reply

Your email address will not be published.