Ана мен балаға қамқорлық

0

Ата Заңымызда мемлекеттің негізі – адам капиталы екендігі анық жазылған. Елбасы-Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында ана мен баланы қорғау, отбасының тұрақтылығы мен әл-ауқатын арттыру, бала тууды ынталандыру мәселесі назардан тыс қалған емес.
Елімізде ана мен балаға әлеуметтік қолдау жасау,  халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, аналар мен балаларға арналған 4 мемлекеттік жәрдемақы (мемлекеттік бюджеттен)  және 2 төлем түрі (мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан) бар.
Мысалы, 2021 жылы бірінші, екінші, үшінші баланың туылуына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 38 айлық есептік көрсеткішті (110 847 теңге) құрайды. Ал, төртінші және одан да көп балаға 63 АЕК (183 772 теңге) беріледі.
Бала бір жасқа толғанға дейін төленетін мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан беріледі және оның мөлшері төртінші балаға дейін көбейіп отырады. Мысалы, бірінші балаға 16 802 мың теңге, екінші балаға 19 865 мың  теңге, үшіншісіне 22 899 мың теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 25 962  мың теңге беріледі.
2008 жылдан бастап жұмыс істейтін ата-аналар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілік және босануға байланысты төлем алу құқығына ие болды.
Жүктілігіне және босануына байланысты жәрдемақыға орта есеппен айына 100 азаматша өтініш білдіреді.
2010 жылдан бастап мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршыларға да жәрдемақы беріле бастады. Мұнымен қатар, 2010 жылдан бастап көпбалалы аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапаттау тәртібі өзгерді. Бала санын жетіге жеткізген аналар «Алтын алқа» иесі атанса, алты баласы барларға «Күміс алқа» беріледі. Бұған қоса, алқалы аналарға төленетін жәрдемақы 6,40 АЕК-ке, яғни 18 669 теңгеге дейін артты.
Тағы бір төлем түрі – кәмелетке толмаған төрт және одан да көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы. Бұл 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент баласы барларға да қатысты. Сондай-ақ, аталған жәрдемақы отбасының табысына қарамастан беріледі.
Бүгінгі таңда аудан халқы 110 мыңға жетті. Бала туу көрсеткіші де жыл сайын артып келеді. Аудандағы 2 226  алтын және күміс алқалы аналарға маусым айында  41 557 194  теңге төленді. 2021 жылдың 6 айында 75 399 873 теңге көлемінде 2 435 адамға бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлем берілді. Нақырақ айтсақ, 18 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған 3 902 адам маусым айында 205 196 459 теңге қаражат алды.
Қорыта айтқанда, ана мен баланы әлеуметтік қолдау – отбасын нығайтуда мемлекеттің алдында тұрған басым міндеттің бірі. Сондықтан ана мен бала мәселесі және олардың құқығы мемлекет үшін қашан да маңызды.

Мият Биторсықов,
“Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалының Байзақ ауданының әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.