Отбасы институтын нығайту — басым бағыт

0

Әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ашып, келген қонақтарды таныстырды.
Алғашқы сөзді алған ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова  ұрпақ тәрбиесі, ұлттық тәрбие, обал-сауап, ұят, отбасы құндылығы жөніндегі ойын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Отбасы институтын нығайту» Заңы қаралып жатқандығын, елімізде әйелдердің құқығын қорғау, отбасы құндылықтарын қастерлеу, отбасы институтын нығайту бойынша қолға алынған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында “ Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес” деп атап көрсетілген.
Ауылды дамыту — мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Сонымен бірге, ауыл әйелдерінің әлеуетін нығайтуға ерекше мән беріліп келеді. Әсіресе ауылда кәсіппен айналысатын  нәзікжандылардың бәсі жоғары. Олар шаруа қожалықтарын басқарып, әртүрлі кәсіп ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр,- дей келе, депутат отбасы институтына мән беру керектігін атап өтті. Елдің көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді ортаға салуға шақырды.
Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Ермеков бала жөнінде декреттік демалыста отырған аналардың жалақысы үш жылға дейін сақталынса деген пікірін білдірді. Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Гүлбахрам Ермекова қайтарымсыз несиеге ие болған көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың жауапкершілігін арттыруды, «Жадыра» шаруа қожалығының  жетекшісі Гүлнәр Дәулетбаева шопан мамандығының мәртебесін көтерудің қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды уақытша қарау  үшін мемлекет есебінен орталық ашу, несие каникулын ұзарту, қайтарымсыз грант  көлемін көбейту турасында ұсыныстар айтылды.
Алқалы жиында көтерілген мәселелер төңірегінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары  Салтанат Тұрсынбекова пікірлерімен бөлісті.
Жиынға ардагерлер, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, ата-аналар комитетінің, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

*    *    *

Келелі жиыннан соң Ләззат Керімқұлқызы бастаған комиссия мүшелері Мырзатай ауылдық округіндегі «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, сою цехының тыныс-тіршілігімен танысты. Серіктестік басшысы Фарида Жүнісова  құс етін тереңдетіп өңдеу фабрикасының қуаттылығы, шығарылған өнім көлемі, тауарды экспортқа шығару турасында мәлімет берді.

2016 жылдан бері жұмыс жасап жатқан фабрика құс етін өндіруді жылына 8 мың тоннаға дейін еселеп отыр. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтың сұранысын қамтуда. Қазіргі таңда кәсіпорында  230 жұмысшы еңбек етуде. Биылғы жылдың мамыр айында Ресей Федерациясына жалпы сомасы 122 млн. теңгені құрайтын  175 тонна құс еті және 200 тонна ет-сүйек ұны экспортқа жіберілген.
Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов мәртебелі қонақтарға өңірдегі өнімді тірліктерден ақпарат беріп, оларға ел атынан алғыс білдірді.

Гүлшахар  Әбдіқұлова

Leave A Reply

Your email address will not be published.