Жұмысшы топ– құм өңірінде

0

Бүгінде бір елді ғана емес, әлемді жайлаған есірткі мәселесі өршіп тұрғаны белгілі. Оған қарсы күрес жүргізу үшін дүние жүзі мемлекеттері аянып қалып жатқан жоқ. Соның ішінде Қазақстан Республикасы  да есірткіге қарсы күресте мемлекеттік саясат жүргізіп, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресуде.

Осы мақсатта, жуырда аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың №80-Н/Қ өкімі негізінде аудан әкімдігі жанындағы нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жұмысшы тобы құрылған болатын. Аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбек жетекшілік ететін жұмысшы топ құрамына аудандық прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесі, полиция бөлімі, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі, ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі мен ауыл, ауылдық округтер қамтылды.
Аталмыш топ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін – өзі басқару туралы», «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» және де «Есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарын басшылыққа алып, өз жұмыстарын бастады.
Алдымен ауданның құм өңірінде құрамында есірткі және психотроптық заттар бар өсімдіктерді өсіруге және жинауға тыйым салынатындығы жөнінде ескерту жұмыстарын жүргізіп, оларды шауып, сараптама қорытындысы арқылы өртеп жою үшін жұмыс тобының кестесі бекітілді. Бекітілген кестеге сәйкес, жұмысшы топ алғашқы іссапарын Суханбаев ауылдық округіне қарасты құм өңіріндегі шұраттардан бастады.
Құм жиегіне кірген беттен жұмысқа кіріскен топ мүшелері құрамында есірткі және психотроптық заттар бар өсімдіктерді іздеп, жиырма шақырымға жуық жолды артқа тастады. Түс мезгілінде іздеу өз нәтижесін беріп, құрамында есірткі және психотроптық заттар бар өсімдіктер өскен алқап кездесті. Алқаптағы өсімдік анықталған соң «Беларусь 80.1» маркалы трактор шалғысымен оруға кірісті. Орылған өсімдіктерді Суханбаев ауылдық округі әкімі аппаратының ақылы қоғамдық жұмысшылары тырмалап, дестелеп жинады. Жиналған өсімдікті топ мүшелері, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы департаменті Байзақ аудандық бөлімшесінің қызметкері Әлібек Жумалбеков, аудандық полиция бөлімінің есірткіге қарсы іс – қимыл тобының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мадияр Мейірқұл, учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Руслан Сейтхан мөрлеп, хаттама толтырды.

Айта кетейік, осы бағыттағы жұмыстар алдағы шілде айының алғашқы онкүндігіне дейін жалғасатын болады. Бекітілген кесте бойынша Жалғызтөбе, Ботамойнақ, Жаңатұрмыс, Түймекент, Дихан, Сазтерек, Ынтымақ, Көптерек және Темірбек ауылдық округтерінде жүргізіледі. «Қарасора» кең ауқымды операциясы жыл сайын маусым мен қазан аралығында қарасора өсетін кезде өткізіледі.

Жасұлан ҮСЕНБАЕВ,
аудан әкімі аппаратының бас инспекторы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.