Тәуелсіздік тірегі – ел бірлігі

0

Ата-бабаларымыз еркін ел болу үшін талмай күресті. 1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақ елі өз алдына дербес мемлекет болды.
“Біздің аталарымыз қазіргі Қазақстандай ұлан байтақ елді, өзіндік мәдениет және ерекше асқақ рухпен қорғады және бізге мұра етіп қалдырды.
Менің кезімдегі ұрпаққа тәуелсіз Қазақстанды құруды алға қоя отырып, ел тағдырын сеніп тапсырды. Бұл қиын әрі тарихи жауапты міндет болатын, біз оны орындадық”, — деп  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, бүгінде еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай белгіленді. Мемлекеттік рәміздеріміз бен Ата Заңымызды қабылдап, ұлттық валютамыз айналымға енді. Тұңғыш Президентіміз  ғасырлар бойы арманда өткен бабаларымыздан қалған кең-байтақ жерге Қазақстан деген тәуелсіз мемлекетті құрып, дүниедегі мықты деген елдердің қатарына көтерді. Сарыарқаның төсінен бой көтерген Нұр-Сұлтан қаласы — ел мақтанышына айналды.
«Дәуір данышпанды тудырады, данышпан дәуірді өзгертеді» дегендей,  еліміздегі өзгерістердің барлығы Елбасының мемлекет басындағы жанқиярлық еңбегімен, сарабдал саясаткерлігімен тығыз байланысты. Біз Елбасымен бірге жаңа дәуірдің бетін аштық. Жаһандық саясат пен әлеуметтік-экономикалық, рухани- мәдени қарым-қатынастар кеңістігінде тәуелсіз ел ретінде жүрер жолымызды, даму мүмкіндіктерімізді айқындадық. Бар болғаны  Тәуелсіздіктің 30 жылында ұлан ғайыр тірліктер атқарылды. Қазақ елі дүние жүзі бойынша ядролық қарудан бірінші болып бас тартқан ел ретінде тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Қазақстан  Республикасы БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың  мүшесіне айналды.
2010 жылы Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасады. 56  мемлекет басшысының басын біріктірген Астана саммиті де жоғары дәрежеде өтті. 2017 жылы Астанада өткен “ЭКСПО-2017” көрмесі еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттырды. Тәуелсіздіктің арқасында төрткүл әлемге тарыдай шашыраған 1 миллионнан астам қандастарымыз тарихи отанына оралды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұстанымдары: Келісім, Теңдік, Бірлік, Татулық,  Ынтымақ, Достық сынды құндылықтар. Осылайша, Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігі мен мемлекет тұтастығының темірқазығына айналып, татулыққа бастар алтын арқау болды. Бүгінде киелі қазақ жерінде 130-дан астам этнос өкілдері  тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұрпақ өсіруде.
Тұрақтылық, бірлік, татулық-мемлекетіміздің тұтастығына тірек болуда. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: «Біздің қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де Заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар – бір туған жердің балалары. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір – біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі» екенін атап өтті.
Біздің мемлекетіміздің саяси бағыты егеменді Қазақстан халқының еркін дамуына, өз тілінде сөйлеуіне, өз тарихы мен мәдениетін оқып білуге негіздейді. Осындай ұлттың үміті мен сенімін бір арнаға тоғыстырған дархан пейіліміздің арқасында жаңа Қазақстандағы жасампаз істерді барша әлем мойындауда.
Ел қуаты — бірлікте. Бірлік салтанат құрған жерде табыс та, тыныштық та, өсіп-өркендеу де болады. Бұл орайда Елбасы “Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес, ала алған да емес, қазақ, әсіресе, алауыздықтан, әлсіреген, күшейсе, бірлікпен күшейген. Бабаларымыз өзгелердің төріне шығу үшін  өзі де меймандарына қақ төрден орын беріп, құрмет көрсеткен,-деп ой қорытады.
Елбасының әрбір бағалы бастамасы – Ұлт Тәуелсіздігінің берік негізін қалауға және оны көздің қарашығындай сақтауға бағытталған. Ал, бұл ата-бабаларымыз бен кешегі Алаш арыстарының мың жылдық асыл арманы, ұрпағына қалдырған үкілі аманаты еді.
Алтайдан Атыруға дейін созылып жатқан Ұлы даламызда өркен жайған егемен еліміз жаңа дәуірдің даму  биігінде тұр. Бұл тұста, елін алға, ұлтын мұратқа жетелеген Елбасының мемлекет тұтастығы мен ұлт бірлігі аясындағы сындарлы саясаты бүгінде өз жемісін беруде.
Біз ата-баба аманатына адал, тағдыры бір, Отаны ортақ елміз. Ауызбіршілігі жарасқан көпұлтты халықпыз. Жаһандық қиындықтар адам баласына бардың  қадірін білуге, тыныштық пен бейбітшіліктің қасиетін сезінуге үйретті.Ұлттық құндылықтарды қастерлеп, адал еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосу, өмірлік мәні бар тірлікпен айналысу игілігін беретіндігін, қандай қиындық болса жеңетін қуатты күш — татулық пен бірлік екендігін  көрсетті. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қол жеткізген жетістіктерімізді сақтап, ұлт Тәуелсіздігін нығайту, мемлекет тұтастығын көздің қарашығындай сақтау екендігін сезіндік.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “ Біз Тәуелсіздіктің жалғыз тірегі-бірлік екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек. Бізге қазақтың бірлігі, жалпы еліміздің тірлігі қажет. Біздің Отанымыз-ортақ, тілегіміз бір, мақсатымыз-жалғыз. Ол-жері жұмақ, елі бақытты Отанымыз, Қазақстанымыз”, — деген болатын. Сондықтан Елбасының ерен еңбегі және қазақстандықтардың бірлігі арқылы  қолымыз жеткен Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында аянбай еңбек ету-бәрімізге жүктелген міндет екендігін естен шығармайық.

Гүлнар Қосымова,
ауданның Құрметті азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.